Қазаққа қолайлы қоныс іздеп, 12 жыл ел аралап, арманы болған Жерұйыққа қалай да болса қазақты қоныстандырамын деумен қайғы атанған Асан атаның есімі қазақтың қара топырағына етене таныс, құлаққа әбден сіңген. Қаншама ғасырлар уақыт ағымымен ағып өтсе де, қаншама қиындықты Тәуелсіздігіміз ұмыт етсе де, Асанның қайғысы әлі күнге өз мәнін жоғалтпағандай.

Бұл қайғының мәні тек жайлы қоныс емес, сыртқы және ішкі саясат, ел арасындағы сыйластық болатын. Қазақты құтты қонысына қондырып, ел шекарасын шегелеп беру аса үлкен маңызға ие болды. Асан Қайғы осы мәселелерді шешу үшін, Жәнібек ханға кеңесші болып, сыртқы саясатқа тікелей араласып отырады. Ал анығында Жерұйықты тапты ма?

«Адамы жүзге келмей өлмейтін, қой жылына екі төлдейтін жайлы мекен қазақ даласында бар ма?» деген сұрақтарға әлі күнге нақты жауап берілмеген. Тіпті, қазағым деп қайғырып өткен Асанға қазақ даласының қай түкпірінің топырағы төсеніш болып, төбесін жапқаны нақты белгісіз. Қазіргі кезде екі дерек бар: біріншісі бойынша, Жезқазған облысының Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша, Қызылорда облысы Шиелі ауданында, аудан орталығынан 16 шақырым жерде жерленген деседі. Асан қайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан ата кесенесі «Жеті әулие» қорымында делінген. Бұл болжамды деректер Қазақстан ұлттық энциклопедиясының Асан Қайғы туралы бөлімінде де келтірілген. (1-том, 471-472 беттері)

Анығын басып айту әулиеге бұйырмағанда, қара халықтың қазынасына жазылар ма? Бір білеріміз – ел арасына тараған аңыздар мен ақсақалдар айтып кеткен қиссалар. Бүгінгі мақаланың да тірегі – Асан қайғының Шиелі жерінде жерленгені туралы көпке мәлім емес, көп айтыла бермейтін аңыздар.

Осындай аңыздардың бірін шежіреші, өзімнің туған атам Малкаждар Өтегенұлынан естідім. Ол кісінің айтуы бойынша: «Қазақ сахарасын кезіп, жердегі Жұмақ – Жерұйықты іздеген Асанның қайғысын осы Шиелі жері құшағына басып жатыр. Аңыздарға сүйенсек, Жерұйықты іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған Асан ата Аралдан шығып, Қаратауды жағалай өтіп, Жетісуға қайтуға бекініп келе жатыр екен. Жол ортасы, желмаясы Шиелі жеріне келгенде көкке түсіп, шөгіп жатып қалса керек, біраз тұрақтапты.

Табаны тиіп, көзі көрген жердің бәріне сын айтып, кемі бар жерге мін айтып келе жатқан Асан Қайғы Шиелі жеріне де өз бағасын беріпті.

Үш күн ауыл шетінде үнсіз жатқан Асан қайғыны ауыл адамдары асқа шақырып, «сапарын жалғамай неге ұзақ жатып қалды екен, сырқаттан сау ма екен?» деп білгісі келеді. Аядай ауылдағы үлкен үйге асқа түскен Асан Қайғыдан ауылдың ақсақалы «Естуімше Жерұйықты табамын деп сапарда жүр екенсің. Бұл жерде неге сонша бөгелдің? Сырқаттан саусың ба?» дейді. Сонда Асан:

Жамбасың тисе жантайып,
Жығылып жатар жер екен.
Желітіп жүрер желмая,
Жатаған келер жер екен.
Қонысы мен көшерге
Жері де шіркін кең екен.
Қысылмай тамыр жаюға,
Елінің көңілі кең бе екен?» – деп ауыл адамдарына өзінің осында ұзақтау болатынын жеткізеді. «Құтылуға асыққан көрінбейік, сұрағанымыз – қашан кетерің емес, амандығың еді. Көңіліңнің қошы болса, қалағаныңша қоныста. Ел сыртында жатпай, ауылға, ел ішіне кіріп, ағайынмен бірге бол» деді жылы шыраймен ауылға бас болған ақсақал.

