Фото: ашық дереккөзден

Несін жасырайық, бүгінде әлеуметтік желіні ақтара қалсақ, бала еміне қаражат жинап, қайырымдылық жасауға шақыратын жарнамалардан көз сүрінеді. Жетімін жылатпаған қазақ үшін бұл құптарлық іс. Дегенмен сауапты істі бизнеске айналдырып, қайырымдылықты қарақан басының қамы үшін жасайтындардың бар екені қынжылтпай қоймайды. Мұндайды бұрын естіп пе едіңіз? Білмесеңіз, бүгін осы тақырып төңірегінде тереңінен талқылап көреміз.

Жалпы, заң негізінде қайырымдылық жасаушыларға есеп беру міндеттелмеген. Тіпті үстемеақы алып, пайда көрушілерге де тыйым салынбаған. Ал бұл ақыр соңында сауапты іс жасауға асыққандардың ар-ұятына келіп тіреледі. Әйел десем әжем де кетеді демекші… Мұнымен көпке топырақ шашып, барлығын бірдей қаралай алмаймыз. Бірақ бүгінгі қоғамда адам тұрмақ, Құдайдан қорықпайтын қатал жандардың бар екені мәлім болып отыр.

Негізі қайырымдылық жасаймын деген пендеге ешқандай шектеу жоқ. Заң жүзінде де солай. Сондықтан сауапты іске жинақ ашқандар мен аударым үшін жеке есепшотын пайдаланғандардың артынан шам алып жүрген құзырлы орынды көрмейсің. Содан болса керек, соңғы уақытта жақсылық жасаушылар мен қайырымдылыққа құмартқандар саңырауқұлақтай қаптады. Нәтижесінде мұқтаж жанның материалдық яки қаржылық жағдайын қажетіне пайдаланып, оның үстінен үстемеақы үлесін алатындардың әрекетіне шекара жоқ. Себебі біздің заң қайырымдылық жасаушыларға мұқтаж адаммен ауызша не жазбаша келісім жасауды өз ұятына байлайды.

Бизнес пе, батырлық па?

Кешегі аты жаман індет елге келген тұста айналасындағыларға қол ұшын созған қазақ баласы аз болмады. Соның бірі – қоғам белсендісі Батыржан Ибрагим. Қазірдің өзінде қайырымдылық жасауға асығып, оң қолың жасағанды сол қолың білмесін деп жүрген жан. Көпшілік бұл азаматты әлеуметтік желіде блогер ретінде жақсы таниды. Батыржан өз сөзінде «Қайырымды ісім үшін қанша процент алатынымды сұраған талай мұқтаж жандар болды» деп отыр. Яғни, өзі секілді әлеуметтік желідегі блогерлер мен танымал тұлғалар жақсылығы үшін сыбағасын сұрайтын көрінеді.

– Мен секілді қайырымдылықпен айналысып жүрген адамдар мұқтаж адамдарға шығып, «жақсылығы» үшін үстемесін алуға алдын ала келіседі. Мысалы, мұқтаж жанға 1 миллион теңге жинап берсе, соның 100 мыңын өзіне алып қалады. Не болмаса, жарнамасын жасап бергені үшін сол жанның өзінен 50 немесе 100 мың теңге алады. Бұл – қайырымдылық емес, кәдімгі бизнестің бір түрі, – дейді Батыржан.

Ол сауапты іс жасау құжат жүзінде іске асқаны дұрыс деп есептейді. Ал ауызша келісім жасап, қаражат жинау дегеннің артында үлкен дау жатыр. Сол себепті азамат мұқтаж жанның өзінен немесе туған-туыс, дос-жаранынан жазбаша түрде рұқсат қағаз алатынын айтып отыр.

– Қаржы жинамас бұрын көмекке мұқтаж адамның заңды өкілінен жазбаша куәлік аламын. Олар ақша жинауға, фото-бейнесуреттерін қолдануға рұқсат беретіндерін жазбаша көрсетіп бергенде ғана іске көшеміз. Бірақ ауызша келісіп алу, не болмаса үстемені талап ету дұрыс емес, – дейді ол.

