Фото: Ашық дереккөзден алынды

Қадыр ақын «шығармашылық – ләззатты азап» дейді. Ақындықтың азабына һәм ғажабына төзіп жүрген жандардың таланты туған топырақ, өскен орта және өзі туған айға да ұқсас келетіндей. Психологтардың айтуынша ақпан айында туғандар тік мінезді келеді екен. Кейде көңіл күйіне байланысты эмоциясы құбылып отырады. Жан-дүниесіне тән қастерлі қасиеттер де бар. Мәселен, қиындықтардан қорқуды білмеу, тез шешім қабылдау, шаш-етектен шығынға батса да, оны өтеген соң қынжылмай ұмытып кету. Біреулердің арамдығын іштей сезіп тұрса да, білмеген сыңай танытады. Олар сұлулықты, тазалықты, өнер, әсем әуен, суреттерді, табиғатты сүйеді, сүйсінеді. Расымен мұның бәрі ақжүректі ақындардың бекзада болмысына тура келетіндей. Күннің суығында дүние дидарын ашса да жылы жырларымен жүректерді жылытқан, ақпан айында туған ақындар ғұмырына шолу жасағанды жөн санадық.

Жамбыл жолы


Сонау 1846 жылы 28 ақпанда ұлы ақын, жырау, жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл Жабаев дүниеге келді. Ол Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде туған. Жасынан өлең жырға қанып өскен, өз анасы Ұлданның ақындық талантын бойына сіңірген, «Менің пірім – Сүйінбай…» деп Жамбылдың өзі жырға қосқандай, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр жампозынан тәлім-тәрбие алған. Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. Оның үздік шығармалары 40-тан астам елдің тілдеріне аударылды. Ұлы жырау қазақ халқын, оның поэзиясын бүкіл әлемге жария етті.
1938 жылы Жамбылдың шығармашылық өнерінің 75 жылдығын тойлағанда, оған әлемнің әр түкпірінен құттықтаулар келді. Ромен Роллан, Мартин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. ХХ ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда К.Әзірбаев, Ү.Кәрібаев, Ә.Сариев, Н.Бекежанов, Д.Әлімбаев, С.Керімбеков, О.Тайманов сияқты белгілі импровизаторлар бар.
1941 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. І сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше аудандарға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына, мектептерге, көшелерге берілген.


Тағдырлы талант Зейнолла

Ақпанда туған ақындар


Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақпейіл ана секілді
Алдымда жатыр далам кең, – деп жырлаған Зейнолла Шүкіров 1927 жылы ақпан айының он алтысы күні Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген алып ақын. Науқастығына қарамастан өз бетінше білімін көтеріп, руханияттың дамуына үлес қосқан.
Алғашқы жинағы 1955 жылы «Менің достарым» деген атпен жарыққа шыққан. Адамгершілікті, адал махаббат пен шынайы сезімді суреттейтін «Теңіз жырлары», «Арал дәптері», «Сағыныш» атты өлең кітаптары, сондай-ақ Арал балықшыларының ауыр тіршілігін, өмірін бейнелейтін «Тоғысқан тағдырлар», бүгінгі замандастар келбетін ашатын «Сырлы дүние хикаялары», «Ізгілік іздері», «Қиын түйін» повестері мен «Отты өткелдер» атты романы жарық көрді. Өлеңдері мен поэмалары 1977 жылы «Таңдамалы шығармалар» деген атпен жарыққа шыққан.
Жазушы ел аралап, жер шарлап, емін-еркін жүре алмаса да, Сыр бойының тұнған тарихын үйде жатып-ақ зерттеп, зерделеп, жинақтай білді. Көп жылғы еңбегінің нәтижесін «Сыр бойы» атты тарихи ұлы әңгімесінен көреміз. Алайда бұл роман саясаттың құрбаны болып, жазушының тірі кезінде жарық көре алмады. Өз дәуірінде ел азаттығын аңсаған, бодандыққа бой бермеген, тәуелсіздігіміздің шоқтығы биік тұлғасы Жанқожа батыр өмірімен ұштастыра ел тарихын толғаған «Сыр бойы» романы 1998 жылы ғана жарыққа шықты. Зейнолла Шүкіров өмірінің соңына дейін жазушылық қаламын қолынан түсірмей отызға жуық кітап ұсынды.
З.Шүкіров сонымен қатар көркем аудармамен де айналысты. Орыс ақыны Ф.Тютчевтің «Жартас пен теңіз» атты жыр жинағын қазақ тіліне аударды. Әлемге танымал Шекспир мен Гейнені қазақша сөйлетті. З.Шүкіров шығармалары шетел халықтарының тіліне аударылған.
Ақынның «Сыр сұлуы», «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?», «Сәулем-ай», «Көрінбей жүрсің сен неге?» т.б. өлеңдері ел аузында әнге айналып кетті. Поэзиялық әрі прозалық жанрда бірдей қалам тербеген талант еңбегін көзі ашық, рухани дені сау жұртшылық жоғары бағалап, жазушыны «Қазақ Островскийі» деп атады. Белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев З.Шүкіров туралы «Құрыш қазақ» поэмасын жазса, көптеген ақындарымыз Зейноллаға арнау өлеңдерін шығарды. Жазушы 1977 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Зейнолла – ақын. Ақын болғанда да теңізін тағдырынан бөлектемеген, теңіздей тебіренген, теңіздей толқыған, шалқыған ақын. Ол қандай бір өлең жазса да, тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіредей, теңізіне бір соқпай тынбайды, теңіз боп ойланады, теңіз боп армандайды, теңіз боп сағынады.
«Қиын түйін» кітабының беташар сөзінде Шөмішбай Сариев: «Шынында да ақын Зейнолла Шүкіров қазақ поэзиясының ұлы жүректі тұлғасы. Ол – ұлы Тұран ойпатындағы теңіз перзенті. Содан да болар, тұла бойы тұнған сағыныштан жаралған ақын» деген болатын.
З.Шүкіров 1979 жылы 26 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүние салды.


