Ғарыштық технология мен инновациялардың дамуы әлем елдеріндегі ғылым мен экономикада маңызды рөл атқарады. Осындай жаһандық бастамаларды қолдайтын іс-шараның бірі – NASA Space Apps Challenge. Биыл бұл беделді байқау Қызылордада алғаш рет өтіп, аймақ жастарының ғарыштық зерттеулерге қосатын үлесі мен шығармашылық әлеуетін көрсететін мүмкіндік алаңына айналды.

5-6 қазан күні шаһарда ұйымдастырылған хакатон гибридтік форматта өтті. Оған 270-ке жуық қатысушы тіркеліп, 72 жобалық топ қатысты. Оның ішінде 40 жоба оффлайн, 32 жоба онлайн форматта талқыланды. Бұл байқау тек аймақ деңгейінде шектелмей, жаһандық бастамалардың Қазақстандағы бейімделуін көрсететін бірегей тәжірибе. Себебі хакатонның басты мақсаты – ғарыштық зерттеулерге серпін беру, инновациялық шешімдерді дамыту және ғарыш саласындағы заманауи мәселелерді реттеуге бағытталған жобалар әзірлеу. Жастардың жобаларын сарапшылар жоғары бағалап, ұсынылған идеялардың сапасына тәнті болды. Бұл аймақта ұйымдастырылған хакатонның жоғары деңгейін және қатысушылардың халықаралық талаптарға сай дайындықтарын көрсетеді.

Сарапшылар қатарында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары Дәурен Сейтжанов болды.

− Өткен аптада аймақтағы жастарды бір алаңға жинаған хакатон қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашты деп ойлаймын. Мұндай іс-шаралар жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, командада жұмыс істеу дағдыларын шыңдауға және жаңа технологиялармен танысуға жәрдемдеседі. NASA International Space Apps Challenge барысында бақ сынаушылар идеяларын жүзеге асырып, шынайы жобаларды іске асыруға мүмкіндік алды. Себебі бұл – үздіксіз білім алу мен тәжірибе жинақтау алаңы.

Хакатонда өткен 2 күн ішінде талантты, білікті жастарды көріп қуандым. Олар Nasa тақырыптарына сай 48 сағат жұмыс істеп, жаңа жобаларды дүниеге әкелді. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы осындай игі іс-шараларды қолдауға әрқашан дайын, − деді Дәурен Мұзарапұлы.

NASA Space Apps Challenge – тек бағдарламашылар мен ғалымдар емес, әртүрлі саладан келген таланттар үшін де ашық алаң. Қатысушылар жер мен ғарышты зерттеуге қатысты нақты мәселелерді шешуге бағытталған жобалар жасап, климаттың өзгеруі, ғарыштық деректерді талдау, спутниктік технологияларды қолдану сияқты маңызды тақырыптарды қамтыды. Жастардың бұл жобалары болашақтағы ғарыштық зерттеулерге және жердің экологиялық мәселелерін шешуге үлес қоса алатын бастамалар ретінде қарастырылады.

− Алдымен ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдіргім келеді. Себебі хакатон өте жоғары деңгейде өтті. Мұнда қызылордалық жастардан бөлек Алматы, Шымкент қалаларынан да келген қатысушылар бақ сынады. Алғашында хакатонға қатысуға 270-ке жуық өтінім қабылданды. Біз олардың ішінде прототипі бар жобаларды қабылдауға тырыстық. Яғни жобаның сайты, мобильді қосымшасы дайын болу керек. Студенттер сарайында өткен байқауда командалық жұмыстың керемет көрінісі байқалды. Оқушылар мен студенттер де бірігіп, әлемдік аренада ұсынылатын жоба қорғады. Жалпы питчингке 3 минут берілді.

Бағалау барысындағы басты критерийлердің бірі − жобаның монетизациясы. Яғни жобадан қаржылай табыс табуы немесе коммерциялық негізде жүзеге асу жоспары да бағаланады.

