Дерматомикоз – бұл адамдар мен жануарларда паразиттік тіршілік ететін дерматофит саңырауқұлақтары тудыратын аурулар тобы.

Аурудың бұл түрімен ересек адамдар да, балалар ауырады. Инфекция көзі – ауру адамдар, үй жануарлары және жабайы кеміргіштер. Ауру алдымен терінің бұзылуы (қабыршақтану), тырнақтың сынуы, бастың шаш орналасқан бөлігінің тақырлануы түрінде байқалады. Шаштың түсуі көбіне жас бүлдіршіндерде кездеседі.

Қызылорда облысында ағымдағы жыл басынан бері дерматомикоз ауруының 466 жағдайы тіркелді. Тіркелген  аурудың 87,5 пайызы немесе 408 дерек – 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Эпидемиологиялық талдау барысында көп жағдайда аурудың көзі ретінде иесіз кезбе иттер екені анықталды.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары дерматомикоздың алдын алу бойынша келесі іс-шараларды сақтауды еске салады:

– жеке гигиена ережелерін сақтау;

– азық-түлікті тек арнайы рұқсат етілген, санитариялық талаптары сақталған орындардан сатып алу;

– етті міндетті түрде термиялық өңдеуден мұқият өткізу;

– көкөністер мен аскөктерді  мұқият жуу;

– үй жануарларын күтіп-баптау кезінде гигиеналық талаптарды сақтау;

– балалардың иесіз кезбе ит-мысықтармен байланысын болдырмау және оның қауіптілігі жөнінде жиі ескерту.

Дерматомикоздың алғашқы белгілері – аяқ-қол тырнақ пластинкаларындағы патологиялық өзгерістер, теріде қызарған дақтардың пайда болуы, бөртпелер шығу, дененің қышуы, ашуы сияқты белгілер байқалған кезде тез арада дәрігерге қаралу қажет.

Әлия Әбдіқайымова,

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!