Футболдан Қазақстан федерациясының УЕФА құрамына кіргеніне биыл – 22 жыл. Осы уақыт аралығында аладоп бәсекесіндегі талай тартысқа куә болдық. Тарихи кездесулерде жеңіске жетіп, бөрігімізді көкке лақтырдық.

Ұлттық құраманың УЕФА ұлттар лигасында асығы алшысынан түсті деуге болды. Жеңіс жорығы жалғасын тауып әлемдік деңгейде үздік ондыққа кіретін Дания секілді алпауыт құрамаларды сан соқтырдық. Осылайша ұлттар лигасының С тобынан В тобына көтерілдік. Мақсат – ұлттар арасындағы басты додада топ жару. Бірақ, қазіргі сәтте В тобындағы жағдай біз ойлағандай болмай отыр. Өйткені 1 аптаның ішінде екі бірдей кездесу өткізген құраманың нәтижесі көңіл көншітпей тұр.

Былай ғой, Қазақстан ұлттық құрамасының топтағы негізгі қарсыластары Норвегия, Аустрия және Словения құрамалары. Қыркүйектің 6-шы жұлдызында Алматыдағы орталық стадионда ұлттық құрама бапкері С.Черчесов өзінің дебюттік кездесуін өткізді. Абырой болғанда,С.Сольбаккен шәкірттері, яғни норвегиялықтармен тең тарқасып, 1 ұпай еншіледік. Осылайша «Біздің жігіттер үздік ойыншылармен толыққан құрамға мүмкіндік бермеді» деп қошеметімізді жаудырдық. Шыны керек, ол кездесуде ел аяқдопшылары намысқа тырысып, жанкүйерлерін қуантты. Қорғаушылар – Нұралы Әліп, Әлібек Қасым, Александр Марочкин үштігі сыр бермей, қақпадан саңылау табуға мүмкіндік бермеді. Осылайша атақты Лондондық «Арсенал» ойыншысы Мартин Эдегор, «Манчестер сити» жұлдызы Эрлинг Холланд, «Атлетико» шабуылшысы Александр Сорлоттың алаңнан қанжығасы майланбай кетті.

Ал ұлттық құраманың 9 қыркүйек күні Словенияның Любляна қаласындағы Стожице стадионында өткен ойыны күллі қазақ жұртын жабырқатып қойды. Аяқдопшыларымыз қарсылас қақпасына гол соқпастан 3-0 есебімен ойсырай жеңілді.

Ашығын айту қажет, Словения құрамасының шабуылшысы жалғыз Шешко ойынның тағдырын шешті. Германиялық «РБ Лейпциг» ойыншысы үш голдың авторы атанып, қорғаныстың тас талқанын шығарды. Норвегиямен ойында қорғаушыларды көп мақтап қойсақ керек, олар бұл кездесуде мүлдем белсенділік таныта алмады. Жеңілістен соң ұлттық құрама бапкері Станислав Черчесов «Біз сегіз сағат ұштық, бұл өте ұзақ уақыт. Сондай-ақ, Словения өте мықты қарсылас. Олар өте жинақы ойнап, өздерінің алаң қожайыны екенін көрсетті» деді.

Отандық футболшылар келесі кездесуді 10 қазан күні Аустрия құрамасына қарсы сырт алаңда өткізеді. Топтың соңғы орнына жайғасқан жігіттердің алдағы ойындарда ес жинауы қажет. Әйтпесе, біз үшін ұлттар лигасының басты додасы көзден ғайып болғалы тұр.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!