Опық жемеудің оңай жолы – келісім

Рас. Судың да сұрауы бар. Сол секілді сұрауы бар ақшаны сауапты іске жұмсайтынын, проценттен пайда көруді ойлайтындардың өзі опық жеуі анық. Өйткені енді қайырымдылықпен айналысатындар мұқтаж адамменүшжақты келісімшарт жасау міндеттеледі. Онсыз жиналған қаражат заңсыз. Яғни заң бойынша қайырымдылық мақсатында халықтан қаражат жинайтын блогерлер алдын ала көмекке мұқтаж кісімен немесе ұйыммен келісімшартқа қол қоюы тиіс. Бұл жөнінде қазіргі ведомство аппаратының басшысы МадиярҚожахмет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істер комитетінің төрағасы болып тұрған тұста айтып еді. Айтуынша, блогерлер заңға бағынбай, келіспей қайырымдылық іс үшін деп халықтан ақша жинаса – алаяқтық әрекет болмақ.

– Екіжақты келісімге келу қайырымдылық жасау кезінде түсініспеушілік, дау-дамай туындаған жағдайда мәселені заңмен реттеу үшін енгізіліп отыр. Келісімге келсеқайырымдылық үшін жиналған қаржыға қатысты ешқандай артық сұрақ туындамайды, – дейді ол.

Өйткені қазір қайырымдылық қамытын киіп, қара басының қамын күйттегендер көбейген. Мысалы, жоғарыда айтып өткендей бір блогер мұқтаж адамға қол ұшын созу үшін 7 миллион теңге қаражат жинап беруге келісті делік. Бірақ қайырымды жандардан 15 миллион теңге жиналады. Сол тұста ардан аттаған блогер көмекке мұқтаж жанға бағанағы 7 миллион теңгені ұстатып, қалған қаржыны қалтасына басады.

Қазір елде біз айтып отырған блогерлердің халықтан сауапты іске ақша жинау мәселесі назардан тыс қалған. Ендігі жерде олар қандай да бір қордың атынан жақсылық жасайтын болған күннің өзінде онда сол ұйыммен келісім жүруі шарт. Ал өздігінен айналысса, сол адамның келісімі міндеттеледі.

Заңда қорға қол сұғылмайды

Елімізде қайырымдылықпен айналысатын қорлар жеткілікті. Мәселен, «Сәби», «Аяла» сынды «Dauletten» қоры да бар. Басшысы Парламент Мәжілісінің депутаты әрі блогер Дәулет Төлеутайұлы «кейбір жандар «қайырымдылық жасаймыз» деп алады да, елге дұрыс есебін бермейді. Кәсіптің көзіне айналдырғандардың бары рас» дейді. Яғни, оқырмандардың көптігі арқылы қалтасын қалыңдатқысы келетіндер де ақша жинағын ашып, сауапты істі табыс көзіне айналдырған. Ол аз болғандай кейбірі халықтың сеніміне кіріп, түрлі алаяқтыққа баратын көрінеді.

– Мысалы, бізге де оқырмандардан түрлі хаттар келіп түседі. Жақында бір кісі жылап хабарласты. Сөйтсе, бір блогер қайырымдылық жасаймын деп, ақша жинағын ашқан. Соңында сол ақшаны спорт ойындары жарысына бәске тігіп жібереді. Жиналған ақша ауырған балаға мүлдем аударылмай қалған. Ата-анасы шыр-пыр болып хабарласатын осындай оқиғалар өте көп. Ондай кезде біздің қолымыздан бар келетіні – жылаған жанды жұбатып, ақыл-кеңесімізді айту ғана. Ол кісіге де полицияға жүгіну керек екенін айтып бағыт-бағдар бергенім бар. Бірақ қолданыстағы заң әлсіз болған соң, «қайырымдылық» жасайтындардың іс-әрекеті бақыланбайды, – дейді ол.

Кеш те болса біз айтқан заң күшіне енуі қажет. Дәулет Мұқаев та мұның көтерілген мәселе екенін айтып отыр. Сондықтан жиналған қаражат жеке реквизиттерге емес, заңды түрде ашылған қорға аударылғаны дұрыс. Ақырында бұл заң жеңіл жолмен мұқтаж жандарды ортаға салып, табысқа кенелгісі келетіндерге тұсау болады.

