Елдегі қоғамдық көлік жүйесі жолаушылар үшін маңызды рөл атқарса да, соңғы жылдары тоқтаусыз сынға ұшырап келеді. Халық автобус интервалына, қызмет сапасына қатысты көңіл толмаушылығын білдіруде. Дегенмен бұл саланың да оң өзгерістерге жетуіне мүмкіндігі бар. Себебі жаңа бастамалар мен тыңғылықты шаралар қолға алынған.

Қызылордалық тұрғындар үшін қоғамдық көлікте төлем жасау мүмкіндіктері кеңейтілді. Қазір жолаушылар 8 түрлі әдіс арқылы төлем жасай алады. Оның ішінде SMS, QR-код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталар арқылы ұялы байланыс операторларының қызметін пайдалануға болады. Бұл цифрлық жүйелер жолаушылар үшін ыңғайлылықты арттырып, қолма-қол ақшасыз төлем жасау мәдениетін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар қалаішілік автобустар заманауи навигация жүйелерімен қамтамасыз етілген. Барлық бағыт «2GIS», «Яндекс GO» және «Яндекс карта» қосымшаларына тіркелген. Бұл жолаушыларға автобустардың нақты қай уақытта және қай жолда жүретінін қадағалап, өз бағытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Мұндай цифрлық жаңашылдықтар қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жолаушылардың уақытын тиімді пайдалануға да көмектеседі. Мұнан бөлек қоғамдық көліктерге «автоинформатор» жүйесі орнатылған.

Қош. Бұл да игі бастаманың бірі. Ал наразы қоғамның сұранысы неде? Алдымен сандар тақтасын сөйлетсек. «Ranking.kz» сайтының ақпараты бойынша өткен жылдың 8 айында Қазақстанның автобус паркі көліктерінің саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Олар 105,5 мыңды құрады. Ал қоғамдық көліктердің 36 пайызы қолданысқа берілгеніне 20 жылдан асқан. Осы орайда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» былтыр лизингтік қаржыландыру бағдарламасы арқылы 4 333 жолаушылар автобусын сатып алуға қаржы бөлді. Олардың ішінде 130 автобус электр қуатымен, 1 737- сі газбен, ал 2 466 автобус дизель отынымен жүреді.

Қоғамдық көлікті күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігі екенін білеміз. Бірақ ондағы қауіпсіздіктің жиі сынға ұшырайтыны өтірік емес. Иә, автобустарда орнатылған өрт сөндіргіштер, пандустар және бейнебақылау камералары заман талабына сай. Бірақ қауіпсіздік тек техникалық жаңартулармен шектелмеуі тиіс. Бұл ретте көлік жүргізушілері қауіпсіздікті сақтауға жауапты негізгі тұлғалардың бірі. Тізгіндеушілердің қоғамдық көлікте қатты жылдамдықпен жүруін адам өмірін ойыншыққа айналдырумен пара-пар. Секундтардан ұту үшін автобусты жарыс алаңындағыдай басқарып, көше бойымен жүйткіген олар жолдағы барлық ережелерді, тіпті адамгершілікті ұмытады. Бұл айналадағы жаяу жүргіншілер мен басқа көліктерге де қауіп төндіреді. Ал қоғамдық көліктегі әр адам жанұясына асығып бара жатқан ана, жұмыстан қайтып келе жатқан әке немесе мектепке бет алған бала. Ережені белден басып, жылдамдықты шектен асырған сәтте жүргізушінің жауапкершілігінде қаншама жанның тағдыры тұрады. Жолаушылардың сол сәттегі сезімін, болашақ апаттың алдындағы дәрменсіздігін елестетудің өзі қорқынышты.