Ауыл адамдарына қосылып, қонысын тіккен Асан Қайғы ел жайын, жер жайын толық танып біледі. Тіпті, тіршілігіне еніп, байырғы тұрғынындай болып кетеді.Сапарлаудағы мақсатына жетпеген соң, Желмаясына мініп қайта аттанбаққа бекінеді. Сонда ауыл-ел адамдарына бас бұрмай тіке қарап, «Артыма үш қарап, кете берер едім. Бірақ, қимастықты басуға қанша қарасаң да жеткіліксіз» деп қайта келер ойы барын білдіреді.

Жетісуға келгенде, аяқтан шалғыш, жығылсаң жырлай күлетіндер Асан Қайғының өзін сынға алғысы келгендей, «Қайда жердегі жұмағың? Таптың ба? Болса қане, ерте кет біздерді» десіпті.

Асаннан «ия, таптым» деген жауапты күтпеген олар, қандай екенін білуге асығыпты. Сонда Асан Қайғы нақты қай жер екенін айтпай, Шиелі жеріне мынадай бір сипаттама береді:

Буаз болмай-ақ биесі,
Бел қайысқан жер екен.
Кең далада кейкімен,
Жел жарысқан жер екен.
Жайыны жеммен семірген,
Егіні толған жер екен.
Қорасында кемі он жылқы,
Жарлы байына тең екен.
Мекен-тұрағын сұрағандарға:
Жидесі толы көктоғай,
Жиделі Байсын дер едім.
Самсаған алма бағына,
Алмалық атын беремін.
Көшуге бірақ асықпа,
Ол емес тұрақ-мекені.
Қара тауының етегі,
Қазығы терең қағылған.
Таласқа түсер жетеді,
Тарихы тасына жазылған.
Кімнің елі, кімнің жері екенін, сұрағанға:
Сыр өзен сылдыр су аққан,
Жағасында өңшең би жатқан,
Төрелік қылғанда абыздар,
Шешімін кесіп тең айтқан, – деп аузы дуалы, туғаны жоқ тура билер мен кеміңді кесіп айтатын шешендердің ауылы екенін жеткізгенде, жетуге асық болған адам алалары аяғын тарта бастаған екен.

Бұл жердің тұрғындарының әділдік пен теңдіктің дәрежесіне:

«Шиінде шері жатқанда,
Ши бөрісі шеңгел кезген жер.
Шеңгелде шиі жатқанда,
Құлынсыз бие қапқан жер.
Халықтың басқа бұққаны,
Басшысы үнсіз, халқы жым.
Ұрыға иман қонғаны,
Малшысы жалаң, бие тың» деп баға береді.

Бұл жерге де аяқ басуға батпаған халқына, осыдан артық жер табармын ба деп қайта жолға шыққанда, Желмаясы желіте жүріп, тағы да Шиелінің жеріне жеткізген екен. Арыға аяқ баспай, керіге кеудедегі намыс жібермей, қажыған Асан Қайғы өмірінің соңына дейін, жалғыз ғана көңілі толған құт мекен – Шиелі жерін мекендеген деседі.

Асан Қайғының ел-жерге айтқан сындарының арасынан Шиелі жеріне айтқан сыны кездеспеуі, тек ауыл адамдары арасында тараған аңыздардан ғана табылуы, таңдандырарлық нәрсе. Бәлкім, осындай топырағы құнарлы, адамдары бауырмал, егіні толы жерді өзіне сенбеген елден жасырын қалдыруды қалағаннан да болар. Бәлкім, айтқан күннің өзінде ел көшіп келмеген болар, әйтеуір, беріге дейін қазақ руларының аяғы баспапты. Бұл жердің тарихы мен тағылымын жыр ету ғасырлар бойы рудан тыс Абыз әулеттеріне бұйырған бақ болды. Асан Қайғының Шиелі топырағына жерленгені туралы шындыққа толы аңыздардың негізін салушылар осы Абыз әулеттері деп басып айта аламыз. Ал дәріптеушілері әр рудың ақсақалдары мен шежірешілері. Осындай туған жерімізге қатысты терең мағыналы аңыздарды, тағылымды тарихымызды біліп жүру – бүгінгі жастардың басты міндеті, жарқын болашаққа бастар, тура бағытты нұсқар темірқазығымыз.

Диас МАЛКАЖДАР,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық колледжінің «Филология» бөлімінің студенті
Бақытжан АХУНОВ,
жетекшісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!