Бүгінде жақындарымызды қуантқымыз келсе, аңыздарға арқау болған, мыңжылдық мәдениетімізден сыр шертетін ұлттық аспапты сыйға бергіміз келетіні рас. Себебі қоңыр үнді домбырада ұлттық рухыңды оятатын «сиқыр» бар. Тіпті кәдесый ретінде жасалса да, аяқасты қылмай, төрге қойып, ерекше қарайтынымыз содан болса керек. Ал шын шебердің қолынан шыққан аспаптың сапасына сын болмайтыны анық.

Бүгінде Қызылорданың Белкөл кентінде тұратын Ақбүркіт Жауынғаровтың жасаған домбыралары сұранысқа ие екенін байқап, шебердің өзіне хабарластық. Қос ішекті аспапқа өнер мектебінің оқушылары мен асабалар, мәдениет саласының өкілдері жиі тапсырыс береді екен.

– Бала кезден-ақ әкемнің ағаштан жан-жануарлардың бейнесін жасап, тұрмыстық бұйымдарды дайындағанын көріп өстік. Есейе келе мен де осы салаға икемім бар екенін байқап, домбыра жасауды үйрендім. Аспапты жергілікті жерде өсетін қарағаштан жасаймын. Бір домбыраны әзірлеуге шамамен 10 күндей уақыт жұмсалады, – деді шебер.

Қазақы болмысымызды айшықтап тұратын домбыраның сапасы жасалған материалына тікелей байланысты. Домбыра жасау үшін қарағаш қана емес, қарағай, емен, шырша, қайың ағашы да қолданылады. Ең бастысы ағаш күнге қақталып, әбден кебуі керек. Шеберлер домбыраны екі әдіспен жасайды. Алғашқысы домбыраның шанағын ағаш тілшелерін біріктіру арқылы құрастырса, екінші әдіс бойынша ағаштан толықтай ойып жасалады.

Шебердің айтуынша, ағашты жону, өңдеу икемділікпен қатар, тиянақтылықты қажет етеді. Ал ең маңыздысы домбыра үнінің тазалығы, яғни дыбыстың анық шығуы жұмыс процесімен тығыз байланысты.

Атап өту керек, домбыра жасау – отбасылық кәсіп. Шебер жасаған домбыраны жұбайы Мархабат Ишанова әрлеп, яғни ою жапсырып, сүйек арқылы безендіріп, дизайнерлік әрі саудаға шығару жұмыстарымен айналысады. Ұлттық мәдениетіміздің дамуына үлес қосқан отбасы 2022 жылы 1 миллион 200 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге ие болды.

Ал жуырда олардың кәсібі «Бір ауыл – бір өнім» жобасында жеңімпаз атанды. Мархабат Ишанованың айтуынша, көрмеге қатысқалы бері домбыраға деген тапсырыс та көбейген.

Нақтырақ айтсақ, шілде айында Қырғызстандағы JICA «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі Ахикиса Харагучидің қатысуымен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі өтіп, оған облыс бойынша 40-қа жуық өнім өндіруші қатысқан болатын.

Көрмеге қатысушыларды кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған жұмысшы топ бағалап, 10 тауарөндіруші үздік деп танылды. Мұнан кейін тауарларды таңдауда және аймақтық брендті тағайындау туралы шешім қабылдауда дауыс беру құқығы бар 21 адамнан құрылған өңірлік Бренд-комитет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша 3 жеңімпазды анықтады.

Алдағы уақытта жоба жеңімпаздары республикалық көрмеге қатысып, Атамекен палатасының қолдауымен өз өнімдерін республикалық және халықаралық деңгейге шығаруға толық мүмкіндік алады.

Ұлттық құндылығымыз саналатын домбыраны жасау жобасының да үздіктер қатарынан табылғаны қуантады. Отбасылық кәсіп иелері «алдағы уақытта осы салаға қызығатын жастар болса, шеберлігін шыңдап, тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз» дейді.

Айдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!