Ертеде Алатаудың арғы бөктерінде қоныстанған ауыл болыпты. Онда береке-бірлігі жарасқан, адамгершілігін ұмытпаған, жандары жайсаң жұрт тұрақтаған деседі. Көрші ауылдармен салыстырғанда әлдеқайда тыныш жер еді. Бірақ әр нәрсенің жақсысы мен жаманы бірге жүреді демекші, киіз үйін басқа үйлерден алыс тіккен, малдың бабын білмесе де, «менің дүнием» деп малдарына тірі жанды жақындатпайтын сараң бай өмір сүріпті.
Ауылға келгелі бір рет те үйіне қонақ шақырмаған, біреуге қонаққа бармаған. Жолаушылатып келген жандардың да көздері бірден сол байдың үйіне түседі екен. Сонда ауыл тұрғындары:
«Адаммен сырласу, көңіл көтеру дегенді білмейді. Қашан көрсең қабағынан қар жауып жүреді. Өзі жалғыз, бала-шаға түгіл бәйбішесі жоқ» деген сөзден басқа ештеңе айтпайды екен.
Бір күні ауылға «көрші ауылда ат жарыс болады, ұтысқа қомақты ақша тігіледі» деген хабар келеді. Көп ұзамай бай да бұл шақырудан хабардар болып, сол арада тізімге өзінің есімін де жазғызады. Бір күні өзінен басқаның бабын білмейтін бұл жарықтық таң ата бар малын қорасына кіргізіп, есікке құлып салып, өзі жылқысын дайындауға кеткен екен. Сондағы дайындағаны әлсізденіп қалмасын деп қарнын көтере алмағанша жем-шөбін бергені. Солай жүріп бай төрт күндей үйіне оралмапты. Ақыры жарыстың уақыты келгенде ол атына шабандоз іздейді. Барлығы «тұлпарың жарамайды» дей береді. Алайда шыдамы таусылған бай бір жігітті тоқтатып, «атыма шабандоз бол, үлесіңді беремін» деп көндіріп алады. Бірақ ойлағандай бұл тұлпарға жеңіс бұйырмай, аты шабандозға қалады. Солай бай жаяулатып үйіне келсе, бәрі есігінің алдында жиналып тұр екен. «Не болыпты қалды?» деп сұраса, «қораңнан өлген малдың иісі шығып жатыр» дейді. Бай құлыпты бұзып қараса, малы түгелдей аштықтан қырылып қалыпты. Мұндай азапқа төзбеген бай отырып еңірей кетеді. Енді қалғаны бай деген аты ғана. Ауылдастарына «неге менің де малыма қарамадыңдар?» деуге батылы жетпеді. Себебі өзінің малына қолының ұшын тигізген адамды өлгенше қарғайтын әдеті есіне түсті. Тұрғындар мұның жағдайын сөзсіз түсінді. Өткен-кеткеннің, өкпенің бәрін ұмытып, қонақ қылды. Бұл ортаның жайлылығын енді ғана сезгендей болған бай істеген ісіне өкіне берді. Оған тұрғындар өздеріне тиесілі жерінің бір бөлігін беріп, егістікпен айналысуына жағдай жасайды. Солай бай да тату-тәтті, берекелі өмірге үйренісіп, нағыз үлгілі адамға айналды.
Замира ЖАҒЫПАР,
№171 Ғани Мұратбаев атындағы орта
мектептің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!