Дүние есігін ашқан сәбидің қандай болатыны жанындағы адамдарға, берілген тәрбиесіне байланысты. Болашақта балаларымыз бетке ұстар тұлға болу үшін не істеу керек?
Мұхаммед Әли «Чемпион жаттығу залдарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныс пен арманнан, мақсаттан чемпион туады» деген. Сол секілді әрбір баланы армандауға, мақсат қойып, нәтижеге қол жеткізуге талпындыру қажет. Яғни балаға қос қанат керек. Оның бірі – арман болса, екіншісі – мақсат. Ал ақ парақты әрбір адамның өзегі дер едім. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөз бәзбіреулер үшін жағымсыз естілуі мүмкін. Шын мәнісінде бұл сөздің астарында үлкен шырыл үндеу бар. Қанатсыз құс ұша алмайтындай, армансыз да өзіңді биіктен көре алмайтыныңды түсіндіреді.
Ғ.Мұстафин «Арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар» деген. Түсінігімше, арман – адамның ұзақ өмір сүруіне себеп. Алға қарай ұмтыла түседі, ұмтылдыра береді. Ал мақсат деген не? Мақсат – сен қалайтын, орындалса екен деп тілейтін армандарға апарар жол. Мақсатың болмаса, армандарың бұлыңғыр бір елестей боп калуы ғажап емес. Осы тұста Альберт Эйнштейннің: «Егер бақытты өмір сүргің келсе, адамдар мен нәрселерге емес, мақсатқа тәуелді болыңыз» деген сөзі ой саларлық.
Білесіз бе, арман мен мақсат жайлы бұрын не ойладым, қазір не ойлаймын? Арман – ол уақыт өте келе өзгеріп, құбылып, түрленіп, жаңарып тұратын нәрсе. Сенің ой-санаңмен, біліміңмен бірге құбылып отыратын өзгермелі материя. Мысалы, мектеп қабырғасында журналистика мамандығында оқысам деп армандағанмын. Қазір сол арманыммен алға қадам басып келемін. Ал қазір 18 жастағы қыз басқаны арман етеді, басқаны мақсат етеді. Ол қандай арман деген сұрақ туындауы орынды. Ал менің ішкі өзегім ешкіммен бөліскенді қаламайды.
Алға ұмтылу – өмірдің мақсаты. Өмірдің мәні – мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттің парасаттылығы мен пәрменділігінде, ендеше тұрмыс-тіршіліктің әрбір сәтінде алда үлкен мақсат тұруға тиіс.
Балауса СЕРІКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!