Бүгінде «онлайн» жүзеге асатын қызметтің барлығы дерлік өзекті һәм халыққа ыңғайлы. Базардағы киімнен, дүкендегі азық-түлікке дейін жеткізу қызметі арқылы жүзеге асып, уақытты үнемдеуге арналған түрлі онлайн сауда халық үшін қызмет етеді. Қазақстандықтар қазір қажетті затын алу үшін «Kaspi.kz» дүкеніне жүгінеді. Тапсырыс берген өнім бар болғаны 2-3 күн аралығында сіздің қолыңызда болады, сондай-ақ тауар оффлайн дүкендерге қарағанда арзан бағада қолжетімді. Сол секілді әлемдік деңгейде түрлі тауарларды сату және жеткізу қызметімен айналысатын платформалар бар. Түрлі сайттар және «Pinduoduo», «Temu» секілді ірі электронды сауда ошағын білмейтін адам бірен-саран.

«Pinduoduo» неліктен арзан?

Қытайдың ең ірі онлайн сауда платформаларының бірі – «Pinduoduo». Ол Шанхайда құрылып, халық арасында жылдам танылды. Бұл платформа Қытайдағы ауылдық және шағын қалалардағы тұтынушыларға бағытталған. Себебі шет аймақтағы елді мекен тұрғындарының қажетті тауарларды сатып алу үшін төлем қабілеті төмен болуы мүмкін. Осы орайда Pinduoduo ұсынатын арзан баға олар үшін ұтымды. Оның негізгі идеясы – әлеуметтік сауда, яғни топ болып сатып алу арқылы жеңілдіктер алу. Ол көбіне жергілікті нарыққа қызмет етеді және Қытай ішіндегі тұтынушыларға арзан тауарлар ұсынады.

Бұл онлайн дүкеннен түрлі тауарды табуға болады: киім-кешек, тұрмыстық техника, электроника, тіпті азық-түлік те бар.

Платформа тауарды көбіне тікелей өндірушіден немесе сатушыдан алады. Яғни арадағы делдалдың аздығы өнімнің бағасын арзандатуға ықпал етеді. Кейбір тауар брендсіз, қарапайым болуы мүмкін. Бұл да өнімнің бағасын төмендетеді.

Өндірушілер тауардың сапасына сақтықпен қарайтынын жеткізеді. Себебі платформада «кері байланыс» жүйесі бар. Бұл функция тауарға қатысты тұтынушылардың пікірімен бөлісіп, оның сатылымына тікелей әсер етеді. Өнім жоғары сапалы болса, оның рейтингі де көз қуантарлық болады. Тапсырыс саны көбейіп, өндірушіге пайда әкеледі. Бұл сатушыларды сапаға мән беруге итермелейді. Десе де үміті ақталмаған тұтынушылар баршылық.

Тауар жеткізу тегін бе?

Сырттан келетін өнімнің жеткізу уақыты қашанда ұзақ, алайда қытайлықтар үшін бұл платформа арқылы сәлемдеме күту бірнеше күнді ғана құрайды. Халықаралық жеткізу кемінде 2-3 апта, сол себептен қалаған тауарыңызды «шұғыл» түрде алдыру мүмкін болмайды. Сондай-ақ өнімнің жеткізу құны да сізге қаржылай ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Себебі заттың жеткізу құнынан бөлек, салмағы үшін де қосымша қаржы ысырап етесіз.

Әрине, жеткізу құны қытайлықтар үшін тегін болуы мүмкін, ал шетелдік сенім білдірушілер үшін тек кейбір жағдайда ақысыз. Егер сіз белгілі бір соммадан жоғары тапсырыс беретін болсаңыз, жеткізу үшін төлемесеңіз болады. Алайда өнімнің салмағы ауырлаған сайын төлейтін баға да арта бермек. Әдетте 1 келіге дейін жеңіл сәлемдемелерді жеткізу ақысы арзан, ал одан асатын жағдайда баға өседі. Бұл бағалау тауарды жеткізетін логистикалық компанияның тарифтеріне негізделеді. Халықаралық жеткізуде сәлемдемені жолдау құны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін. Тұтынушы жеткізу құны мен тауардың салмағына қатысты шығынды тапсырыс берер алдында қосымша арқылы біліп отырады.

«Pinduoduo» – бизнес көзі

Көзі ашық, көкірегі ояу кейбір жан бұл платформаны өз бизнес көзіне айналдырып, халыққа қызмет көрсете бастады. Көбі дүкен ашып, түрлі ұсақ-түйектерді сатып бастады. «Осы кәсіптің арқасында аяққа тұрып, тәжірибе жинадым» деп пікірімен бөлісті Мерей Нұрланқызы.

– Қытай арқылы бизнес ашу идеясын 2019 жылы жүзеге асырдым. «Pinduoduo»-дан бұрын қытайлық сайттармен жұмыс істеп, оларды зерттедім. Бастапқы кезде, әрине, менде сәтсіздіктер болды. Тапсырыстар шатасып, кейде сатушыларға да алдандым. Алайда тәжірибе жинадым.

