Фото: Caravan.kz

Қазір кез келген сала интернетке байлаулы. Цифрландыру дәуірі қолға алынғалы құжаттарымыздан бастап, қаржылық жүйеміз де осы гаджет пен ғаламторға тоғыстырылған. Тіпті білім мен ғылым да интернеттің төңірегінен шықпайды. Жыл сайын сұраныс арта түскен ұялы телефон байланысының бағасы шарықтап, халықтың қалтасына салмақ түсіргені рас. Мақаламызда «неліктен интернет тарифтері қымбат?» деген сауалға жауап іздедік.

Ең арзан интернет Қазақстанда

Қазіргі уақытта телекоммуникация нарығында қалааралық және халықаралық телефон байланысы, интернет желісіне қол жеткізу, спутниктік жылжымалы байланыс қызметтерін ұсынатын 20-ға жуық байланыс операторы, сондай-ақ 3 ұялы байланыс операторы жұмыс істейді. Қазақстандағы телекоммуникация саласына талдау жүргізіп, ондағы бағалар мен осы тақырып аясындағы өзекті мәселелерді талқылайтын алаң – «PROFIT Telecom Day» деп аталады.

Биыл өткен «PROFIT Telecom Day» конференциясында «Қазақстанның Ұлттық телекоммуникациялық Қауымдастығы» ЗТБ президенті Асылбек Хайрушев елдегі байланыс саласының жай-күйіне шолу жасады. Айтуынша, биылғы 1 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 3,1 миллион байланыс абоненті тіркелген. Одан бөлек 25,6 миллион ұялы байланыс абоненті бар.

– 3G, 4G және 5G технологиялары енгелі, абоненттер ұялы байланыс желілері арқылы интернет желісіне қол жеткізді. Бүгінде елімізде 18 миллионнан астам мобильді интернет абоненті бар. Ұялы байланыс абоненттері арасында интернеттің ену деңгейі 70%-ды құрады. Халықаралық электр байланыс одағының деректеріне сәйкес, ҚР-да халық үшін мобильді интернеттің қолжетімділік деңгейі 99%-дың 96%-ына бағаланады. «Speedtest Global Index» деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстанда тіркелген интернет жылдамдығы 50,7 Мбит/с құрады, ал мобильді интернет жылдамдығы 35,71 Мбит/с. Бұл ретте Қазақстандағы мобильді интернет құны әлемдегі ең төмен бағалардың бірі болып қала береді. Осылайша, Қазақстан мобильді интернеттің төмен құны бойынша әлемнің 164 елінің ішінде бесінші орынды иеленді. Егер біз көпжылдық динамиканы қарастыратын болсақ, халықтың барлық тұтынушылық шығынының ішінде байланыс шығындарының үлесі әрқашан аз болды. Жалпы халықтың барлық тұтынушылық шығысынан байланыс қызметтеріне жұмсалатын шығыстардың үлесі 3-5%-ға, яғни тар диапазонды болып өзгереді, – деп бөлісті Асылбек Хайрушев.

Иә, жылдам интернет басымдыққа ие. Алайда оның бағасы алаңдатпай қоймайды. Мобильді тарифы ең арзанбес мемлекеттің қатарында болсақ та, келетін шығынның құны аз емес. Елімізде бірнеше байланыс операторы жұмыс істейді. «Beeline», «Теле2», «Kcell» және «Activ», «Altel», «Kazakhtelecom» секілді байланыс операторы халық арасында танымал. Алайда кеңінен қолданыстағы тарифтер құны кем дегенде 4-5 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ «тариф қамтитын гигабайт бір айға жеткіліксіз» дейді кейбір тұтынушылар. Оның үстіне кейінгі жылдары құны қымбаттап, байланыс операторлары халық наразылығына ұшырап та келеді.

– Мен «Beeline» байланыс операторының қызметін қолданамын. Айына 4990 теңге төлеймін, 25 ГБ беріледі. Алайда оны бір айға жеткізу мүмкін емес. Студентпін, яғни үй тапсырмалары мен оқу барысында орындауға тиісті дүниелердің бәрі интернетке байлаулы. Оның үстіне мен қолданатын тарифта «шексіз интернет» қарастырылмаған. Түрлі әлеуметтік желілерді қолданатын мен үшін бір айға 25 ГБ-ны жеткізу қиын. Сол үшін айдың ортасында қайтадан теңгерімімді толықтыруға мәжбүр боламын. Ал студенттің қалтасына бұл шығын ауыр түсетіні түсінікті шығар, – дейді Марат Төреханов.

Интернет сапасы көңіл көншіте ме?

Тарифтердің өсу бағасы билік өкілдеріне мәлім. Олар бағаның шарықтауына шек қоямыз дегенімен, одан кейінгі жаңалықтардан тек бағаның өскені туралы білдік. «Facebook» желісінде осы тақырып аясында пікір білдірушінің көбі мобильді тарифтің қымбаттығы мен интернеттің ұлудай жылдамдығына ызалы. Себебі қымбаттамаса, құны кемімейтін тарифтік жоспардың сапасы сын көтермейді. Шет ауыл-аймақта желі тартпақ түгілі, кейбірінде интернет атымен жоқ екен. Оның үстіне баға жиі-жиі қымбаттайды.

