Фото: depositphotos.com

Көлік жол апатына ұшыраса, құны айтарлықтай төмендейді. Бір қарағаннан көліктің ішкі күйін анықтау мүмкін емес. Ал алыпсатарлар соғылған, ескі көліктің сыртын бояп, салонын тазалап, оны қымбатырақ сатуға тырысады. Қалай саудагердің арбауына түсіп қалмауға болады? Көліктің бұған дейін соғылғанын анықтау мүмкін бе? 

Бұл сұрақтардың жауабын Massaget.kz тілшісі Kolesa.kz сарапшысы Нұрлыбай Жеңістен алды.

Соғылған көлікті сатып алу несімен қауіпті?

Жол-көлік оқиғасынан кейін көлік зақымдалады, тіпті маңызды бөлігі істен шығуы мүмкін. Жалпы барлық «зақым» үш түрге бөлінеді:

  • Сыртқы панельдер бүлінеді;
  • Күш элементтерінің тұтастығы бұзылады;
  • Конструктивті тұрғыда жарамсыз болады.

Бірінші жағдайдағы автокөлікті сатып алуға болады. Ұсақ зақымдар көліктен бас тартуға себеп емес. Ал екінші және үшінші жағдайдағы көліктер туралы ойлану керек. Мұндай техниканы қалпына келтіру кезінде сапасына аса қатты мән берсеңіз де, бөлшектер жылдам тозады. Жол апатына түссеңіз, көлік тиісті қарсылық көрсетпейді. 

Осыған байланысты қайталама нарықтан көлік сатып алу кезінде оны дұрыстап зерттеген жөн.

Фото: depositphotos.com

Көлікті онлайн-сервистердің көмегімен ЖКО-ға тексеру

Егер көлік иесі атанғысы келетін адам пайдаланылған автокөлікті сатып алуды шешсе, техниканы дереу онлайн-қызметтер арқылы тексере алады. Елімізде қолданылатын сайттар терілген нөмірге сай егжей-тегжейлі есеп дайындайды. Онда:

  • Автокөліктің қанша рет апатқа ұшырағаны;
  • Жол-көлік оқиғасы болған күн, ай және жыл;
  • Көлік апатқа қалай ұшырады, қандай жағдайда болғаны;
  • Қандай зақым алғаны жазылады.

Егер көлік иесі жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру компаниясына жүгінген болса, онда есепте сақтандыру бойынша қалпына келтіру есебі пайда болады, оның жүрісі, жөндеу түрі және құны көрсетіледі. Зақымдалған түйіндер мен бөлшектер тізімделеді. 

Фото: depositphotos.com

Осы тұста Kolesa.kz сарапшысы Нұрлыбай Жеңіс маңызды сұрақтарға жауап берді.

Көліктің жол апатына түскенін оның сыртына қарап анықтауға бола ма? 

Маманның айтуынша, тәжірибесі аз адамға көліктің сыртына қарап, оның соғылып-соғылмағанын айыру қиын. Дегенмен де бірнеше тәсілі бар.

«Визуалды алып қарайтын болсақ, ең бірінші, көліктің шынақ бөлшектеріндегі саңылауларға мән беру керек. Мысалы, қақпақтың оң жақ саңылауы алдыңғы оң қанатқа тым жақын, ал сол жағы, керісінше, алшақ болса, көліктің алдынан соққы алғанын тұжырымдауға болады. Алайда ұмытпау керек дүние бар, кейбір жағдайларда көліктің бөлшектері қандай да бір мәселемен шешіліп, қайта қойылатын болса, мұндай жайт кездесіп тұрады», – деді ол.

Көліктің жол апатына түскенін анықтайтын әдіс-тәсіл бар ма?

Егер сатып алушының қолында ешбір құрылғы болмаса, бірінші шынақ бөлшектерінің бұрандамасына назар аударуына болады. Сарапшының сөзінше, бұған дейін соғылған көлік болса, оған міндетті түрде кілттің сызаты түседі.

Сонымен қатар көлікті оталдырған сәтте Airbag жарығы сөнбесе, ол бұрын атылған деген сөз.

«Сондықтан осы секілді ақау байқайтын болсаңыз, мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Басты назарды көліктің қаңқасына және лонжеронға аударыңыз. Ол жерде ешқандай балқытып, біріктірудің ізі болмауы шарт», – деп түсіндірді маман.

Фото: depositphotos.com

Боялған көліктің сыртында қандайда бір белгі бола ма?

Нұрлыбай Жеңіс көліктің бұған дейін боялып-боялмағанын аңғартатын бірден-бір белгі – бөлшектердің зауыттық түсі екенін айтады.

«Арнайы мамандар қанша жерден кәсіби бояса да, зауыттық деңгейдегі түсті шығара алмайды, 99,9 пайызға шығаруы мүмкін, дегенмен жаңа боялған бөлшектің түсі бәрібір де өзгеше екені көрініп тұрады», – деп түсіндірді ол.

Көліктің боялғанын анықтайтын әдіс бар ма?

Сарапшы көліктің боялғанын анықтайтын әдіс-тәсіл көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, айқындауға арналған құрылғылар да бар. Оның бірі – бүгінде қолданыста жиі кездесетін бояу қалыңдығын өлшеуіш.

«Авто-әуесқойлар бұл құрылғыны – қалыңдық өлшеуіш (толщиномер) деп атайды. Бұл құрылғының пайдасы – көліктің лак бояуының қалыңдығын көрсетеді. Көлік бояйтын мамандар түзей алмаған бөлшектің беті біртегіс пішін алуы үшін тегістеуіш жағады. Ал осы құрылғы қай жерде тегістеуіш бар-жоғын анықтап береді. Бірақ біле жүріңіздер, қазіргі мамандар жаңа бөлшекті бояйтын болса, лак қалыңдығын тура зауыттағыдай шығаруы мүмкін», – деп ескертті сарапшы.

Фото: depositphotos.com

Осы тұста Нұрлыбай Жеңіс кәсіби маман ретінде пайдалы кеңестерін ұсынды.

Ол Қазақстанның автонарығы өте үлкен болғандықтан, ұрланған, шетелден заңсыз кіргізілген көліктер жиі кездесетінін алға тартты. Сондықтан та көліктің бояуына емес, құжатына назар аударуға кеңес берді.

«Мен көліктің бояуына емес, бірінші кезекте, оның құжатын тексеріп, тарихы таза екеніне мән беру маңыздырақ деп ойлаймын. VIN-коды кесілген көлік болса, оның зауыттық түсінің сақталғанынан пайда жоқ. Менің айтар кеңесім, автосарапшыға кішкене ақша төлеп, өз басыңызды проблемадан сақтап қалыңыз», – деп қорытындылады сарапшы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!