Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани ұстазы, ұлттың болмысын терең танып, өз заманының кемшіліктерін ащы шындықпен бейнелеген дана ойшыл. Оның қара сөздері – ұрпаққа қалдырған ұлы аманат, адамзаттық құндылықтарды ұлықтаған рухани бағдар. Қара сөздерде көтерілген мәселелер бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, қазіргі қоғамның да рухани, әлеуметтік, мәдени өміріне тікелей қатысы бар.

Абайдың екінші қарасөзіне ерекше тоқтала кетсек. Абай екінші қара сөзінде: Енді қарап тұрсақ, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Абай бұл қара сөзінде қазақ халқының өзге ұлттарға деген көзқарасын, ұлттық менмендік пен надандықты әшкерелейді. Бала күнінде естіген сөздерді келтіріп, қазақтың сартты, ноғайды, орысты кемсітіп, мазақ еткенін еске түсіреді. Бастапқыда ол мұны қызық көріп күлсе, есейе келе бұл көзқарастың теріс екеніне көзі жеткенін айтады. Абай қазақ пен сарт (өзбек) халқының мінез-құлық, тұрмыс-тіршілік, еңбекке деген көзқарасындағы айырмашылықты салыстыра отырып, қазақ қоғамының жалқаулығы мен бірліксіздігін сынға алады.

Абай өз замандастары – қазақтарға үлгі ретінде еңбекқор халықты мысалға келтіріп отыр. Ол ұлттың дамуы үшін еңбек пен кәсіптің маңызды екенін түсіндіреді. Абайдың өзбекті мысалға алудың өзі бекер емес екен. Кезінде әжуә қылған өзбегіңнің өндіріс бізден әлдеқайда ілгері кетті. Өзбекстан кейінгі жылдары өнеркәсіп пен өндіріс саласында айтарлықтай ілгеріледі. Олар мақта өндірісінен бастап, автокөлік құрастыруға дейін біраз саланы дамытып үлгерді. Мысалы, «UzAuto» компаниясы мен «GM Uzbekistan» бірлесіп автокөлік шығарып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспорттауда да олар белсенді. Сондай-ақ тоқыма, аяқ киім, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары сияқты тауарлар өндірісі қарқынды дамып келеді. Елде өндірілген өнімдердің көпшілігі ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де экспортталады. Қазақстанда да бұл салалар дамып жатыр, бірақ Өзбекстанның өндірістік инфрақұрылымы мен еңбек ресурстарының тиімділігі жоғарырақ.

Абайдың екінші қара сөзі – ұлтты өзін-өзі тануға, өзгелерді сыйлауға, еңбек пен білімді қадірлеуге үндейтін терең ойлы туынды. Бұл қара сөз тек сол заманда ғана емес, бүгінде де өзектілігін жоғалтпады. Абай – нағыз ұлтшыл. Ол өз ұлтын сөзбен емес, еңбекпен, іспен көтеретін адам екенін меңзейді.

Жұбатқан ТАҢЖАНОВ,
Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының
Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!