Әбділдә Тәжібаев – әлемдік даңққа бөленген, көп салалы, мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарындағы құрметті қаламгер. Алғашқы өлеңдері заман туғызған, бұрын сахара өмірінде болмаған жаңа тілектер, сарындар мен мақсаттарға арналды.
«Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария… Екінші дария − жыр дариясы… Жыр дариясы ұшы қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев», – деген екен ақын Жұбан Молдағалиев.
Қасиетті Сыр өңірі – ерте заманнан халқымыздың күнкөріс, тіршілігінің таусылмас көзі. Бұл жер ел басына күн туғанда халық-тың панасына айналған. Шалқып жатқан Сырдарияның өн бойын жергілікті халық туған анасындай аялап, қастерлеп келеді.
Сырдария өзені ықылым заманнан бері Тұран ойпатындағы бірден-бір өркениет белгісі. Мұнда ғұмыр кешіп, дүниеден өткен талай қауым мен ұлыстардың кіндігін Сырдария кескен. Түрік тектес халықтардың ел болып ғұмыр кешуіне де шапағатын тигізген осы Сыр-ана. Тарихы тұңғиық сырға, ақындарының әлемі жауһар жырға толы Сыр елінде туған Әбділдаға Сыр елі мен анасы Айманкүлден дарыған ақындық қабілет сол замандағы дәстүрге сай әуелгіде халық ауыз әдебиетінен, халық ақындарынан нәр алды. Ана көкірегінен мейірім мен ана сүтін қатар емген ол көркем әдебиетке құштар болып өсті.
Кеудем бір жанартаудай күркіресе,
Көңілімнен ыстық жаңбыр сіркіресе,
Қайнаған қара құйын бұлт боламын,
Ойымда ойнайды ұйтқып от бораным…
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, поэзия патшасы атанған Әбділдә Тәжібаев көкірегін шабыт қысып, өлең жырлары ақтарылар сәтін осылай суреттейді.
Әбділдә Тәжібаев – әлемдік даңққа бөленген, көп салалы, мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарындағы құрметті қаламгер. Алғашқы өлеңдері заман туғызған, бұрын сахара өмірінде болмаған жаңа тілектер, сарындар мен мақсаттарға арналды. Әлеуметтік тартыс, күні өткендерді сынау, өзгерістерді мадақтау дәуірге тән тақырыптар болды. Әбділдә ақындығында үлкен арна – атамекенді, Сырдарияны жырлау еді. Ол бұл өзенді үлкен символға айналдырды. Рейнді жырлаған Гейнені Днепрді жырлаған Шевченконы өзіне үлгі етті.
Сырда туған Сырдың ұлы,
Жаңа Гейне мен болам, – деген жолдарда ақын рухының мақтанышын көруге болады. Осыдан қанша уақыт бұрын жазылған «Сырдария» өлеңінің күші мен қуаты өзгермеді. Сырда туған әрбір жанның ұранына айналғандай. Ақын одан кейін де туған жерге талай шумақтарын арнады. Солардың ішінде «Сыр жырлары» шайырдың жауһар туындылары қатарында аталады. Өлеңнің өн бойынан жылылық, сағыныш лебі еседі. Бұл өлең сыртта жүрген әркімге елге барғанда талайдан көрмеген бір кездегі балауса қыз парталасын кездестірген сәтті еске салғандай.
Лирика – адам рухы, адам сымбаты. Демек ол − тұтас алғанда бір ұлттық рух, халықтық сипат. Адам бүкіл әлемдік құбылыстардың саналы көзі болса, ал лирика – сол адамның сезіну, түйсіну, тану, талғау, таңырқау, тамашалау, сөйтіп барып шешім қабылдау өлшеуіші. Мұның бәрі Әбділдә Тәжібаев шығармаларынан табылады.
…Құяр судан бөлінсе – көл тұнады, қайнаған өмірден бөлінсе – көңіл тұнады. Тұнған көлдің суы тартылғанда түбі көрінсе, тұнған көңілдің де мазмұны тартылып, түбі көрінеді; екеуінің де ақыры таяздық пен тақырлық. Жүйрік өнері дүбірде ашылғандай, ақын өнері думанда ашылады. Ал, ондайда ашылмаған өнер жоққа тең… Жалын ата жанған от қызуымен қызықты. Ол үшін оны үрлеп маздататын жел керек, ал дұрыс тұтанбаған, желсіз бықсыған түтіннен шашаламыз да қаламыз. Сондай-ақ ақын талантының да тұтанған, маздаған мезгілі салтанатты, өйтпесе ол да түтіндетеді, бықсыққа айналады… Ол – әдебиеттің тынысын тарылтқан небір қиын кезеңдерде «шындық» деп жаны шырқыраған, ұлт перзентінің намысты сөзін айта білген, ақиқат туын қолдан түсірмеген, жаратылыстан қайсар мінезді, адал ер азамат еді. Өз шығармаларында тарихи тұлғалардың шығармашылық образын сомдады. Олармен сынасты, сырласты. Дәуір солай еді…
Тасты басып кетілген, сазды басып жетілген Әбділдә Тәжібаев! Оны кетілткен тас – сол дәуір, оны жетілдірген сөз – қазақ елінің өзіне деген махаббаты болды. Сыр елі Әбділдамен мақтанды. Оның туған ауылына ақын есімі берілген. Облыстық кітапхана абыз ақын атында.
«Тек тірілер, жерді сүйе біліңдер,
Былғамаңдар жерді, таза жүріңдер.
Тоздырмаңдар біздер қазған арықты,
Өшірмеңдер біздер жаққан жарықты…
Ақылы мен сезімі тең келген, өз ұлтын да, өзге халықты да сүйе білетін, сүйей білетін ақын болу қиын. Әбділдә ақында халықтық рух бар, ол – елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Абай бастаған ұлы ақындары бар елде, Сыр елі – жыр елінен шыққан Әбділді Тәжібаев қазақ елі үшін өнеге алар тұлға.
«Ақынды тәңірі жаратады!», – деп өзі айтқандай ӘбділдәТәжібаев Тәңірі жаратқан ақын!
Гүлбада БАЙМАҒАМБЕТОВА
Арал индустриалды-техникалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!