Мәселен, биыл маусымда Алмалы ауданында автобус жеңіл көлікпен соқтығысып, ғимаратқа соғылды. Зардап шеккендер саны 25 адамға жетті. Ақпарат бойынша 18 бағыттағы автобустың қатысуымен болған жол апаты салдарынан бір жәбірленуші жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенше көз жұмды. Екеуіне сол жерде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберілген. 22 адам қалалық ауруханаларға жатқызылды. Зардап шеккендердің арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім бар, олардың денелері көгеріп, сынық жарақаттарын алған. Ал жақында, нақтырақ айтсақ 12 қыркүйекте Алматы маңында ауыр апат болды. 78 маршруттың автобусы Қаскелең көпіріндегі қоршауды бұзып өтіп, Ташкент трактімен келе жатқан минивэннің үстіне құлады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 8 адам зардап шекті.

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС-да қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серіктестік құрамында 718 штаттық бірлік бар. Оның 520-сы автобус жүргізушісі. Олардың еңбекақысы 1 сағатқа 1300 теңге көлемінде бекітілген, ал жұмыс кестесі екі жұмыс күні және екі демалыс күнінен тұрады. Алайда серіктестікте көлік жүргізушілерінің тапшылығы бар. Себебі кәсіби талапқа сай келетін маман аз. Қоғамдық көлікті басқаруға қабылданатын жүргізушілер 25 жастан асқан, кем дегенде 5 жыл тәжірибесі бар, «D» санатына жататын жүргізуші болуы шарт. Ал бұл шаһардың ғана емес, Қазақстандағы өзекті мәселелердің біріне айналған-ды. Себебі ел бойынша 8000-ға жуық жүргізуші жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін өткен жылы ҚР автокөлік одағының экс-басшысы Сәбит Аманбаев жүргізушілердің мәртебесін мұғалімдер мен дәрігерлердің деңгейіне көтеруді ұсынды.

Аймақтағы ахуалға оралсақ, қала ішілік жолаушылар тасымалы 300 көлікке толығып, 35 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Автобус паркі ресми түрде қоғамдық көліктердің интервалын 12-15 минут деп мәлімдеді. Ал тұрғындар не дейді? Жолаушының көбі аялдамада 30 минут автобус күтетінін айтып, жиі шағымданады.

− Жұмысқа кешікпеу үшін бір жарым сағат ерте шығамын. Бірақ №32 автобусты ұзақ күтемін. Суықта дірілдеп, аптап ыстықта қиналамыз. Жүргізушілер «кептеліс көп» деп айтады, − деді қала тұрғыны.

Бұл мәселе тіпті әлеуметтік желідегі парақшаларда да қозғалады. Онда таңғы уақытта автобустың интервалын қысқартуды, №21 мен №1 автобустардың аз екені айтылады. Ал желі қолданушылардың бірі 18 қыркүйек күні №27 автобусты 45 минут күткенін жазды Тұрғындардың пікірі осындай. Уақытылы келмейтін автобус тек қолайсыздық емес, жолаушының күнделікті өмірін күрделендіріп, жұмысқа, сабаққа кешігуіне әкеледі. Аялдаманы торауылдау өмірдің бір бөлігіне айналғандай. Бірақ ол өмірдің қолайсыз, кейде тіпті төзгісіз бөлігі ретінде қалыптасты.

Жоғарыда жауапты мекемелердің игі істерін ұсындық. Ал саралайтын болсақ, картада көрсетілетін көліктерге де шағым жалғасып жатыр. «2ГИС» қосымшасының басқа өңірлерде жұмыс істеп, бірақ Қызылордада әліге дейін дұрыс емес екенін де жазған тұрғындар бар. Бұл мәселеге «Қызылорда автобус паркі» ЖШС: «Үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық көліктер навигация жүйелерімен қамтамасыз етілген. Өткен айдың соңында ғана техникалық ақау орын алды. Бірақ барлық мәселе шешіліп, бүгінде штаттық режимде жұмыс жасап тұр» деп жауап берді.

Сондай-ақ жүргізушілердің халықпен дөрекі сөйлесіп, күнделікті бейәдеп қылықтарынан шаршаған жолаушылардың әлеуметтік желіге жүгінуден басқа амалы жоқ. Себебі «жауапты мекемемен байланысу қиын» дейді. Ал автобус паркі диспетчерлік қызмет 9.00-18.00 арасында ұдайы жұмыс істейтінін айтты.

