Мұхтар Шаханов «Арманның аспанына құлаш ұрсам, арқамда асқар тау боп сен тұрасың» десе, мұзбалақ ақын Мұқағали «Әке, сенің жасыңнан асып барам. Кезі-кезі келгенде тасып та алам, кезі-кезі келгенде жасып қалам» деп әкеге деген сағынышын, махаббатын тереңнен толғайды. Мұны неге айтып отырмыз? Себебі, соңғы уақытта әлеуметтік желіде әкелерге қатысты «Жалғызбасты әкенің жайы» сынды көп тақырыптың түндігі түріле бастады. Асқар тау әкенің қоғамдағы рөлі қандай? Сонда «әкенің айтқанын балғадай, ананың айтқанын малтадай» көретін қазақ үшін шынымен асқар таудың аласара бастағаны ма? Қоғам ойына ой қосқаннан опық жей қоймаспыз, тақырыпты тереңнен тарқатып көрелік.

Шыны керек, бүгінде дөрекі мінезімен отбасының шырқын бұзатын ер-азаматтар баршылық. Отбасын асырай алмай отырғандары да жоқ емес. Қалтасы қалың қалыңдықтарды торуылдайтын «альфонс» жігіттерің тағы бар. Жасы біразды еңсерсе де үшінші, төртінші әйелдің қолына кіріп алуды ар көрмейтіндер де табылып жатады.

Бұған не себеп? Жұмыстың жоқтығы, тұрмыстың нашарлығы ма? Әлде бар кінәні жаһанданудың тигізіп жатқан әсеріне балаймыз ба? Кешегі бабалардың жүріп өткен жолын қарасақ, «Еркек – үйдің иесі, әйел үйдің шегесі» еді ғой.

Өткен жылғы «Wisevoter» мәліметінше, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемдегі 114 елдің ішінде 16-шы орында тұр. Кінәні кімнен іздейміз?

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Жыл басында Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін заң жобасы талқыланды.

Бұл Мәжіліс депуттатарының арасында ғана емес, қоғамда да үлкен пікір тудырды. Әлеуметтік желідегі қауымның ойы да екіге бөлінді. Байқауымызша, заң жобасын қолдайтындарға қарағанда сыни пікір айтушылардың қатары көп. Әрине, бала мен ананы заң арқылы қорғауға ешкім қарсы емес. Қарсылық білдіруші кейбір әйелдер сол заң аясында ойына келгенді істей ме деп алаңдайды.

«Әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі» қазақ танымында, салт-дәстүрі негізінде діңгегі мықты қалыптасқан жүйе. Сол жүйені кешегі кеңестік билік бүлдіргені рас. Баланы әкеге, қызды анаға қарсы қойды. Еріне бағынбайтын, жігітті менсінбейтін, тең құқылы әйел мен қызды тәрбиелеп шығарды. Осылайша қазақ қоғамында әйел теңдігі деген желеу бүгіндері гендерлік саясат деген атаумен түрленіп шыға келді.

ӘКЕ РӨЛІ НЕГЕ ТӨМЕНДЕП БАРАДЫ?

Айдын күннің аманында бауыр еті баласынан бас тартып кеткен кейбір «аналардың» кесірінен бұл ауыртпалықты жалғыз көтеруге мәжбүр болған жалғызбасты әкелердің жайын кім ойлайды? Шындығында ешбір заңнамалық құжатта жалғызбасты әкелердің рөлі мен мәртебесі бекітілмеген. Тіпті олардың жалғызбасты аналарға ұқсас құқығы да жоқ. Ажырасқан әкелердің 30%-ы балаларымен кездесе алмай, сотқа қайта жүгінуге мәжбүр болып жүрген көрінеді.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи әкелердің рөлі төмендеп кеткенін айтып, «оны көтеру үшін не істемек керек?» деп ұсыныс тастады. «Біз осы заң жобасының табиғатынан әкенің рөлін, ер азаматтың рөлін «сүмірейтіп» жіберген жоқпыз ба? Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы қазақ екенін білеміз. Осы залда отырғандардың көпшілігі «әкең келе жатыр», «осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік. Осы тұрғыдан келгенде бір әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін «Бәлкім отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?!» деген ойын ортаға салды. Осы көтерілген ұсынысқа қатысушылардың басым бөлігі қолдау білдірді. Демек бұл көптің көкейінде жүрген. Ал бұған қатысты Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова былай жауап қатты.

– Әке – асқар тау. Қазақтың отбасы институтында әкенің орны ерекше. Онымен бәрі байланысады. Бірақ біз бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелге жасалған озбырлыққа тосқауыл қоятын заңды көздеп отырмыз. Мен де ұлдарымыздың болашағы жайлы ойларым бар. Ел болашағын ұлдың болашағымен байланыстырған елміз. Бірақ Конституцияда ер мен әйел бөлінбейді. Қолдау білдірушілерге қатысты бұл бүкіл елдің сұрағы ғой. Жалпы әкелердің рөлін, отбасындағы жауапкершілігін, ерекше орнын белгілейтін заң қажет болса, бірінші болып қабылдауға өзім де атсалысқым келеді, – деді ол.

