Өмірдің қай кезеңінде болсын жаңашылдыққа ұмтылып, «үйренсем, білсем екен» деу − нағыз батыл іс. Ал бүгін дәл осындай қайсар тұлғаның жарқын мысалы ретінде Кендебай Ыдырысов туралы айтпақпыз. Себебі 57 жаста университет аудиториясына қайта оралып, білімін арттыруды көздеген кейіпкеріміз біз үшін нағыз ізденістің символына айналды. Қазір ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті.

− 1988-1991 жылдары Ташкенттегі құрылыс техникумында білім алып, кейін 2006 жылы тау-кен жұмыстары мамандығын иелендім. Колледж қабырғасында 12 жыл мұғалім болдым. Ал Қызылордаға 2004 жылы көшіп келдік. Мұнда келгелі құрылыс мекемелерінде бригадирден бастап, жобалық директор қызметіне дейін жұмыс істедім. Ал 2013 жылы жеке мекеме аштым. Бірақ ол да үлкен еңбекті талап етеді. Қазір уақытша тоқтап тұр.

Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде құрылыс саласында оқимын. Биыл 2-курс студентімін. Жастық шақтағы оқу мен қазіргі білім алуды салыстырсақ айырмашылық көп. Тіпті аспан мен жердей.

Сонау техникумда оқыған жылдары бір топта 33 студент болдық. Бірақ оның ішінде 8-і ғана оқу бітірдік. Біреуі әскери борышын өтеуге кетсе, қыздар тұрмысқа шықты. Мұнан бөлек оқудан шеттетілгендер де болды. Соңғы оқу жылын 3 қыз, 5 ер бала болып тәмамдадық. Әлі есімде, оқу ұзақтығы 90 минуттан, күніне 4 сабақ еді. Кейде 1 парда тақтаға 2 рет шығып сабақ айтамыз. Сол кезең шынымен үлкен тәжірибе болды, − деді ол.

Мектепті тәмамдап, әскерге де барған Кендебай ағаның қоржынында орта және жоғары білім бар. Бірақ алға қойған мақсатына жету үшін білімін әлі шыңдап жүр. Оның айтуынша, адам оқыдым, болдым демеу қажет. Ал әңгіме барысында ересек шақта оқу қиын екенін де жеткізді.

− Иә, үлкейгеннен кейін оқу қиын. Себебі әр нәрсе заманына сай өзгереді. Бірақ білімімді шыңдап, мақсатыма жетуім керек. Себебі алға қойған жоспарым үлкен. Жастарға қазір білім алуға барлық мүмкіндік бар. Интернет те, байланыс та қолжетімді. Бір мамандықпен шектелуге болмайды, үнемі үйрену керек. Себебі үздіксіз іздену ғана жетістікке жеткізеді. Жастардың көбі «оқысақ болды» деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Әр адам өз мамандығын шын жүректен сүйіп, құрметтеу қажет, −дейді кейіпкер.

Кендебай Ыдырысов − көпбалалы әке, 3 немере тәрбиелеп отырған аяулы ата. Ол жұмыс, оқу мен отбасылық өмірді қатар алып жүрудің қиындығы жоқ екенін тілге тиек етті.

− Егер уақытыңды дұрыс бөлсең және әр істі шын ниетпен атқарсаң, ешқандай қиындық болмайды. Жұмыс пен оқуды отбасыңның қолдауымен үйлестіру мүмкін екенін түсіндім. Ал оқу мен үшін жаңа белес. Ой-өрісімді кеңейтіп, заман ағымынан қалмауға көмектеседі. Жұмыстағы міндеттерімді орындау маған қиындық туғызбайды, себебі әр нәрсеге уақытты үнемді пайдалану – басты қағида, − дейді Кендебай Райымбекұлы.

− 1967 жылы Өзбекстанның Навоий облысында дүниеге келдім. Нақтырақ айтсам, Тамды ауданында туып-өстім. Қазақылықты жоймаған, салт-дәстүрге берік қазақтар осында. Мұны Бауыржан Момышұлы «нағыз қазақтарды осы Тамды ауылында көрдім» деп айтып кеткен. Шәмші Қалдаяқов жырлаған «Тамды аруы» да біздің өлкеге байланысты. Сіз де бұл жайында хабардар шығарсыз, – деп Кендебай аға туған жері туралы мақтанышпен әңгімеледі.

Расымен де, жұмыс, оқу мен отбасылық өмірді қатар алып жүру – қиындық емес, мүмкіндіктің көзі. Әр істі сүйіспеншілікпен атқару мен уақытыңды дұрыс басқару арқылы адам кез келген белесті бағындыра алады.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!