Қос ғасырдың тоғысар тұсында ұлы Абай халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрету жолы еді. Заманының тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшін тұсын Абайдай көре білген жан кемде-кем. Әдебиеттің мол мұрасы, ерен жетістігі, шексіз байлығы бізге Абай арқылы келіп отыр. Абай – қазақ үшін парасат биіктігінің, ақыл-ой мен рухани байлықтың өлшемі.  

Абай ең алдымен қазақ дүниесінде тұлғалық сананы ашады. Қазақтың бас ақыны поэзиясында өз еліне ықпал етіп, жол көрсеткісі келеді. Мұн­дай мәселе Батыс дүниесінде, грек дүниетанымында ашылса, бізде – Абай ашқан. Абай сыни дәстүрді бастады. Бұл оның  дінге бойлағанының бір көрінісі. Ақын дәстүрлі исламмен айналысып қана қоймай, ислам философиясына бойлаған кісі. Ақын өлеңдерінде өз за­манын­дағы қазақ халқының күнделікті тұрмысы, оның рухани байлығы, әдет-ғұрпы, қазақ ауылының жыл мезгілдері­не байланысты көрінісі мен болмысы жайында ой толғаулары ұштасып жатыр. Ұлы Абай қазақ даласына білім принци­пін адам өмірінің негізі ретінде енгізіп, өркендеумен байланыстырды.

Абай адам мұратын қалыптас­тырып қана қойған жоқ, мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсе­тіп берді. Шығармасында адам бойындағы қайырым­дылық, қанағат секілді қасиеттер де талданған. Дана ақынның пайы­мынша, адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы – шығармашылық ойлау. Демек ой – табиғат құбылыстарын ғана емес, адам өмірін талдау, қорыту, салыстыру үшін берілген. Нағыз адам мұратына жетудің екінші шартын еңбек, қызмет деп есептейді. Ақын еңбек туралы да жаңа сөз айта алды. Ол қазақ қоғамында еңбек туралы жаңа түсінік қалыптастырды. Абайдың айтуынша, еңбек – жай ғана қызмет емес, адам болмысының айнасы. Еңбектің өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Ғылымды игеру, тану, білімді болу – маңдай тердің, еңбектің мәні. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде асқақтата жырлады.

Абай – қазақ елінің моральдық кодексін жасаған адам. Толық адамды ақын білімділік, ақылдылық, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдаған. Толық адамның бойында сегіз қасиет бар. Сол сегіз қасиеттің ішіндегі ең күшті қасиет- ғылым мен құдірет. Осы екеуін қосып, ақын «ақыл» деп алады. Ал, үшіншісі – әділет. Бұл қасиет адамның бойын­да болса, онда сол адам толық адам болмақ. Жастарды тәрбиелеуде біздер осы ілімді мейлінше үйретуіміз керек. Ұлы ақынның гуманистік этикасының, моралінің тағы бір ерекшелігі тек туған-туысқаныңа, дос-жараныңа ғана емес, тіпті, «дұшпаныңа да әділ бол» деуінде. Дұшпанға әділ қарауға шақыру – әлемдік гуманизмнің биік шыңы саналады. Абайдың адамгершілік идеалы, принципі – қысқаша ғана «Адам бол!» деген тұжырым. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» – деп, адам бойындағы рухани байлықтың жоғалмауын осындай ұстаныммен ұштастырады. Ойшыл отыз сегізінші қара сөзінде: «Адам баласы үш нәрседен: надандықтан, еріншектіктен, залымдықтан қор болады, нағыз кісі болудан қалады» – деп нағыз адам болу жолын көрсетті. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ұранды мәңгілік есте сақтау керек. Абай жастарды еңбекке баулуда күнделікті отбасы тәрбиесіне, ата-ананың жауапкершілігіне ерекше мән беру керектігін баса айтады. Абайдың бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін ақ сүтімен қоса дарытқан ана мейірімінің қуаты. Кеу­десі аңыз-әңгімеге толы әжесі Зере мен мінезге бай  анасы Ұлжан Абайды өз алдына бір бөлек рухани қазына бесігі болып тербетті. Абай – мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай шығармаларының  құдіреті шексіз. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамгершілікке тәрбиелейтін өсиетке толы.

Қазақтың бас ақыны өлең­деріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен  өмір сүрсе – Қазақстанның болашағы айқын болмақ! Әлемдік мәдениеттің тұлға­сына айналған кемеңгер күл­лі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.

Дидар КАЮПОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда

педагогикалық жоғары колледжінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!