Фото: kazinform.kz

Астанада әлемге әйгілі әнші, отандасымыз Димаш Құдайбергеннің «STRANGER» атты жеке концерті өтіп жатыр. «Астана Арена» стадионы көрермендерге лық толы, ал жанкүйерлері өте белсенді, деп хабарлайды Nur.kz.

«Бүгін мен үшін ерекше, ұмытылмас күн. 5 жасымда менің өнерге деген бетбұрысымды байқап, анам аяғының ауырғанына қарамастан, күнде өнер мектебіне апаратын. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендеріммен қазақша әнді бірге шырқасам деймін. Сіздерге көп рақмет, қолдауларыңызды сезініп, ерекше шабыттанып тұрмын», – деді Димаш Құдайберген концерт барысында.

Мәдени кешті ұйымдастырушылардың айтуынша, Димаш Құдайбергеннің жеке концертіне әлемнің 80 елінен 10 мыңнан астам шетелдік қонақ келген. Олардың қатарында Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Польша, Беларусь, Ирландия, Чехия, Венгрия, Финляндия, Өзбекстан, Германия, Норвегия, Түркия және т.б. елдер бар.

Димаштың жеке концертін ұйымдастыруға 200-ден астам кәсіпқой маман атсалысқан. Сахнада Димаш Құдайбергенмен бірге 350-ден астам адамнан тұратын халықаралық топ, соның ішінде Қазақстан, Қытай, Ресей, Украина, Камерун, Гана, Уганда, Мексика, Испания және Кениядан келген бишілер, оркестранттар, әншілер өнер көрсетіп жатыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!