Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді делінетін кірпіш үйдің сүрілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлы туып-өскен деп болжанған Жангелді ауданындағы үйдің бұзылғаны жайлы ақпарат жариялаған болатынбыз.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыстық мәдениет басқармасы түсінік берді.
«Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үй бұзылған жоқ. Ол үй әлдеқашан табиғат заңдылығымен қирап біткен, – деп түсіндірді ведомство басшысы Ерлан Қалмақов. – 2009 жылы жергілікті қоғамдастықтың күшімен ағартушы үйінің іргетасы қаланған жерде қалпына келтіру жұмысы жүргізілді, саманнан шағын үй салынды. Содан бері ол үй «Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үй» деп аталып кетті. Әрине, ол аса көрнекті деуге келмейтін, сәулет талаптарына сай емес еді. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде ғимарат айтарлықтай ескірді, өйткені қолда бар материалдардан салынған».
Өңірде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеуге дайындық басталғанда жергілікті тұрғындардың, жұртшылықтың өтініші бойынша үйді жөндеп, ғалымның мұражай-үйіне айналдыру туралы шешім қабылданды.
«Іс-шаралар жоспарына мұражай салу ісі енгізілді. Біз онымен айналыса бастадық, аудан әкімдігі конкурс жариялап, мердігер анықталды. Бірақ құрылыс сапасыз материалдардан басталғандықтан, аудан әкімдігі тапсырыс беруші ретінде жұмысты тоқтатып, мердігермен келісімшартты бұзды. Қазір жаңа жоба бойынша жаңа үй салу шаралары қарастырылуда, – деп түсіндірді Ерлан Қалмақов. – Бұрын ғимаратты қалпына келтіруге 20 миллион теңгеден астам қаражат керектігі айтылған. Қазір ол өзекті емес. Себебі жаңа ғимарат салу және оны тарихи экспонаттармен толтыру мәселесі маңызды болып отыр», – деп толықтырды ведомство басшысы.
Жақын арада жаңа мердігер анықталып, құрылыс басталады деп жоспарланған.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерекелік шараларға, яғни қыркүйекке дейін мұражай-үйдің құрылысы аяқталады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!