Бұл күндері танысың болмаса табыс табу қиынның қиыны. Беделі мен берері мол жұмыскер атану үшін я таныс керек, я көлемді «жарнапұл» керек. Қолынан келсе қарапайым халықтың аузындағысын жырып алуға дайын-ақ адамдар бар. Қош. Асылында, алмай-бермей өмір сүру мүмкін бе?

Соңғы кездері ел аузында жемқорлық көп айтылып жүр. Бірі жұмыс істеу үшін қанша ақша беру керегін тілге тиек етсе, енді бірі мансап үшін берілетін «сыйақының» мөлшерінен хабардар. Ашкөздік не істетпесін? «Ақшаның теңізінде жүзіп жүргендер» қолына билік тие қалса, әр қимылдағанына ақша сұрағысы кеп тұрады. Ақшасы барлар сұрағанын беріп, көздегеніне жетіп жатса, деңгейі «төмендер» «жоғарыдағыларға» қызығып қарайды. Біздің қоғам қазір қолынан кеп тұрса, алғанда тұрған не бар деп қарайды. Ең қорқыныштысы осы.

Арнайы қызмет алаяқтарды ауыздықтаумен әлек болса да, азаяр емес. Күн сайын бір ашкөзді темір торға қамап жатыр. Әйтсе де жемқордың саны күннен-күнге өсу үстінде. Дертті қоғамның дауасы бар ма?

Жемқорға берілетін жазаны жеңіл деп айтуға келмес. Сотталғандардың арасында лауазымы тәп-тәуір, беделді басшылар да бар. Алайда өкінетін түр байқала ма? Дүниенің бар байлығын жиып алғандар мұны қаперіне ілмей, еш уайым-қайғысыз ғұмыр кешіп жатқан жоқ па?

Ия, қазіргі таңда біреуге сыйақы бермей өмір сүру мүмкін еместей. Алайда алдын алу өзіміздің қолымызда емес пе? Ендігі кезекте пара бермеуді ойласақ қайтеді? Алаған қолдың абыройын асырып тұрған береген қол емес пе? Ендеше бұған жол бермейік. Өзімізден бастайық. Сол кезде өзге жұртқа ауыз ашып таң қалмай, өз елімізді де үлгі тұтар деңгейге жеткізе аламыз. Әр адам адал еңбектің наны тәтті болатынын білу керек. Біздің міндетіміз – жемқорлыққа жол бермеу! Жүрегі «Елім, Жерім!» деп соғатын әр жанның адалдықты ту еткені керек-ақ!

Балауса Алдабергенова,

№107 орта мектептің 11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!