− Бүгінде автобус паркінің қоғамдық көлігі 35 бағытта түгел қызмет көрсетеді. Пікір, ұсыныс немесе шағым бойынша диспетчерлік қызмет әрдайым қосулы. Мұнан бөлек «Instagram», «Facebook», «Tiktok» желілері арқылы жолаушылармен байланыстамыз.

Ал қызмет барысындағы дөрекілік сынды әрекеттер бойынша «Жол қозғалыс қауіпсіздігі» бөлімі айналысады. Мекемеге түскен немесе әлеуметтік желідегі арыз-шағымдарды ескере отырып, тәртіп кеңесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ мамандар арнайы сабақ өтеді. Қызметкерлерге қатаң ескерту беріледі. Ал жағдай түзелмесе жұмыстан босату жағдайы орын алады, − деді автобус паркі директорының міндетін атқарушы Әбдібәкір Маштаев.

Қоғамдық көлік – бұл тек жолаушыларды тасымалдау құралы ғана емес, сонымен қатар адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір айнасы. Алайда автобустардағы мәдениет деңгейі кейде әдемі көрініс көрсетпейді. Бір жағынан, жүргізушілердің ережеге сай әрекет етуге тырысуы бар, ал екінші жағынан, жолаушылардың түсінбеушілігі мен заңсыз талаптары жағдайды қиындатып жіберуде.

Бүгінде қоғамдық көліктер тек арнайы аялдамаларда ғана тоқтайды. Бірер жыл алдынғыдай жолаушыға қолайлы нүктеден тоқтау заңға қайшы іс. Бірақ кей жолаушылар бұл тәртіпке бағынудың орнына, жүргізушіден тоқтауды талап етіп, жанжал тудырады. «Мен айтқан жерде тоқта!» деп, жүргізушіге қысым жасау автобустағы күнделікті жағдайға айналып барады. Бұл ережені білмеудің белгісі ғана емес, қоғамдық мәдениеттің де төмендігі. Ойлансақ, жүргізушінің ережеге бағынғаны үшін оны кінәлауға бола ма?

− Қазір қоғамдық көліктер тек аялдамаларға тоқтайды. Үлкен сыйымдылықтағы автобусқа әр 100-200 метр сайын аялдау қолайсыздық тудырады, − делінген жауапта.

Қоғамдық көлік – бұл ортақ кеңістік. Автобус жүргізушілеріне де жолаушыларға сыпайы, мәдениетті қарым-қатынас жасау міндеттеледі. Бірақ жолаушылар тарапынан болатын қысым мен тәртіпсіздік, дөрекілік олардың жұмысын қиындатады.

Қала тұрғыны Әли Батыржанұлы аялдама жөнінде орын алған жанжалдың куәсі болғанын айтты.

− Әдеттегідей автобус лық толы. Бір сәтте жолаушы арнайы аялдама белгісі де, аялдамасы да жоқ нүктеден түскісі келді. Жүргізуші олай болмайтынын жеткізгеніне қарамастан ол үлкен жанжал шығарды. Ереженің ортақ екенін ұмытпаған жөн. Бірақ біздің сөзге құлақ асқан ешкім жоқ. Жолаушыға қарайласамын деген жүргізуші кейін өзі опық жемей ме?, − деді тұрғын.

Расымен, жолаушының қалауын орындап, аялдама жоқ жерге аялдаған жүргізушіге кейін қандай шара қолданылады? Бұл жөнінде де «Қызылорда автобус паркінен» сұрадық. Мекеменің өкілі қызметкерге ескерту берілетінін айтты.

Қоғамдық көлік бұл – ортақ мүлік, ал оған деген қарым қатынас әр азаматтың мәдениетінің айнасы. Осы мәселелерді шеше алмасақ, жаңа техникалық жаңартулар мен цифрлық жүйелер енгізілгенімен, қоғамдық көлік мәдениетсіздік пен ережеге бағынбаудың ортасы болып қала береді.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!