Сөзінің соңында депутат бүгінгі заң жалпы бүкіл азаматқа қажет екенін айтуды да ұмытпады.

– Қоғам жаза күшейгеннен кейін жұдырық ала жүгірер алдында ойланар. Бұл құқықбұзушылықтың алдын алуды көздейді, – деді.

Иә, қоғам талқысына тасталған заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күрес – қоғам үшін ортақ мәселе және ол кеше ғана пайда болған жоқ. Баршаңызға белгілі, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жаза декреминализацияланғаннан кейін осындай салдарға тап болдық.

ӘЙЕЛДЕН ҚЫСЫМ КӨРГЕН ЕРКЕК НЕ ІСТЕЙДІ?

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай еркектердің құқығына алаңдайтынын бүкпеді. Айтуынша, қоғамда еркектен қысым көретін әйелдер ғана емес, әйелдерден қысым көретін еркектер де бар. Ұят па?

Депутат атап өткендей, отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Солардың қатарында ер-азаматтан қысым көрген әйел ғана емес, әйелдерден қысым көретін еркектер де жоқ емес.

– Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да жетерлік. Біз «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен буын едік. Қазір «мамам біледі», «мамамнан сұранайын», «мамам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр. Сондай-ақ Қарағанды қаласында болған 78 жастағы кейуананың өз баласынан зорлық-зомбылық көруі – осының бірден-бір себебі. Білегінен әлі кетіп, бойынан қуат кеткен шағында өзінің туған балаларынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналар да көбейіп бара жатқаны алаңдатады, – деді депутат.

Ұлттық идеология қанатын кеңге жайса, өткенге оралуға, бабалар даналығымен сусындауға әлі де кеш емес. Бастысы, барлығына ерте қадам жасау қажет.

ЖҰДЫРЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ МЕ?

2015 жылдан бастап отбасындағы зорлық-зомбылық жыл сайын өсуде. Соңғы мәлімет бойынша 90 пайызға артқан. Кейінгі бір-екі жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты тұрғындар полицияға 120 501 рет хабарласып, хабарлама жіберіпті. Алайда мамандар ұрып-соғудың соңында кешірімнің де барын айтып отыр. «Ұрады, соғады» деп бір-бірінің бетін көрместей боп отырғандардың бетін қайтару оңайырақ көрінеді. Керісінше, көбіне қаражат мәселесімен ұрысқан отбасылардың сақталуы қиын екен. Бұл жерде сарапшы мамандар негізгі мәселені жоқшылық пен жетіспеушілікке жаба салуға да болмайтынын айтады. Ажырасу эпидемиясының себебін тым әріден іздейтіндер бар.

– Біздің бүгінгі мүшкіл халімізге 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басындағы дағдарыстың да әсері бар. Сол уақытта көп әке ішімдік ішіп, жұмыссыз жүрді. Көп отбасы сол кезде ажырасты. Ал сондағы әкесіз өскен балалар бүгінде әке болып жатыр ғой. Мәселені көрдіңіз бе? Әкенің тәрбиесін көре алмағандар үшін баланы әкесіз қалдырып кету де оңай. Бүгін өздерінің әкелік міндетін толық орындамай жүргенінің себебі сол. Өйткені өзі әкенің махаббатын, оның барын сезе алмады. Менің қорқатыным, бүгінгі әкесіз жүрген балалар енді бір 15-20 жылда осы көрсеткішті тағы көбейтуі мүмкін, – дейді «Әкелер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Арыстанғали Сансызбаев.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 80-ші жылдары әр төртінші, ал 1990 жылдары әр үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылған. «Қыздарымыз қалың малдың құрбаны болды» деген қазақ қоғамында да мұндай ажырасу болмаған. Ал енді қалағанына қосылып, қол ұстасатын жаңа заманда қасиетті некенің қадірі неге қалмады?

ОҚУШЫ АНА

Әкесіз өсіп жатқан қаракөздердің саны көбеюіне әсер еткен тағы бір фактор – некесіз жүктілік. Бұрын қыз бала оң босағада балалы болып жатса, ата-ана үшін, тұтас әулет үшін одан өткен масқара болмайтын. Әке-шеше елдің бетіне қарай алмай, қарабет болдық деп жұрттан ығысып, келеңсіз оқиға әбден ұмыт болғанша ел-жұртпен араласуға ұялатын. Ал қазір отау құрмай балалы болу ешкімге таңсық емес.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33 мыңнан астам жүктілік фактісі тіркелген. Оған қоса, 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың арасында 10 мыңға жуық түсік жасалған. Пайыздық көрсеткіш бойынша бұл деректер Батыс Еуропа елдерінің көрсеткіштерінен екі-үш есе артық екен. Ел жастарының 10 пайызға жуығы 15 жасқа дейiн, ал 50 пайызға жуығы 19 жасқа дейiн жыныстық қатынасқа түсiп үлгеріпті. Мұның бәрі тек ресми деректер, ал ел сөзіне қалудан қорқып, басына түскен жағдайды жасырып жүргендер қаншама. Қыздардың балиғатқа жетпей жүктілікке бой алдыруын әлем гинекологтары олардың ер балаларға қарағанда физиологиялық тұрғыдан ертерек жетілуімен байланыстырады.