Әуелі балаларға арналған дүкен аштым, кейіннен әйелдер дүкенін жүргізуді шештім. Бастапқы айда тұтынушы жинау үшін әлеуметтік желідегі таргетке жүгініп, ең алғашқы табысым 500 мың теңгені құрады. Ал кейін бір күндік кірістің құны 700 мың теңгеге дейін жетті.

Бірі білсе, бірі білмес, алайда Қытаймен бірлесе жұмыс істеп, жақсы пайда табуға болады. Бұл бизнестің ерекшелігі – шығынсыз, ақша құймай-ақ та бастап кетуге болады. Сондай-ақ осы кәсіп көзінің арқасында ата-анама үй, әкеме көлік алып бердім. Басқа да техникалық құралдарды еш қиындық сатып алуға мүмкіндік туды, – дейді кейіпкеріміз.

«Temu» туралы не білесіз?

Қытайлық «Pinduoduo»-ның жаңа аналогі «Temu» халық арасында кейінгі жылдан бастап танылды. Қазірдің өзінде қалың аудитория жинап үлгерсе де, платформа иелері жарнамалау жұмыстарын әлі тоқтатпады. Маркетингтің құрбанына айналған шопоголиктер үшін бұл кішігірім «сынақ» іспеттес. Себебі әлеуметтік желілердің кез келгенінде бұл электронды сауда платформасының ізі бар.

Тарқата кетсек, «Temu»-да тауардың сапасы басты рөлде. Өндірушілер өз өнімдерінің сапасын қатаң қадағалайды, себебі платформа әлемдік тұтынушылармен жұмыс істейді. Халықаралық сауда стандарттарымен санасады, сондықтан тұтынушылар сапаға көбірек сенім арта алады. Демек баға «Pinduoduo»-ға қарағанда біршама қымбат деген сөз.

Бұл платформа сапалы тауарды ұсынуымен қатар, жеткізудің тиімді жүйесін енгізген. Осылайша тұтынушылардың сеніміне ие бола бастады. «Temu» платформасында тауар жеткізу уақыты тұтынушының орналасқан жеріне байланысты. Қазақстанға жеткізу әдетте 15-тен 25 күнге дейін уақыт алады. Жеткізу процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Ең әуелі өндіруші тауарды өзінің қоймасынан «Temu» логистикалық орталығына жеткізеді. Келесі кезеңде тауар аймақтық сұрыптау орталығына жетеді, содан кейін жергілікті тасымалдаушыға беріледі. Одан соң тауар Қазақстанға жеткізіліп, кедендік рәсімдерден өтеді. Соңғы кезеңде тауар жергілікті тасымалдау қызметі арқылы тұтынушыға жетеді.

Сәлемдеменің салмағына қатысты айтар болсақ, екі платформаның бұл тұрғыда айырмашылғын байқамайсыз.

Қос қосымшаның айырмашылығы

Қос қытайлық сауда қосымшалары халыққа ыңғайлы әрі бағасының арзандығымен жағады. Алайда кемшін тұстары жоқ деп айту қиын. Кейбір тауар ұсынушылар халықты жеңілдіктері мен тапсырыстан бөлек сыйлықтарымен рейтинг жинағысы келеді, алайда кейбірі тіпті тапсырысты қабылдау барысында өз қызметін дұрыс атқармауы мүмкін. «Арзанның сорпасы татымас» демекші, «Pinduoduo»-дағы өнімдер арзан болса да, сапасы күмәнді һәм әртүрлі болуы мүмкін. Тұтынушының қалауына салғырттықпен қараған кейбір қытайлық сауда саласының өкілдері сөзімізге дәлел бола алады. Бірі «тауар суреттегідей жақсы сапада» десе, енді бірі тапсырыс берген дүниеден басқа өнімнің келгенін немесе киімнің шақ келмегенін айтып шағымданады.

«Pinduoduo» платформасы тілдік тұрғыдан барьер қоюы мүмкін. Себебі оның қосымшасы тек қытай тілінде және көпшілікке түсініксіз. Сондай-ақ тауардың бағасы юаньмен көрсетіледі, ал оның теңгеге шаққандағы соммасын білу арнайы сайт арқылы жүреді. Бұл да ыңғайсыздық тудырады. Ал «Temu» халықаралық нарыққа бағытталғандықтан, соған сай кез келген тілде қолжетімді. Ондағы валютада сіз тұратын елдің валютасымен сәйкестенеді.

Қорытынды. Қазақстандық тұтынушы үшін «Temu» платформасы жоғары стандарттарымен және ыңғайлы интерфейсімен қолайлы болып көрінуі мүмкін. Ал қоғамды қымбатшылық жайлаған заманда «Pinduoduo»-дағы арзан бағалы тауарлар сапасына қарамастан қызықтырып, бірақ қолжетімділігі көңіл көншітпеуі мүмкін. Десе де таңдау тұтынушыда. Ал сіз бұл платформаларды қолданасыз ба?

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!