Фото: ЖИ

Қазақстан бойынша әскерге шақырудың күзгі науқаны басталған соң, армия қатары 20 мың сарбазбен толығады деп күтілуде. Отанды қорғау әр азаматтың борышы болғанымен, олардың өмірі мен қауіпсіздігіне кепілдік бермейтін жүйе алаңдатпай қоймайды. Бұған себеп те бар. Өйткені әскердегі қайғылы оқиғалар күн тәртібіндегі өзекті мәселенің қатарынан өшпек емес. Ал темірдей тәртіпті мызғымас міндет деп білетін қазақы қоғамда мұндай жағдай неге көбейді?

Әскерге шақырылған жас сарбаздар Отан алдындағы міндетін атқаруға аттанғанымен, ондағы жауапсыздық, әлімжеттік бозбалалардың артынан келетін қаралы хабарды көбейткендей. Ал сарбаздардың бір-біріне қысым көрсетуі қалыпты жағдайға айналып, жасырын қылмыс қатарына қосылғандай. Олардың басым бөлігі психологиялық тұрғыдан шыдамай, қыл үстінде қалған өмірін ойланбай қиюға дейін баратыны да жасырын емес. Бұл – тек сарбаздардың жеке қасіреті емес, бүкіл әскери жүйенің әлсіздігі мен құлдырауының айқын көрінісі тәрізді.

Бұл тақырып жуырда тағы бой көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға Жолдауында әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігіне тоқталған еді.

«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындау үшін темірдей тәртіп болу тиіс. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте 4 ер баланың әкесі Бекзат (кейіпкердің рұқсатымен есімі өзгертілді) «Үлкен балам оқуын тәмамдап, сарбаз атанатын жасқа келді. Бұрын мен де әскери өмірді көріп, Германияда 2 жыл борышымды өтедім. Ұлдарымның да ер жігіт ретінде Отан алдындағы парызын орындаса деймін. Әскерге жіберіп, бірақ аман-есен оралатынына толық кепіл жоқ екені ата-ана ретінде мені қатты алаңдатады» деді ол.

Мемлекет басшысы түйткілді айқындап, пәрмен берді. Ал сала мамандары не дейді? Бұл мәселе туралы еліміздің Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 2 жыл алдын «Бірінші кезекте жастар өз өмірін не себепті қиып жатқанын түсіну керек. Бұған тек әскер ғана кінәлі емес. Әскерге келген жігіттің өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктеледі. Дегенмен олар әскерге азаматтық қоғамнан келеді және жастардың өздерінің проблемалары да болады» деді. Ал былтыр ол жастардың әскерден қашуын тәрбиедегі олқылықпен байланыстырды. Жуырда мәжіліс депутаты Айдос Сарым өңірлердегі әскери бөлімшелерді аралап, Қазақстан әскеріндегі жағдайдың жақсарып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскердегі қылмыстардың саны азаюда.

− Кей сарапшылар немесе интернеттегі белсенділеріміз айтқандай, әскерде күнде бала қырылып жатқан жоқ. Әрбір болатын факт, ол – үлкен трагедия және резонансқа айналған дүние. Сондықтан тергеуді күшейту керек. Жауаптылар жазасын алсын, − деді ол.

Сондай ақ мәжілісмен әскердегі әжетханалардың ішіне дейін бейне бақылау камералары бар екенін айтты. Сонда әскерге қанша қаржы бөлінеді? «GlobalFirePower» халықаралық ұйымының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан өткен жылы әскери шығындар бойынша 145 ел арасынан 42-орынға тұрақтаған. Деректерге сүйенсек, елдегі әскери қажеттіліктерге 7,5 миллиард доллар жұмсалған. Ал биыл қорғаныс шығыны 1,3 триллион теңге болады. Осы жылы әскери техниканы сатып алуға кеткен шығындар өткен жылмен салыстырғанда 36,8%-ға өскен. Бірақ 2025-2027 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджет жобасының таныстырылымында мәжілісмендерге еліміздің қорғаныс саласына бөлінген қаржы ұнамаған көрінеді.

Әлемдік рейтинг бойынша Қазақстан тұрақты әскери күшімен биыл 58-ші орынға көтерілсе, өткен жылы 63-ші орынға ие болған. Бұл қорғаныс қабілетін арттыру бағытындағы елдің жетістіктерін көрсетеді. Дегенмен әскери саладағы оң өзгерістерге қарамастан, кейбір түйткілді мәселелер әлі де бар.

Сандар сөйлесе…

2020 жылдан бері елімізде 270 әскери қызметші қайтыс болған. Нақтыласақ 2020 жылы 78 адам, 2021-де 96, ал 2022 жылы 85 әскери қызметші көз жұмды. Жақында Ұлттық ұлан 3 жыл 9 ай ішінде 58 әскери қызметшінің қаза тапқанын ресми мәлімдеді. Оның 11-і сарбаз болса, қалғаны офицерлер мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметкерлер. Бұл мәліметтер Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетовтің баяндамасында айтылды. Бұл өлімдердің бірқатары қаңтар оқиғасы кезінде, жол апаттарында, аурудан немесе электр тоғының соғуынан болған.