Осы мәселе көтерілгенде кейбір сарапшылар «Бүгінде әйелдер жағы жалғызбасты ана болудан қорықпайды. Өйткені оған кейде қоғамның өзі жағдай жасап отырғандай әсер қалдырады. Тағдыр тауқыметімен түрлі жағдайға тап болатындарды тілге тиек етпегеннің өзінде, «Сенсіз де өмір сүреміз» деген менмендіктің жетегінде жүрген талай жанның бары рас» деген сынды пікірлерін білдіріп жатады. Қалай десек те, отбасын сақтап қалуға екі жақ бірдей мүдделі болғанда ғана нәтиже болатыны анық.

Отбасын сақтай алмай, ажырасып жүрген азаматтардың дені біреудің баласын бауырына басуға мұқтаж. Оған бір қателіктің соңынан туған баласының жүзін туғанынан көрмей жүрген азаматтарды қосыңыз. Арасында баласының барын біле тұра, бұрылып қарай қоймайтын ерлер де бар. Ажырасу мен некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдыры бір. Отбасында ер-азаматтың мысынсыз береке де орнай қоюы екіталай екенін ескеретін естіліктің де ауылы алыстап кеткендей. Тіпті қыз-келіншектер арасында «Әкесіз де баланы тәрбиелеуге болады» деген қасаң қағида қалыптасып үлгерді.

Тақырып – қоғамдағы әкенің рөлі. Бірақ астарына үңілсек, ажырасу себептері көптеп кездеседі. Кейінгі буынның болашағына алаңдайтын Дәуір ақсақал:

– Отбасы – әрбір адам баласының кішігірім отаны. Өмірдің мағынасы, мәні мен сәні. Жалпы қазағымыз қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Босағаның берік, керегенің кең, шаңырақтың биік болуын іргелі елдіктің негізі деп ұққан. Ата-бабаларымыз отау құрса, өле-өлгенше бір шаңырақта өмір сүрген. Тіпті ол кездері, болашақ жарын бұрын соңды көрмей, ата-анасы құда түсіп үйлендіретін де болған.Ал енді, әркім өз қалауымен, сүйген адамына қосылуға толық еркіндік берілген қазіргі қоғамда ажырасушылар қатары жыл өткен сайын көбейген үстіне көбейіп барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын әрбір төртінші ерлі-зайыпты екі жаққа кететін болса, қазір әрбір екінші немесе үшінші жұп ажырасады екен. Бұл – адам жанын түршіктіретін, болашағымызды бұлыңғыр ететін дүние.

Өмір болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламайтын отбасы жоққа тән. Мұндайды қазақы менталитет жұртқа дабыра қылмай, отбасы-ошақ қасындағыны сыртқа шығармайтын. Қазір отбасындағы кикілжіңнің құқық қорғау қызметкерлерінің көмегінсіз шешілетіні кемде-кем. Себебі, ерлі-зайыптыны бір-бірінен бездіретін, ажырасудың ауылын сездіретін себептердің бірі-ащы суға құмарлық, жеңіл жүріс сынды аты да, заты да қорқынышты әдеттер. Қазір тіпті еркекті былай қойып, араққа салынған әйелдер де отбасының берекесін қашыруда. Ұйытқы болар ана, тәрбие берер әке зиян әдеттерімен өз бастарының күйін күйттеп жүрген отбасында қандай ұрпақ өсіп-өнеді?

Ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады. Бірі күйеуін кінәләса, енді бірі әйелін кінәләйді. Жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді дейтіндер де бар. Енді бірі күйеуім ішеді, жұмыс істемейді дейді.

Ата бабаларымыз жоқшылық пен тоқшылықты көрсе де, ажырасу туралы ойламаған. Себебі, қазақта ажырасу деген ұғым ешқашан болмаған. Текті қазақтың тәрбиесі оған жол бермеді. Ал бүгінде қалай? Аға буын көрген қиындықтың біреуін бастан кешпеген жастар қит етсе, ажырасуға асығады. Сонда баяғы махаббаты, ата-ананың абыройы қайда? Екі ортада көздері жасқа, жүректері мұң шерге толы тірі жетімдерді кім аямақ? Отбасы байлығы ол адамдарының саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде. Әрбір тұлға өз отбасын жақсы көретіні сөзсіз, – деді.

Шынында, ертеректе өз үйіне ажырасамын деп келген қызын ата-анасы өзінің құтты шаңырағына қайтадан апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды» деп сөзін сөйлейтін жағдайлар жиі кездеседі. «Ұл балаға ұлағат – әкеден» десек, әке беделі төмендеген қоғамда жаужүрек емес, сужүрек ұрпақ өсіп келе жатса, кімге кінә тағамыз?

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!