Қызылорда облысында Отбасы күніне орай «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» атты мерекелік жиын өткізіліп, мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы «Алтын той» неке туралы арнайы мерейтойлық куәліктерді табыс етті.

50 жылдан астам бақытты және берік некеде тұрған облыстың 10 үлгілі отбасына «Алтын той» неке туралы арнайы куәліктері берілді. Құрметті куәліктерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Аида Әбибуллаева салтанатты түрде табыстады.

– Бұл іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа, жас отбасыларға отбасы құндылықтарын насихаттау. Отбасылық құндылықтар – бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер. Ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналарымыз қуаныш пен қайғыға, қиындықтарға қарамастан бірге болып, бір-бірімізді қолдау керек екенін көрсетті, – деді Аида Ибрагимқызы.

Ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бір шаңырақ астында 50 жыл бойы парасатты ғұмырды бірге көріп келе жатқан жандардың бірі – Құлмырзаевтар отбасы. Жұбайы Серік әскерден кейін Жосалы ауылында өзінің мансабын «ДЕУ-50» мекемесінде қарапайым жұмысшы ретінде бастап, ауыл әкімінің орынбасарына дейін көтерілген. 1974 жылы отау құрған Серік пен оның жұбайы Балкүл 7 бала өсіріп, бүгінде немерелер тәрбиелеп отыр. Ерлі- зайыптылардың айтуынша, берік отбасының кепілі өзара түсіністік пен қолдауда.

– Отбасы апталығында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Адалдық, құрмет, өзара түсіністік – мұның барлығы берік және бақытты отбасының негізі. Мықты отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі. Осы тамаша мерекеде мен әр отбасына жақсылық, бейбітшілік пен амандық тілеймін, – деді Серік Құлмырзаев.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күні атап өтілді. Әр күнге «отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру», «отбасын жоспарлау», «саналы ата ана болу», «дені сау ұрпақ», «мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі», «отбасылық әл-ауқат», «отбасылық демалыс-бақытты болашаққа инвестиция» атты белгілі тақырып бөлінді.

Аслан САҒЫНДЫҚ,
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясының Қызылорда
облысы бойынша филиалының
PR-менеджері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!