Түскі үзілісте дүкенге жол тарттым. Күн таңертеңгідей емес, әжептеуір жылыныпты. Кассадағы тәтей үстімдегі қалың күртемді көріп:

– Масқара, не киерімізді білмей қалдық. Қалың киінсең ысып кетеді, жұқа киінсең суып кетеді, – деп күлді.

Ойымдағыны дөп айтқанына риза болып, бір жағынан қалың күртем үшін ұялғаннан «айтпаңыз» деп жымидым.

Хош. Бұл аумалы- төкпелі күзгі ауа райы емес пе?! Қазанда Қызылордаға қар жауа бермейді. Қызықтың көкесі биыл болып жатқандай. Жапалақтап жауған қар жерге түспей еріп кетті. Ертесіне күн қаһарына мінді де лезде райынан қайтты. Бұл үлкендердің айтуынша «қазан ұруы».

Басты тақырыбымызға ойысайық. Кейінгі жылдары «жаһандық жылыну», «климаттықөзгерістер» тақырыптары жиі қозғалып, тіпті құлаққа сіңісті әңгіме болып кеткен. Зерттеулер бойынша 1980 жылдан бастап ғаламшардағы климат күрт өзгеріске ұшырай бастаған.

Климаттың өзгеруіне әсер етуші басты факторлар ормандардың азаюы, өндіріс пен автокөлік шығарындылары және энергияны қазба отындардан алу. Салдарынан жаһандық жылыну орын алып, жердің орташа температурасы артуда. Ал мұндай температурада еріген мұздықтар жағалауда орналасқан аймақтарға үлкен қауіп төндіріп отыр. Кейінгі жылдары экстремалды ауа-райы құбылыстарының артқаны сонша, көгілдір экраннан көрген апатқа таң қалмайтын дәрежеге жеттік. Құрғақшылық, су тасқыны, дауылдар мен орман өрттері барған сайын жиілеп, қаншама елдің тіршілігі мен экономикасына зиян келтіруде.

Мәселен 1980-2011 жылдар аралығында тасқын себебінен Еуроодақ елдерінің экономикасына келген шығын 90 миллиард еуроға жеткен. Одан бергі жылдарды есептей беріңіз…

Кейінгі жылдары дүние жүзінде табиғат апатының саны айтарлықтай артқан. 2000-2019 жылдар аралығында шамамен 7348 табиғи апат тіркелген. Бұл 1980-1999 жылдар аралығындағы кезеңмен салыстырғанда екі есеге көп дейді мамандар. Оның 44%-ы су тасқынынан болса, 28%-ы дауылдан, ал жер сілкінісі 11%-ды құрап отыр.

Астанада өткен CONNECTED халықаралық конференциясында жасыл экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг:

– Адамзаттың жартысы жойылып кетуі мүмкін. Оны жетістік деп айтуға бола ма? Климаттың өзгеруіне қатысты айтатын болсам, мемлекеттер бөлінген, ортақ мақсатқа жету үшін нақты іс-әрекет жоқ. Тек үлкен мінберлерден айтылып жатқан сөз ғана бар. Париж келісімі міндетті болып табылмайды, әлемге ортақ заң емес. Әрине келісімге қол қойған мемлекеттер бар. Бірақ үкіметтер ешқандай да прогрессті қамтамасыз етіп жатқан жоқ. Перспектива жоқ. Ол келісім күшіне енгеннен кейін 4-5 жылдан соң кездесіп, талаптарды азайтты. Біз қазір болып жатқан жағдайларды түсініп, келісімнің талаптарын қайта қарауға тиіспіз. Біздің ұрпақтарымызға жағдайды түзеу үшін көптеген құрбандыққа баруға тура келеді. Бұл мәселе барған сайын күрделене түседі. Сондықтан мәселені қайта қарауымыз керек. Үкіметтің рөлі айтылып жатыр. Алайда ол жеткіліксіз. Адамдар мәселенің шешімін үкіметтен күтеді, талап етеді. Климаттың өзгеруіне бәрі жауапты. Тұтынушылар оны үкімет немесе бизнестен көрмеуі керек. Бұл жердегі мәселе – жүйенің болмауында, – деген болатын.

БҰҰ-ның даму бағдарламасы Қазақстанда кейінгі отыз жылда ауа температурасы 1,5 градусқа өскенін мәлімдеді. Салдарынан Қазақстандағы мұздықтардың аумағы 30%- ға азайған. Бұл әсіресе Іле Алатауындағы мұздықтарға қатысты байқалып отыр.

Кейбір аймақтарда жауын-шашын көлемі артса, кей аймақтарда керісінше 10-20% азайған. Тіпті соңғы 30 жыл ішінде Қазақстанда экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілігі екі есеге артқан. Атап айтқанда, қатты ыстық толқындары мен құрғақшылық оқиғалары 80%-ға жиілеп, жеріміздің шамамен 66%-ы құрғақ аймаққа айналған. Ал кейінгі жылдары бұл көрсеткіш тіпті артып келеді. Баса назар аударғанмен бәсекеге шыдас бермейтін ауыл шаруашылығының (егін/мал шаруашылығы) құлдырауына бірден бір себеп осы. Бұл жағдай экономикаға ғана емес, халық денсауылығына да зардабын тигізуде.

Мысалға айтар болсақ, су тапшылығы өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісіне кері әсер етті делік. Салдарынан импорт үлесі артып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері туындайды. Ал бұл айналып келгенде халықтың денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймайды.

Ірі өнеркәсіптік қалаларда ауаның ластану деңгейі де жылына 3%-ға көбейіп келеді. Мұнда әсіресе Алматы, Теміртау, Өскемен сияқты қалалар ластанудың жоғары деңгейінде тұр. Ал мұндағы зиянды қалдықтардың денсаулыққа әсерін төмендетуде орман, тоғайлар маңызды рөл атқарады. Бірақ оның да жағдайы мәз емес. Себебі кейінгі 20 жылда Қазақстандағы орманды жерлердің көлемі 0,5%-ға азайған. Оған жылда отқа оранатын ормандарды қосыңыз.

Өзендер мен көлдерге келер болсақ, Каспий теңізінің су деңгейі жыл сайын 6-7 см-ге төмендеп барады. Кейінгі 15 жылда оның суы шамамен 1,5 метрге төмендесе, әлем назарын аударған Арал теңізі бұрынғы көлемінің 10%-ын ғана сақтап қалған. Ал таулы аймақтарда керісінше қар көшкіні мен су тасқыны оқиғалары 40%-ға артып отыр.

Бұл Қазақстандағы климаттық өзгерістердің нақты көрсеткіші және алдағы онжылдықта әлі де жалғасуы мүмкін дейді метеорология мамандары.

Бар дейсің бе өмірде азап ондай?
Дүние азса, ол енді азады оңбай.
Адам таза болмайды ешқашан да,
Айналайын табиғат таза болмай! – деп жырлайды Қадыр ақын.

Айналамыздағы жақсы-жаман өзгерістің барлығы да тікелей өзімізден басталатынын естен шығармайық!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!