«Абай жолы» кітапханасы.

Абай облысында осындай атаумен 16 кітап жарық көрді. 8 мың данамен басылған кітап сериясына һәкім Абай, Шәкәрім, Дулат Бабатайұлынан бастап, қазіргі ақын-жазушылардың таңдаулы шығармалары енген. Бұл туралы 24KZ ақпарат порталы хабарлайды.

Бұл «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясындағы алғашқы топтама. Тырнақ алды басылымға өңірден шыққан ақын-жыраулар мен жазушылардың үздік шығармалары топтастырылған. Әсіресе абайтануға ерекше көңіл бөлінген. Мұхтар Әуезовтің Абайдың өмірбаяны туралы жазғаны, Тұрсын Жұртбайдың ақынның қара сөздері жайындағы ғылыми зерттеулері жеке кітап ретінде жарық көрді.

Арап Еспенбетов, «Абай жолы» кітапханасы» жобасының жетекшісі:

– Ең басты талап сапа. Мұнда айтушылар көп. Менің кітабымды шығарсақ. Ананы енгізіп жіберсек, мынаны шығара қойсақ. Олай болған жоқ. Біз 20-30 кітаптың ішінен осы 16-сын таңдап алып, өткіздік. Биылғы жылға егер мүмкіндік болса, облыс әкімдігі қолдаса 20-ға жеткізсек деген ой бар.

Алғашқы топтама 16 кітаптан тұрады. Төлеужан Ысмайылов, Әзілхан Нұршайықов, Несіпбек Айтұлы, Бауыржан Жақып, Толымбек Әбдірайым, Думан Рамазан, Айгүл Кемелбаеваның туындылары оқырманға жол тартты.

Бауыржан Жақып, ақын:

– Кешегі Абай, Мұхтар, Шәкәрім сияқты тұлғалар туған өлке. Сол ұлы Абайдың мектебі бар. Сол Абай мектебінің бар екендігін паш етіп «Абай жолы» деген жаңадан кітаптар сериясын шығаруды қолға алып жатыр. Бұл руханият саласындағы үлкен бір жаңалық деп ойлаймын.

Нұрат Несіпбекұлы, Н.Айтұлының ұлы:

– Әкемнің «Есіл де есіл, есіл күн» атты кітабы шығып жатыр. Үлкен қуаныш. Негізгі сол бұрынғы классикалық өлеңдері енді. Кейінгі жарыққа шықпаған өлеңдері мен біраз поэмаларын енгіздік. Оның ішінде кешегі жаңа поэмасы «Көктің ұлы» атақты өзіміздің батыр ағамыз Тоқтар Әубәкіровке де арналған поэма бар.

Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалы мен облыс әкімдігінің бірлескен жобасы алдағы уақытта жалғасын табады. Енді жыл сайын әдебиет саласындағы қазіргі буынмен қатар Абай, Мұхтар, Шәкәрім шығармалары да жаңартылып тұрақты түрде жарық көреді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!