Парламент Мәжілісі депутатының сөзіне сенсек, қазір келісімшарт жасау көп уақытты алмайтын көрінеді. Арнайы құжат сол жандардың құқығын қорғап, сауапты істің соңы сөзбұйдаға салынбауына сеп болады.

– Сол үшін үшжақты келісімді құптаймын. Біздің қор 2 жарым жыл бұрын мемлекеттік тіркеуден өтіп, заңды түрде ашылған. Қорымыз заңды реквизиттермен жұмыс істейді. Қайырымды іспен айналысатын еріктілер мен танымал жандар біздің қормен келісімшартқа отырып, сауапты істерін істеуге қарсылық жоқ. Керісінше «жақсылық жасаймын» деген жандарды қолдамасақ, қашпайтынымыз рас. Бастысы, заңды әрекет ету керек, – дейді Дәулет Төлеутайұлы.

Бұл өзгеріс алақан жайып, мұңын шаққандарға ғана емес, құзырлы орындарға да жақсы жаңалық болары анық. Себебі қолданыстағы құжат қор ретінде тіркелген мұқтаждың несібесін жемеуге жетелейді.

Оффлайн сауап туралы естідіңіз бе?

Иә, мұндайда шығыпты. Алғаш естігенде аң-таң болып, сауап алуға асыққымыз келген. Бірақ үңіле келе кезекті бір жөнсіз іс екеніне көз жетті.

Сауап дегеннен шығып жатыр, қазір қасиетті Меккеге табан тигізу оңайдың оңайы болды. Тіпті базарға барғандай әдетке айналдырғандар да бар. Жә, мәселе бұл емес.

Қалың жұрт Балқия Балтабай есімді блогерді жақсы біледі. Әсіресе әйелдер қауымы. Осы бір азаматша өткен жылы қасиетті жерден елге сәлем жолдап, бір шулатып қойды. «Қалай?» дейсіз бе? Ендеше, айтайық…

Ол: «Маған бүгін мынадай идея келді. Қазір каспий көрсетемін. Осында садақа салған адамға эфирге шығам да, эфирге салдым дейсіздер де, өтірік айтпайтын шығарсыздар, салдым деп дұғаларыңызды жазасыздар. Мен эфирге шыққан кезде Қағбаға қарап тұрып сол дұғаларыңызды оқып беремін. Мен бармын, қыздарым бар жанымда, кезекпен эфирге шығып оқып береміз. Сондықтан, бірақ біліңіздер, уайымдамаңыздар, жаманой келіп тұрған болса осы жерде бірден айтайын,бұл берген садақаларыңыздың бір тиыны да менің қалтама түспейді. Сондықтан, ниет етіңіз де садақаларыңызды аударыңыз», – деді желі жұлдызы.

Осыдан соң ислами психология тақырыбында тренинг өткізетін Балқия Балтабайға қарсы келгендер көп болды. Тіпті, ҚМДБ да бұл жағдайдың теріс екенін растаған.

– Фиқ кітаптарында садақаны алдымен өзіңе жаса, содан кейін жақыныңа жаса деген. Дінде өз еліңде мұқтаждар бола тұра, басқа елге садақа беруді құп көрмейді, бұл ұнамсыз деп саналады, – деді діни басқарма өкілі.

Ал дінтанушы Роман Бұрқаш:

– Қағбаның түбінде сіздердің аттарыңыздан дұға қыламын, сондықтан маған қайырымдылыққа ақша жіберіңдер, аттарыңызды жазыңдар дегені бұрыс қылық. Кім дұғаға мұқтаж, сол адам өзі жасағаны абзалырақ. Екіншіден дұғаның белгілі бір мекені жоқ, – дейді теолог.

Сауапты іс жасаудың түр-түрімен таныстық. Одан бөлек қоғамда қолына қорап ұстап, тиын салуды сұрайтындар да көбейді. Айтатыны «сауаптан құр қалмаңыз». Садақаны сауыңда бер деген. Дұрыс, қайырымдылық жасау – құптарлық іс. Бірақ мақсатсыз жиналып жатқан қаржы еместігіне кім кепіл?

Міне, бізді қынжылтқан осы тақырып. Ал сіз не айтасыз, көзі қарақты оқырман?

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!