Көз көріп, құлақ естіген оқиғалар

Бүгінде «армияны» естігенде жастардың басым бөлігі бұл тақырыптан алшақтап, түрлі себеппен әскери борышын өтеуден қашады. Бірі қаланың тіршілігімен әуре болып, жұмыс істеп жүрсе, енді бірі оқуға арқа сүйеп, білімін жалғастырады. Біреулер отбасының жалғыз перзенті болса, басқалары – отбасын асыраушы. Бұрын әскерге бару мәртебе саналғанымен, қазір олар әскердегі тәртіпсіздік пен қатыгездіктен қорқады.

Ал жерлесіміз Нұрланның (кейіпкердің рұқсатымен есімі өзгертілді) айтуынша, әлімжеттік пен қысым туралы айтылатын әңгімелердің бәрі шындыққа сәйкес келе бермейді.

– Әскерде болғандықтан, жағдайды өз көзіммен көрдім. Қоғамды шулатқан әңгімелердің барлығы шындыққа сәйкес келе бермейді. Сарбаздар арасындағы суицид пен қиындықтардың бәрі тек әскердегі жағдайдан емес екенін түсіну қажет. Қазір көп жігіттер моральдық тұрғыдан әлсіз, дайын емес. Себебі оларды өмірге шыдамдылықпен емес, жайлылықпен дайындап жіберген, – деді азамат.

Өткен айда Шымкентте әскерге шақырылған Бехруз Равшанбековтің әскери комиссариаттың терезесінен секіріп кеткені жөнінде ақпарат тарады. Жағдай Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны Бехрузды әскерилердің көшеде әжесімен бірге жүргенде тоқтатып, ешбір шақыру қағазынсыз әскери комиссариатқа мәжбүрлеп алып кетуінен басталған. Оқиғаның ең сорақысы әскерилер оны әскерден босату үшін 500 мың, кейіннен 800 мың теңге ақша талап еткен. Жол-жөнекей басталған бұл қысым әскери комиссариатта одан әрі жалғасып, Бехруз қорқыныштан терезеден секіріп кетуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, бұған дейін әскерге қатысты ешбір шақыру қағазы берілмеген.

Мұнан бөлек өткен жылы Алматы облысындағы №3660 әскери бөлімінің сарбазы Сапархан Қауынбай әскердегі әлімжеттік туралы шағым жасады. Ол жоғары шенді сарбаздардың тарапынан күнделікті соққыға жығылып, физикалық және психологиялық қысым көргенін мәлімдеді. Әлімжеттік жағдайында оны жұдырықпен, шынтақпен ұрып, еш себепсіз қол көтерген.

Ал 2022 жылы дауыл кезінде қаза тапқан сарбаз Алмас Шәкімовтің денесіне былтыр туысқандары эксгумация жасатты. Сол уақытта марқұм сарбаздың әжесі Күлмайда Туғанбаева «Алматының әскери прокуратурасынан әділдік болмады. Өзіміздің Бас прокуратураға, Астананың әскери прокуратурасына бардық. Бәрінен де әділдік, шындық болмады. Істі жылы жаппақшы» деген еді. Олардың айтуынша, марқұмның денесінде сау жер жоқ. Иығы, екі аяғы сынған, санына шеге тыққан, басы жарылған. «Мұның барлығы әскердегі әлімжеттік, Алмастың ажалы адам қолынан болды» деді туған-туыстары.

16 қыркүйекте Арыс гарнизонында қызмет етіп жүрген әскери қызметші өзіне қол салмақ болған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол өзіне травматикалық қарумен оқ атқан. Оның мұндай қадамға отбасылық жанжал салдарынан барғаны анықталды. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Әскердегі қызметшілерге психологиялық көмек көрсету және олардың отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселелері жеткілікті деңгейде шешілмеген. Бірақ армиядағы қайғылы оқиғаларды тек әскери жүйенің әлсіздігімен түсіндіру мәселеге үстірт қараумен пара-пар. Қоғамда «Әскерге барсаң аман қайтпайсың» деген пікір қалыптасқан. Бұл, әрине, соңғы жылдары болған оқиғалардың негізінде туындады. Алайда әр сарбаздың артында оның жеке өмірі, отбасылық жағдайы бар. Мәселен, әскерде қиындыққа ұшыраған сарбаздың психологиялық әлсіздігі тек әскери тәртіпке төтеп бере алмауында емес, оның әскерге келгенге дейінгі өмірінде болған ауыртпалықтарында да жатыр. Сол үшін әскери жүйеде ішкі тәртіп пен талап қатаң болуы керек, бірақ тек физикалық емес, психологиялық қолдаудың да орны бөлек.