Нарықтағы бәсекелестіктің жеткіліксіздігі мобильді интернеттің қымбаттығына әсер ететін тағы бір маңызды фактор. Цифрландыру саласы бір ізді болды десек те, әлі де олқылықтардың орны толмай тұрғаны қынжылтады. Кей жұрт қаланың қақ ортасында отырып ақ интернет жылдамдығының әлсіз екендігіне шағымданады. Тіпті өзіндегі желі тартпаған соң, мобильді нөмері мен тарифін де ауыстыруға мәжбүр болады. Оны орнату тегін болғанымен, байланыс қызметінің құны бірінен бірі өтеді. Орташа айлық көрсеткішімен есептейтін болсақ, айына тұрмыстық шығындар үшін аз ақша жұмсалмайды: азық-түлік, коммуналды төлемдер және өзге қажеттіліктер. Халықтың көп бөлігі несиелі, оның үстіне қымбатшылық заманда сапасына сызат түскен интернет үшін 10 мың теңгелеп төлеп, оның шапағатын көре алмасақ, одан не қайыр?

Сұрақ көп, жауап ше?.. Бұл мәселе «жаманын жасыруға, жақсысын асыруға» келмейді. Оңалар деп отырғанда опық жемесек болғаны…

Баға неліктен көтерілді?

Бірі интернет үшін төленетін шығынды қымбат деп бағаны бұрыс көрсе, екіншісі бұл бағаны қанағат тұтады. Себебі оның қымбаттауына белгілі себептер бар. Инфрақұрылым мен жаңа технология, сонымен қатар экономикалық мәселе мен электр қуатының қымбаттауы ғаламтордың қолжетімді болуына кедергі. Бағаның өсуіне девальвация мен инфляцияның да әсері аз емес.

Жоғары жылдамдықтағы интернетке сұраныс көп. Әсіресе пандемиядан кейін онлайн білім алушылар саны өсіп, үйден жұмыс істейтіндердің саны арта бастады. Мәселен 500 Мбит/с дейінгі жылдамдықтағы интернет үшін тарифтер құны 14 999 теңгеге дейін жетеді. Қазақстанның интернет провайдерлері, соның ішінде ірі оператор «Kazakhtelecom» инфрақұрылымды жаңарту мен кеңейтуге үлкен қаржы салымдарын жасайды. Бұл оптикалық желілерді тарту, жаңа станциялар мен серверлерді орнату сияқты шығындарды қамтиды. Бұл да тарифтердің өсуіне әсер етеді.

Қазақстан географиялық көлем бойынша үлкен мемлекеттер қатарына жатады. Ал бұл өз кезегінде халықтың біркелкі шоғырланбауына әкеледі. Интернет желісімен елдің барлық аймағын қамту үшін үлкен капитал салымдары қажет. Бұл өз кезегінде байланыс операторларының желіні кеңейту шығындарын арттырады. Әсіресе ауылдық және шалғай өңірлерде. Мысалы Қазақстан интернетті жеткізу үшін шетелдік транзиттік байланыс операторларына тәуелді. Бұл да шығындардың өсуіне ықпал етеді.

Қазір 5G технологиясын енгізу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесі өзекті. Бірақ бұл процесс те қомақты шығындарды қажет етеді және инфрақұрылымды заманауи стандартқа сай ету үшін уақыт керек.

Жеңілдіктер туралы

Қарастырылған жеңілдіктер туралы айта кетсек. Себебі бірі білсе, бірі білмес, қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тарифтер бар. Мәселен, «Activ» желісі мүгедектігі бар жандар үшін «Әлеуметтік» деп аталатын қолжетімді тарифты ұсынады. Тариф аясында ғаламторды пайдалануға мүмкіндік беретін 10 ГБ және 100 хабарлама, өзге операторларға 100 минут, ал «Kcell» және «Activ» шексіз қоңырау шалуға болады. Құны небәрі 1790 теңге.

Ал «Билайн» ұсынатын тарифтық жоспар жоғарыда атап өткен жандардан бөлек, сондай-ақ мұғалімдерге де қарастырылған. Құны 2290 теңгелік тариф 200 хабарлама мен 12 ГБ мобильді интернетті қамтиды, өзге операторларға 100 минут және «Билайн» желілері арасында шексіз. Бұл тарифтік жоспарды *835# командасын теріп, ЖСН арқылы қоссаңыз болады. Барлық ақпаратты аталған желінің ресми сайтынан толығырақ алуға болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Асхат Оразбек «Қазақстандағы байланыс пен интернет сапасының мәселесін шешу үшін арнайы арзан тарифті жаңа байланыс операторлары пайда болады» деп, «Қолжетімді интернет» жобасының аясында виртуалды ұялы байланыс жүйесін іске қоспақ. Бұл халықтың шығынын азайтып, ұтымды мобильді интернет тарифын ұсына алады. Бұл жоба 2027 жылға дейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Алайда ол үшін мемлекет пен реттеуші органдардың қолдауы қажет.

Қазақстандағы мобильді интернетті қолжетімді әрі сапалы ету үшін бірнеше бағытта жұмыс істеу қажет: инфрақұрылымды дамыту, бәсекелестікті арттыру, мемлекет тарапынан қолдау көрсету, сондай-ақ шетелдік тәжірибені енгізу салмақты серпін бермек. Еліміздің болашақ цифрлық әлеуеті осы аталған жаңартулардың жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Сондықтан бұл мәселені жүйелі шешу Қазақстанның цифрлық трансформация процесінің ілгерілеуіне үлкен үлес қосары анық.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!