Муза мен Мұқағали

Ақпанда туған ақындар


Мақатаев Мұқағали – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, мәртебесі биік ақиық тұлға.
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, – деп келетін бір ауыз сөзін күллі қазақ елі біледі.
Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиім 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз».
Ақын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (19621963 жылдары), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жылдары), «Жұлдыз» (1965-1972 жылдары) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жылдары) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич», «Армысыңдар достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, Тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.
Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған.
Ол 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.


Жауһар жүректі Жүрсін

Ақпанда туған ақындар


Жүрсін Ерманов 1951 жылы Қарағанды облысында 12 ақпан күні дүние дидарын ашады. Ол – ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Еңбек жолын 15 жасында Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.
Пенде болсаң – болмайсың шерден кенде,
Шер сарқылар, таусылар жерге енгенде.
Қу дүние шырмаса шырмауықтай,
Өтер бүкіл ғұмырың сергелдеңде, – дейді ақын.
Тұңғыш өлеңдер жинағы – «Жанартау» 1983 жылы жарық көрді. 1986 жылы «Арайлы күн, армысың» жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығына ие болды. «Ұлытауға бардың ба?..», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», «Гөй-гөй» атты кітаптардың авторы. Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құндылықтарын арқау етеді.
Ерманов қазақтың атамұра өнері – ақындар айтысын қайта жаңғырту, оны теледидар мен радиода насихаттау ісінде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ақындарды 1984 жылдан үлкен сахнаға шығарып, халық өнерін, ұлттық рухты көтеруге үлес қосты. Ақындар айтысын жинақтап жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазіргі айтыстар» жинағын құрастырды.


Алаштың Айбегі

Ақпанда туған ақындар


Айбек Тәңірбергенов 1973 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға елді мекенінде 2 ақпан күні дүниеге келген. Жастайынан әкесі Жақсаннан көнеден келе жатқан және әр жыраудың мақамдарын үйреніп өсті. Қазақтың қара домбырасын жастайынан серік етіп келеді. Атақты ақынжырау Бекұзақ Тәңірбергеновтің туған інісі. Нұртуған, Тұрмағанбет, Базар жырау және тағы да басқа көптеген шайыр-жыраулардың жырларын таңды-таңға ұластырып тоқтамастан жырлайтын жырауларымыздың бірі. Елімізде көпке белгілі атақты «Қира ат» атты дастанының авторы. Көптеген ән-жырлары еліміздің жұлдыздарының орындауында жүр. Ақындар айтысына қатысып талай мәрте жүлдегер атанып, қазақтың айтыс өнерінің дүлдүлі атанған ақын. Көптеген мүшәйраның жүлделі орнына ие болған.
Төл өнердің туын көтеріп жүрген Арал өңірінің тумасы, жерлесіміз Айбек Тәңірбергенов бала кезден жыраулық өнерді бойына сіңіріп өсті. Әкеден дарыған текті өнердің шырақшысы болған Айбек ақын алдыңғы буыннан үйренген өнердің қыр-сырын кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп жүр.
– Шайырлар жыр жалауын желбіреткен,
Жауһарлы моншақ өлең мөлдіреткен.
Тұрғанда тұма жыры Сыр елінің,
Көңілі тыңдаушының мәңгі көктем, – деп белгілі жырау Айбек Тәңірбергенов сөз толғайды.
– Біз әкеден туған 14 ағайынды жанбыз. Соның бәрі де өнерден кенде емес. Ал солардың ішінде халықтың көзіне түскен алдымен Бекұзақ болатын. Ағамның жолымен мен де үлкен сахнада танылдым. Ағам Бекұзақ пен ұстазым Сұрағанның ізіне көп ердім. 1988 жылы ең алғаш рет облыста болатын комсомолдар айтысына бардым. Міне, менің өнермен сабақтасқан өмір жолым осылай басталып кетті.
1993 жылы ауылда жүрген кезімде ұстазымыз, марқұм Сұраған Мырзаев өмірден өтті. Сосын ауылдағы балалар өнер мектебінде терме класына сол кісінің орнына мені жұмысқа алды. 1996 жылы барлық жердегі музыка мектебі жабылған кезде ауылдағы мектеп те жабылып қалды. Бірде 1999 жылы Қорқыттың 1300 жылдығына аймақтық жыраулар байқауы болды. Соған Арал ауданы атынан қатысып, ІІ орынды иелендім. Сонда мені облысқа жұмысқа шақырды. 17 жыл облыста халық шығармашылығын дамытуға үлес қостым. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін дәстүрлі өнер – жыр мамандығы бойынша бітірдім. Оқу бітірген соң, аталған университетте сабақ бердім. 2016 жылы туған елге келіп, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қосып жатқан жайым бар, – дейді Айбек ақын.
Түйін. Ақпанның ақтүтегінде туып ақын болған жандар көп болуы мүмкін. Біз ескермеген таланттар қаншама?! Қызығы менің де туған күнім 1 ақпан. «Жүрегіне кеп жақындар мұңы. Ақпанның бірі – ақындар күні» деп жырлауымның мәнісі осында. Бізге де ұлы жандардың жолы бұйырса, шығармашылықтың берген ең ұлы сый деп білеміз.


Дайындаған Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!