Ана – адамзаттың ардақтысы. «Ана» сөзінің астарында тұғыры биік тұлғаның бейнесі тұр. Қай кезде де халқымыз «Алып анадан туады» деп ардақты ана, аяулы жар, қамқор қарындастың қадірін білді. Нәзік жанды әйел баласын ары мен намысына балады. Асылы, ел болмақ – анадан. Дана халқымыз артына: «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген өнегелі сөз қалдырды. Өйткені әйел – аналар отбасын айрандай ұйытып қана қоймай, ел басына күн туған ауыр шақта нәзік қолдарына қару алып, жауға қарсы шыққан. Оған тасқа қашалған шежірелі тарихымыз куә. Сақ патшайымы Томирис, мәңгілік махаббаттың үлгісін көрсеткен Айша бибі, Қыз Жібек пен Баян сұлу, өн бойына ақылдылық пен парасатты жинаған Домалақ ана, Зере мен Ұлжан, ел билеген Айғаным мен Ұлпан секілді аналардың есімдері, Отан үшін отқа түскен Әлия мен Мәншүктей арулардың ерліктері ел өмірінде алтын әріппен өрнектелген.
Менің анам да өзіндік болмысы арқылы өнегелі тәрбие бере білген жан. Есімі де ерекше. Ақыл деп есім қоюы ол кісінің болашағына, ақыл-парасатына жол сілтесе керек. Үйдегі 5 қыздың болашағына алаңдап, жарқын өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап келеді. Біздің сырласымыз да, мұңдасымыз да бола біліп, қолпаштай білді.
Мамықты астымызға төсеп, бар тәттіні аузымызға салды. Ешкімнен кем етпей өсіріп, елдің перзенті болуымызды қалады. Кей ата-ана секілді балаларымен сырласпау, жеке қалмау, оларға уақыт бөлмеу, не істеп, не қойғандарынан хабардар болмау секілді олқылыққа жол берген емес. Сол үшін ардақты анама алғысым шексіз.
Бүгінгі бейбіт те берекелі өміріміздің салтанат құруына жастық жалынын арнаған ақ жаулықты әжелер мен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, мол мейіріммен әлемге жылылық сыйлап отырған аналардың әр күнінің көрікті, әр түнінің тыныш болуын қалаймын. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» әйел-аналарға арналған шығармамды жүректен жарып шыққан балауса жырыммен аяқтағым келеді:
Өмір бойы қарыздармын өзіңе,
Қайран қалам бойыңдағы төзімге.
Аман жүрші, көз алдымда, анашым,
Арнадым жыр бала – жүрек сезіммен!
Маржан ҚЫЛЫШБЕК,
Қармақшы ауданы
№107 орта мектептің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!