Фото: ашық дереккөзден

Қазіргі әлемде технология өмірдің барлық салаларына, соның ішінде білімге қарыштап еніп келеді. Қазақстан осы жаһанды қүрдістен тыс қалмай, электрондық оқулықтарды енгізу барған сайын өзекті мәселеге айналуда.

Негізінен, электрондық оқулықтардың бірқатар маңызды артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл ыңғайлы және қол жетімді. Оқу материалдарын бір құрылғыда алып жүруге болады, ауыр сөмкелерді көтеру қажеттілігі туындамайды. Сондай-ақ ақпаратты тасымалдауды және оған қол жеткізуді жеңілдетеді. Екіншіден, электронды оқулықтар баспа нұсқаларына қарағанда тезірек және арзанырақ жаңартылуы мүмкін. Бұл әсіресе ақпарат тез ескіретін пәндер де өте маңызды.

Алайда Қазақстанда электронды оқулықтарға көшу бірқатар проблемаларға айналды. Ең бастысы – мектептердің техникалық жабдықталуы және интернетке қол жетімділігі. Ауыл мектептерінде, әсіресе шалғай аймақтарда, қажетті жабдықтар мен желіге тұрақты қолжетімділік жоқ.

Қауіпсіздік және денсаулық мәселелері туралы ұмытпаған абзал. Электрондық құрылғыларды ұзақ уақыт пайдалану оқушылардың көру қабілетіне және жалпы денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, гаджеттерді пайдалану оқушыларды зиянды ақпараттардан, интернет қауіптерінен қорғау үшін кибер қауіпсіздікке жүгінуді қажет етеді.

Тағы айта кететін жайт, мұғалімдер мен оқушыларға білім берудің жаңа форматына көшу үшін ұзақ мерзім керек. Мұғалімдерге оқу процесінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану үшін тренингтер мен оқыту курстарын жүргізу қажет. Оқушылар электронды құрылғылармен және ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу дағдыларына икемделуі керек.

Қағаз оқулықтарды электронды оқулықтар жақын арада толық алмастыруы екіталай. Алайда болашақта инфрақұрылымды дамытумен және цифрлық сауаттылық деңгейін арттырумен оқу процесінде электрондық оқулықтардың үлесі ұлғаятын болады. Мұнда мемлекеттік қолдау, педагогтердің біліктілігін арттыру және мектептердің техникалық жабдықталуын жақсарту жөніндегі бастамалар шешуші рөл атқарады.

Айсара МЕЙРАМБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!