Кейде тағдыр бізді мүлдем күтпеген жолдарға жетелейді. Бүгінгі кейіпкеріміз бұл сөзімізге дәлел. Себебі спорт пен туризм саласында білім алған ол қазір кәсіби аспаз ретінде еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде.

Айбар Таңатбек – ежелгі рухтың ошағы атанған Түркістанға қарасты Арыстың тумасы, 10 жылдан астам тәжірибесі бар бас аспаз әрі кәсіпкер. Ал оның тағам әлеміне қалай бет бұрғанын білу үшін байланысқа шықтық.

Онлайн әңгімеміз бала Айбардың арманы жайында басталды. Ол балалық шағында аспаздық туралы тіпті ойламағанын айтты. Алайда тағамға деген махаббаты студенттік шақта, жатақхана қабырғасында қалыптасқан.

– Университетте «Спорт және туризм» саласында оқып жүргенде жатақханада жиі тамақ әзірлейтінмін. Достарым әр тағамымды жоғары бағалап, таңданатын. Тіпті «біздің аспаз» деп те атап кетті. Кейде сол қалжың мені тағам әлеміне қарай жетелеген секілді көрінеді, – деді ол күлімсіреп.

Ал егер аспаздық жолды таңдамаса ата-әжесінің ізімен мал шаруашылығына бет бұрар еді. Себебі осы салаға қызығушылығы бар екенін айтып өтті. Сонымен қатар кейіпкерімізбен таныса келе, оның Қазақстанның бірқатар қаласында жұмыс істеп қана қоймай, өзге мемлекеттерде де тәжірибе жинағанын байқадық.

– Тағам, мейрамхана, аспаздық саладағы еңбек өтілімім – 10 жыл. Ал керемет тәжірибе ретінде Мәскеуде өткен мемлекетаралық аспаздар сайысын мақтанышпен айтамын. Бұдан бөлек басқа да байқауларға қатысып, білімімді шыңдауға тырысамын. Ел ішінде де тапсырыс қабылдап, түрлі мейрамханаларда жұмыс істедім. Әр мейрамхананың бір-бірінен айырмашылығы көп, бірақ әрқайсысынан үйренерлік дүниелер бар. Бүгінде бұл сала елімізде қарқынды дамып келеді. Егер алысты көре алсаңыз, аспаздықты табысты саланың бірі деп айтар едім. Бастысы жаңашылдық қажет, оны енгізіп те жатырмыз, – деді Айбар Қуанышбекұлы.

Аспаздардың өмірі көпке қызық. Әңгіме барысында бір күнінің қалай өтетінін және қызықты оқиғасын сұрағанда:

– Біздің тіршілігіміз ерекше. Күніне 12-16 сағат тік тұрып тамақ дайындаймыз. Нақты есептемедім, бірақ күніне шамамен 200-300 тағам әзірлеймін. Жұмыс барысында ұжымдастармен қалжыңдап та үлгереміз. Өзіңізге «құпия» ретінде айтайын, кейде көзге жас та аламыз.

Халық арасында қазір ең танымалы – ет. Ол біздің ұлттық тағамымыз болғандықтан, бірінші орында тұрады. Ал авторлық тағамдарымның бірі – нохат қосылған көкөністер мен «кари» тұздығында дайындалған қойдың бел арқа еті. Қазақы асханадан бөлек итальян, үнді, мексика және қытай асханаларында жұмыс істедім. Ал қызықты оқиғамен бөлісу қиын. Қызмет барысында есте қалған, жүрекке жылу, ал жүзіңе күлкі сыйлатын оқиға көп. Оны түгел айтып тауыса алмаймыз. Ол үшін самаурынмен шәй қою керек шығар.

Әуелде сіз «Айбардың шабыты неде?» деп сұрақ қойғанда біршама ойландым. Себебі идея, шабыт қайдан келетінін білмеймін. Әйтеуір, кейде ойға келеді де, жасап көремін. Ұнамаса, оң нәтижеге жетпейінше тынбаймын, – деп жылы жауап қатты.

Оқырмандарға да қызық сауалдарды жолдадық. Осылайша аспаздардың жалақысы мен мейрамханадағы тағамдарды есептеу туралы әңгіме өрбіді.

– Әр тағамның құнын өзіміз есептеп, басшылықпен бірлесе жұмыс істейміз. Оның өзі де жауапты сәт. Бағасы нақтыланса қол қойылып, бекітіледі. Ал жалақыны еңбегімізге қарай аламыз, нақты сомасын айта алмаймын, – деді ол.

Қоғамда «аспаздық тек әйелдің жұмысы» деген пікір қалыптасқанымен, Айбар бұл оймен келіспейтінін айтты. Ал егер болашақ жарының ас үйге икемі болмаса?…

– Үйдің жұмысын екіге бөлген дұрыс емес. Аспаздықты да бөліп жармаймын, барлығы тең деп айтар едім. Сондай-ақ өзім үйде тамақ әзірлеймін. Мерекелік дастарханға да көңіл бөлемін. Ал болашақ келіншегіме байланысты сауалдың жауабы оп-оңай. Барлығын да үйретеміз.

Қызық дерек болсын, жапондықтар суши мен сашими дайындауға ерекше назар аударады. Бұл ретте тағам дайындау көбіне ер адамдарға тапсырылады. Себебі олардың дене температурасында айырмашылық бар көрінеді. Бұл температура әсіресе шикі балықпен жұмыс істегенде маңызды. Сондықтан ер адамдардың қолының температурасы дәл осы процеске қолайлы деседі, – деді ол.

Сұхбат соңында Айбар Қуанышбекұлы кәсібі жөнінде тілге тиек етті. Ол Арыс қаласында «Техас» технологиясын қолданатын «BBQ Pecha-roach» атты мейрамханасының негізін қалаған. Ал қазір Ақтау қаласында жас аспаздарды үйретумен айналысады.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!