Фото: LUIS ROBAYO/AFP via Getty Images

«Интер Майами» клубы мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси шетелдік басылымның нұсқасы бойынша футбол тарихындағы ең атақты ойыншы атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Marca басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше, 17 қазанда испаниялық Marca басылымы футбол тарихында ең көп титул жеңіп алған футболшы – 37 жастағы Лионель Мессиге ерекше марапат табыстады. Салтанатты рәсім «Интер Майами» клубының алаңында, Форт-Лодердейлде өтті. Мессиге сыйлықты Marca басылымының директоры Хуан Игнасио Гальярдо мен «Интер Майами» клубының иесі Хорхе Мас табыстады.

Лионель Месси өзінің мансабында клубтық және халықаралық деңгейде 46 трофей жеңіп алған. Аргентиналық шабуылшы футбол тарихындағы ең көп атаққа ие ойыншы. 37 жастағы шабуылшы «Барселона» сапында 4 рет УЕФА Чемпиондар лигасын, 10 рет Испания чемпионатын жеңіп алған. Аргентина құрамасымен бірге ол екі мәрте Америка Кубогының иегері атанса, 2022 жылғы әлем чемпионатында топ жарды.

Айта кетейік, Мессидің жеке қоржынында 56 марапат бар. Соның ішінде 8 «Алтын доп» және 6 «Алтын бутсы» марапаттары да бар. Сондай-ақ, ол 3 рет УЕФА нұсқасы бойынша жылдың үздік ойыншысы және 4 рет ФИФА нұсқасы бойынша жылдың үздік ойыншысы атанған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!