Жаздың кешінде аспандағы жұлдыздарды санап, сұлулығына тамсанып көрдіңіз бе? Иә, жұлдыздар – түнгі аспанның қайталанбас эстетикасы. Бірақ байқайсыз ба? Қалаға қарағанда, ауылдағы жұлдыздар ерекше жарқырайтындай… Бір кездері бабаларымыз жұлдызға қарап, жол тауып, уақытты білген деседі. Ал қазір жетіқарақшыны да таба алмайтын жастар бар. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін жұлдыздар туралы ақпаратпен таныстыруды жөн көрдік.

Уикипедиялық мәліметке қарасақ, жұлдыз – массасы ерекше ауыр, өзегіндегі термоядролық реакция арқылы айналасына тұрақты жарық шығаратын, плазмалық газ және плазма күйдегі аспан денесі. Кейбір жұлдыздар күннен мың есе үлкен әрі жарығырақ болып келсе, ал кейбіреуінің мөлшері мен жарығының энергиясы күннен әлдеқайда аз болады. Жұлдыздар да әртүрлі жарқырайды. Алтын балық шоқжұлдызының S жұлдызы Күннен 400 мың есе артық жарқырайды деседі. Ал күн өзінің барлық белгілері жағынан қатардағы жұлдыз болып саналады.

Ертеректе мұсылмандар қазіргідей навигация мен интернет жоқта ақшам мен құптан уақытын жұлдыздарға қарап анықтаған екен. Құлан дүз, жапан далада келе жатып, темірқазық пен жетіқарақшыға қарап, құбыла бағытын білген.

Ал ата-бабаларымыз жетіқарақшы жұлдызын «аспан әлемінің сағаты» немесе «аспан тілі» деп атаған. Бұл туралы этнограф, зерттеуші Болат Бопайұлы «Қазақ түн баласында ұзақ-ұзақ жол жүргенде бірінші болып темірқазық жұлдызын аспанға қарап, тауып алады да, одан соң жеті қарақшы жұлдызының қалай қарай ауып бара жатқан бағытына көз жібереді. Сосын оның қай жақта, қай орында тұрғанын анықтайды да, баратын бағыт-бағдарын, бет алысын соған қарай туралайды. Сосын нық сеніммен алға тартып жүріп кетеді.

Қазақ есепшілерінің аспан әлемі есебінде жеті қарақшы жұлдызы бір тәулік ішінде аспан әлемінің солтүстік жарты шарын бір рет толық айналып шығады. Алты сағат уақытта аспан шарының солтүстік шарын жүз сексен градус, қазақша айтқанда, толық шеңбер айналып барып бұрылады деп есептейді.

Қазақтың байырғы малшылары мал күзеткен кезде күздің ұзақ-ұзақ түндерінде, сарғайған сары таңдарында жеті қарақшы жұлдызының аспандағы орнына қарап күзеттен кезекпен ауысатын болған. Ол замандарда сағат болмағандықтан олар аспандағы жұлдыз жетіқарақшыны уақыт өлшейтін сағат орнына пайдаланған. Уақыт тілі деп білген.

Қазақ есепшілері кешқұрым жұлдыз туа бастаған шақта жеті қарақшы жұлдызы аспан әлемінің солтүстік қазан бүйірінен көрінген кезде бұл кезді «кеш кірді», «қызы іңір болды», «ала кеуім кеш», «жұлдыз жанды» немесе «жұлдыз туды» деп ұйғарған.

Түн ортасында жеті қарақшы жұлдызы аспан әлемінің солтүстік қазанының қақ ортасынан көрінуін қазақ «жеті қараңғы түн», «түн ортасы», «қап-қараңғы түн», «шалқар түн» деп есептеген. Таң алдында жеті қарақшы жұлдызы аспан әлемінің солтүстік жарты шар қазанының бүйірінен көрінуін қазақ «таң алды», «таң алау», «таң құлан иек», «сәресін» деп ұйғарған» дейді.

Демек шөміш пішінді иіліп солтүстік аспаннан өте анық көрінетін жетіқарақшыны тани алсақ, уақытты да оңай бағдарлауға болады деген сөз. Айта кету керек, жетіқарақшы республиканың барлық аумағынан айқын көрінеді.

Ал сіз жұлдыздарды тани аласыз ба? Аспан әлемінің әдемілігін анығырақ көремін десеңіз, қала сыртына немесе далалық жерде жұлдыздарды тамашалауға кеңес береміз.

А.НАЗАШ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!