Ал Ербаян Мұхтардың жағдайы – аталған мәселелердің қаншалықты тереңде жатқанын айқын көрсетеді. Ұлттық ұландағы қызметін адал атқарып жүргенде, әскерилердің айтуынша, ол «Жай ғана құлап қалған». Бірақ осы оқиғаның арты оның алты ай бойы комада жатуына әкелді. Қазір Ербаянның өмірін құтқару үшін 230 миллион теңге жиналды. Бірақ жиналған қаражат емнің алғашқы үш айына ғана жетеді.

Сонымен қатар Алматыдағы 5574 әскери бөлімінде Алмаз Шахимовтың қазасы бастапқыда «шатыр құлады» деген нұсқамен түсіндірілсе, кейін анасының жүргізген зерттеуі бойынша денесінде пышақ іздері табылған.

Мұнан кейін әскерге кім барады?

– Әскерге баруға дайындалып жүрмін. Бірақ шынымды айтсам, қорқыныш бар. Соңғы кездері әскердегі жағдайларды естіп, іштей үрей туды. Әлімжеттік пен қысым туралы айтылған әңгімелерден кейін мен секілді жастар әскерге бармауды жөн көреді, рас. Сол үшін кей азаматтар да «Әскерде болу – парыз, бірақ өз өмірімнің қауіпсіздігі бәрінен маңызды» деген қағида қалыптасқан, – дейді 20 жастағы қала тұрғыны.

Өткен жылы әскер қатарын 37 мыңнан астам азамат толықтырды. Шақыру шаралары көктем мен күз айларында ұйымдастырылды. Әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенінің арқасында бұл науқандар мерзімінен бұрын аяқталып, 37 мың әскерге шақырылушының 16 мыңнан астамы Қарулы күштерге жіберілді. Қалған 21 мың азамат Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.

Биыл Қызылорда облысы бойынша 800-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіледі. Бұл туралы облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов айтты.

− Облыс азаматтарын мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Әуелі өңірдегі 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтарға шақырту қағазы жолданады. Одан соң азаматтар шақыру қағазында көрсетілген мекен жайға келіп, медициналық сараптамадан, тесттік және полиграфиялық тексерістен өтеді. Биылғы жоспар бойынша ҰҚК Шекара қызметіне 170, Ұлттық ұланға 280, мемлекеттік күзет қызметіне 10, ал Қарулы күштер қатарына 420 азамат жіберіледі, − деді Жасұлан Бөгенбайұлы.

Қазақстандағы әскери қызмет екі түрге бөлінеді: міндетті әскери қызмет және шартты әскери қызмет. Міндетті әскери қызмет 18-27 жас аралығындағы барлық ер азаматтары қамтиды. Отан алдындағы борышты өтеу заңмен бекітілген. Сондықтан бұл азаматтардың әскери қызметке шақырылып, қызмет атқаруы міндетті. Бұл процесс жыл сайын жүзеге асырылады, әскери бөлімдер жастарды дайындап, оларды мемлекеттің қорғаныс жүйесіне тартуды көздейді. Ал шартты әскери қызмет ерікті негізде жүзеге асады. Бұл жағдайда азаматтар әскери қызметке өз еркімен келеді және арнайы шартқа қол қояды. Онда қызмет мерзімі, міндеттер, жалақы және әлеуметтік кепілдіктер толық көрсетіледі. Бүгінде Қазақстанда төрт өңірлік әскери қолбасшылық бар. «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы. Сондай-ақ әр өңірге қарасты бірнеше әскери бөлім бар.

Қыркүйектің екінші жұмыс аптасында «ePeti – tion.kz» порталында Қорғаныс министрлігіне жолданған петиция жарияланды. Онда азаматтар әскерге шақыру жасын 18-ден 20 жасқа дейін көтеруді ұсынды. Петиция авторлары бұл ұсынысты жастардың психологиялық және физикалық жағынан 20 жасында әскерге дайын болатынын, сондай-ақ 18 жаста әскерге шақыру олардың білім алуына кедергі келтіруімен түсіндірді. Сонымен қатар жасты ұлғайту құқық бұзушылықтарды азайтып, әскери дайындық сапасын арттыруға септігін тигізетініне сенімді.

Түйін. Тақырыпқа тұздық болған сауалдың жауабына ойыссақ. Отан қорғау әр азаматтың борышы һәм парызы. Бірақ бұл борышты өтеу үшін тек физикалық күш емес, моральдық және психологиялық дайындық та қажет. Себебі жүйедегі кемшіліктердің салдарынан сарбаздарымыз жауға қарсы күресуге ғана емес, өз ішінде қалыптасқан жүйелік олқылықтарға да қарсы тұруға мәжбүр.

Сұрақ әлі де ашық. Отан қорғаушыларды кім «қорғайды?». Егер біз өз сарбаздарымызды құрметтеп, олардың құқықтарын қорғауды мәселенің басына қоймасақ, әскердегі мәселелер шешілмейді. Ал Отан қорғаушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы мемлекеттің басты назарында болуға міндетті. Себебі елдің қорғаныс қуаты тек қару-жарақпен емес, мықты, сенімді сарбаздармен өлшенеді.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!