Бала­лар әде­­биеті – ұлттық мә­де­ниеттің мә­йе­гі, құндылық­тардың адастырмас темірқазығы. Балалар та­қы­рыбына тереңінен бойлап жүрген қаламгерлер қатары аз емес. Алайда жастар мен жасөспірімдер ара­сында насихат әлі де аз, қа­лам тербеп жүргені не­кен-саяқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар әдебиеті жылының» ізін құрғатпай, 2022 жылды елімізде «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. «Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бейжай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлеке­тіміздің жарқын бола­шағы­ның кепілі. Сондық­тан келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек. Бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Ерекше бастаманың аясында бірқатар шаралар қолға алынып, маңызды мақсаттар іске асуда. Осы орайда облыстық «Ақмешіт жастары» газеті «Балалар жылына» орай білім алушылар арасында «Алтын сақа» ертегілер байқауын жариялаған болатын. Атаулы жыл аясында мектеп оқушылары мен жасөспірімдер шығармашылығын қолдау, аймақтағы балалар әдебиетін дамытуды мақсат еткен аталған ертегі бәйгесіне өңір бойынша 40-тан астам мектеп оқушысы мен колледж студенттері қатысты. Ережеге сай қатысушылардың материалдары 30 наурыздан бастап 20 мамырға дейін қабылданды.

Жақында шығармашылыққа қадам бассам деген жастардың мерейі үстем болды. Байқау қорытындысы шығып, кішкентай жеңімпаздар марапат төрінен табылды. Жүлделі І орынға «Orda school» жеке мектебінің оқушысы Айназ Икраш лайық деп танылды. Оған «ARAY PARK» ойын-сауық орталығының алғашқы лагеріне жолдама табысталды. Жолдама аясында жеңімпаз 10 күн көлемінде түрлі шығармашылық кештерге, аспаздық, хореография, этика, ораторлық шеберлік секілді қызықты шеберлік сабақтарына қатыса алады. Сонымен бірге ойын-сауық бағдарламалары да қамтылған.

Жүлделі ІІ орын Қазалы ауданы, Қожабақы ауылы № 25 мектептің 7-сынып оқушысы Төлеген Мәделханұлына берілсе, ІІІ орынды С.Сейфуллин атындағы №4 IT мектеп-лицейінің оқушысы Роза Арыстанбекова иемденді. Ал ІІ және ІІІ орын иегерлеріне жанашыр кәсіпкер, қаладағы «BIALI Sport» дүкенінің иесі Асхат Шаукенбаев демеушілік жасап, спорттық дүкеннің сертификаттарын сыйлады. Байқауға қазылық еткен «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары, журналист Айжан Абдуллаева: «Балаларға арналған қазақша сапалы контент, ертегілердің болуы – уақыт талабы. Өйткені баланың болашағы балалық қиялынан, кішкентай кездегі ойынан қалып­тасады. Осы орайда «Ақмешіт жастары» газеті ұйымдас­тырған байқаудың орны ерекше. Байқауға келген материал­дарды қарап отырып, әр баланың өзінше талантты екенін, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қиялы бар екенін байқадық. Қаншама жақсы дүниелерді оқыдық. Сондықтан мұндай байқаулар тек «балалар жылымен» шектеліп қалмауы керек. Ұйымдастырушыларға да, қатысушыларға да алғыс!» – деді.

Сонымен бірге ертегілер байқауына қатысып, өздерінің ерекше идеясымен, жазу қабілетімен көзге түскен қатысушыларға Алғыс хат табысталды. Алғыс хат иелеріне «Aray Aquapark» кешені суға түсуге арналған тегін сертификаттарды табыс етті. Өзгеден озық қатысушылардың қатарында М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейдің оқушысы Кенжебек Шәдібай, №5 И.В.Панфилов атындағы мектеп-лицей оқушысы Рахима Ахмадулла, № 43 Ж.Маханбетов атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Сезім Сәбит, №5 мектеп-лицейден Жаннұр Қомбай, №176 орта мектептің оқушысы Нұрайым Уәлиханқызы, «Орда school» жеке мектебінің оқушысы Бағдәулет Жолдас, № 212 мектеп-гимназиядан Аружан Тұрғанбаева, №217 Б.Шалғынбаев атындағы IT лицей-мектебінің оқушысы Аружан Өмірбай, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің студенті Айша-бибі Қыдырбек пен Қазалы ауданы, Шилі ауылындағы №259 мектептің оқушысы Рамазан Қалданов бар. Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

         Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!