Фото: Anadolu Agency (AA) anadoluimages.com видеосынан алынған

Израиль әскерилері Ирандағы әскери нысандарға «дәл соққы» жасап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлады KAZINFORM ақпараттық агенттігі  BBC News-ке сілтеме жасап.

Түнгі сағат 2-лер шамасында ЦАХАЛ «Ирандағы режимнің Израильге қарсы үздіксіз шабуылдары» деп атағанына жауап ретінде «Ирандағы әскери нысандарға дәл соққылар жасап жатқанын» айтты.

Израиль әскерінің Иранға жауабы Тегеран 1 қазанда Израильге жаппай шабуыл жасап, 200-ге жуық баллистикалық зымыран атудан кейін жоспарланған болатын. Бұл Иран қолдайтын ливандық шииттік «Хезболла» тобының жетекшісі Хасан Насралланың өлтірілуіне жауап ретінде жасалды. Ол израильдіктердің Бейруттегі Хезболланың штаб-пәтеріне жасаған соққысынан қаза тапты.

Израильдің жауап ретіндегі шабуылының ауқымы әлі анық емес. Бірақ Израильдің қоғамдық телеарнасы ондаған жойғыш ұшақ Иранның әскери нысандарына соққы жасағанын айтты, деп хабарлады Reuters.

Иранның Fars ақпарат агенттігі Тегеранның батысы мен оңтүстік-батысындағы бірнеше әскери база Израильдің атқылауына ұшырағанын растады.

Нысандарға энергетикалық инфрақұрылым немесе ядролық нысандар кірген жоқ, деп хабарлайды NBC News және ABC News израильдік шенеунікке сілтеме жасап.

Израильдің 12 телеарнасының хабарлауынша, Израильдің соққыларының негізгі нысанасы – Иран қорғаныс өнеркәсібінің орталық әскери нысандары, соның ішінде зымыран зауыттары, ұшқышсыз ұшақтарды әзірлеу және өндіру нысандары және баллистикалық зымырандарды ұшыру базалары.

Иранның мемлекеттік телеарнасы Тегеран маңында «күшті жарылыс» болғанын хабарлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!