Қасым Аманжоловтың «Неткен сен бақытты ең, келер ұрпақ. Жүзіңе көп қараймын мен таңырқап» деген жалынды жырын жастарға қарата айтуға болады. Жетістікке жету жолында аянып қалмайтын жастардың қатарында өлең әлемінде өзіндік өрнек салған жерлесіміз, жас ақын Ақжол Түменбай бар. Ол жақында республикалық дәстүрлі ХІ Қасым Аманжолов оқуларынан бас жүлдені қанжығасына байлап, Сырдың мерейін тасытты.

Ақжол – Қазалы ауданындағы Ақтан батыр ауылының тумасы. Қазір Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педогогикалық колледжінде білімін шыңдауда. «Өлеңге таласы бар» екенін ерте аңғартқан кейіпкеріміз бұған дейін де аудандық, облыстық, республикалық мүшәйралардан жүлдесіз емес, Ғ.Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын да иеленді. Оның қаламынан туған «Әке», «Сүйемін», «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деген туындылар эстрада әншілерінің хит әніне айналған. Бір сөзінде ол «Ақындық жолды таңдайтын болса, оны таңдамаған болар едім» деді. Оның себебі салмақты.

– Ақын, ақындық жол, өлең дегеннің иісі мұрынға бармаған кезде, ақындықты бір мәртебе көріп, шумақтарым ұйқасса, соған мәз болушы едім. Қазір әдебиет ардың ісі екеніне көз жетті. Бүгінгі күні әрбір сөзіңнің мән-мағынасына бас ауырту тұрмақ, ол үшін жан ауыртып, күйзелесің. Сәл дүниеге сынып қаласың. Мұның барлығы ақынға, шығармашылықпен айналысатын адамға тән қасиет, – дейді ол.

Ақжолдың өлеңдері жасық емес. Ойын тура айтатын ақын қажет тұста іркілмей, кесек түйіндерді шымыр шумақтарға сыйғызуға бейім. Бастысы, өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар жас ақын қазақи ауыл – талай талапты ұл мен қыздың түлеп ұшырған құт мекен екенін дәлелдеді. Жыр-қисса, дастандарды естіп өскен, туған жердің табиғатынан өн-бойына тазалықты сіңіре білген жас қалам иесіне алдағы уақытта да ақ жол, сәттіліктер тілейміз!

«АЖ» АҚПАРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!