Фото: instagram/Ербол Мырзабосынов

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Будапешттегі сапарында Халықаралық Дзюдо Федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен өте маңызды кездесу өткізді. Нәтижесінде елімізде дзюдоны дамыту бағытында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Бұл туралы ведомство басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.  

«Дзюдоның жанкүйерлеріне жақсы жаңалық! 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені чемпионат Лос Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді. Сонымен қатар, Халықаралық Дзюдо Федерациясының академиясының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл бастама біздің спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың кәсіби деңгейін көтеруге үлкен септігін тигізетініне сенімдімін», — деп жазды ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын екі жүлдемен аяқтағанын жазған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!