Осы ретте оқушылардың жобасына тоқталғым келеді. ЖОО студенттерімен бірдей дәрежеде бәсекелес бола алатын оқушылар өте көп. Біз, әрине, мұндайды күтпедік, − деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің стратегиялық даму және IT жөніндегі проректоры Махмұт Томанов.

Бұл іс-шараны ұйымдастыруда бірқатар мекеме маңызды рөл атқарды. Олар − Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Kazakhstan Smart Space мекемесі және Атамекен ҰКП. Бірлескен күштің нәтижесінде бұл хакатон халықаралық талаптарға сай ұйымдастырылып, аймақтық деңгейдегі инноваторларға жаңа мүмкіндіктер ұсынды.

Байқау барысында жасанды интеллект институтының студенті Әділет Ерланұының жобасымен таныстық.

– NASA Space Apps Challenge барысында 20 тақырып ұсынылды. Соның ішінен «Экзопланеталарды зерттеу хроникасы» тақырыбын таңдадық. Командамен бірлесіп шешімге келген соң сайт құрастырып, жобамызды таныстырдық. Жұмыс барысында барлық зейініміз өзіміздің жобада болған соң қарсыластарымыздың жұмыстарын бақылауға уақыт болмады. Командада барлығы 5 адам бар. Менен бөлек Бекзат, Ислам, Асхат пен Ілияс. Жобаның презентациясын әзірлеу Бекзат пен Исламның жауапкершілігінде болды. Сондай-ақ Ислам сөз сөйлеуге дайындықта да көмектесті. Ілияс – программист, ол «Java» бағдарламалау тілін меңгерген. Екеуіміз сайттың құрылымын бірге жасадық. Ал питчингке Асхат екеуіміз шықтық. Ол 3 жасынан бастап астрономияға қызыққан, сондықтан ғарыш туралы сөйлеу қиындық туғызбады. Оның дикторлық дауысы да өте жақсы. Оны «жүретін энциклопедия» деп атауға болады. Міне, біз осындай қарқынмен жұмыс істеп, команда ретінде жобамызды қорғадық, − деді ол.

Ал Ақбота Түгелбаева әріптесі Исатай Есмамбетовпен бірге «Галактикалық ойындар» тақырыбын таңдаған. Жобаның атауы – «Ғарыштық көзқарас».

− Жобаның негізгі мақсаты – VR технологиясының дамуына үлес қосу және адамның ойлау қабілетін жетілдіру. Сонымен қатар ол қазақ ойын индустриясын жаңа деңгейге көтеруге пайдасын тигізеді. Біз жасаған ойынның бизнес-жоспары жобаны Steam, Play Market, App Store сынды платформаларға шығару арқылы қаржылық табыс табуды көздейді. Ойынның басты міндеті – метеориттерден қорғану. Үш өлшемді кеңістікте метеориттер әр түрлі бағыттан ұшып келетіндіктен, ойын әр секунд сайын күрделене түседі. Сондықтан мұқият болу өте маңызды.

Бұл хакатон біздің алғашқы байқауымыз емес. Дегенмен NASA Space Apps Challenge бізге ерекше эмоция қалдырды, − деп әсерімен бөлісті «Ialanoe» командасының мүшесі Ақбота Амантайқызы.

Хакатонның нәтижелері 15 қазан күні сарапшылар комиссиясының мұқият бағалауынан кейін жарияланады. Қазақстандағы ең үздік жоба NASA Space Apps Challenge-нің халықаралық кезеңіне қатысуға жолдама алады. Бұл – Қызылорда ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды қадам. Өйткені осындай жобалар арқылы ел азаматтарының ғарыштық зерттеулерге деген қызығушылығы артып, жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту мүмкіндігі кеңейе түседі. Ал жастардың бүгінгі бағыттары еліміздің дамуына серпін беріп, алдағы жылдарда айқын көрініс табары сөзсіз.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!