Аңызға айналған Нобель сыйлығын иелену түрлі сала мамандарының арманы. Себебі жыл сайын ақша құнына қарай көтерілетін премияны иеленгендерге соңғы рет 2021 жылы 10 миллион швед кроны белгіленген. Мәселе еңбегімен еленгендердің мол қаржыға қарық болуында да емес, премияның әлемді аузына қаратар атағы мен дақпыртсыз жүрмейтін даңқында. 120 жылдан бері премия ұсынып келе жатқан Нобель сыйлығын кім ойлап тапты? Жеңімпаздарға ақша ұсыну тәртібі қалай?
Нобель деген кім?
Сыйлық туралы айтпас бұрын Нобельмен танысқанымыз жөн болар. Альфред Нобель 1833 жылы Стокгольм қаласында қарапайым өнертапқыштың отбасында дүниеге келді. Әкесі Иммануил Нобельдің әскери миналарды жасау арқылы атағы шығып, бұл жаңалығы Қырым соғысында басты қару ретінде қолданысқа түскен. Иммануил отбасын құрып, 4 баласымен бірге алғашқыда Швецияны мекен етсе, содан соң Финляндияға, артынан Ресейдегі Санк-Петербург қаласына көшеді. Дөңгелек пен арба құрауға арналған құрылғыларды да құрастыратын өнертапқыштың балалары мектепке бармай, үйден білім алғандықтан әкесі олардың алғашқы кәсіби ұстазы болды.
Ресейге көшіп, бой үйреткен Иммануил 1849 жылы химик Николай Зининнің ұсынысымен ұлын Еуропаға жоғары білім алуға аттандырады. 1850 жылы ғылым жолын қуып аттанған Альфред Парижде нитроглицеринді синтездеген Асканио Собреро есімді ғалыммен кездеседі. Ол бірден нитроглицеринді сату жолдарын іздей бастайды. Өйткені оның қуаты қарапайым оқ дәріден күштірек еді.
Николай Зининнің басқаруымен тринитрат глицеринді зерттеуге кіріскен Нобельді аталған ғылыми жұмысы жас ғалым ретінде таныта бастайды. Осыдан кейін ол Америкада Джон Эриксон зертханасына жұмысқа орналасады. Ол күн энергиясын зерттеп, алғаш рет дербес түрде физикалық және химиялық тәжірибелерді іске асырады. Бірнеше сағаттық жұмыстың нәтижесінде Альфредке өзінің атағын шығаратын идея келеді.
1864 жылы Стокгольмге қайта оралған жас өнертапқыш тринитрат глицериннің жарылғыштық әсерін әлсірететін затты табу үшін химиялық тәжірибе жасап, нәтижесінде зауытта жарылыс болады. Бірнеше адам, соның ішінде өзінің туған інісі Эмиль де қаза табады. Қайғылы қазадан кейін әкесі Иммануил инсульт алып, өмірінің соңына дейін төсек тартып жатып қалады. Арада бір ай өткен соң Альфред нитроглицеринге патент алып, динамит жасауды қолға алады. Альфредтің өмірінде барлығы 400 шақты патенті болғанмен, динамитті ойлап табуы ғана оған әлемдік атақ пен ұрпағына түгел жетер табыс алып келді.
Жар сүймеген жас
Адамзат тарихында өз есімін өсиетімен өрнектеген тұлғаның жеке өмірі мен махаббаттағы тағдыры қалай өтті? Айта кету керек, Альфред ғылыми жаңалық ашып, қару-жарақ әлемінде төңкеріс жасағанымен, жеке өмірінде ешқашан отбасын құрмаған адам.
Ғалым туралы жазылған зерттеулер бойынша, алғашқы махаббаты Альфредпен танысқан соң, аз уақыттан кейін-ақ туберкулез ауруынан қайтыс болған. Біраз уақыт жалғыздығын жұмысымен жұбатқан ғалым кейіннен жас әртіс Сара Бернармен қарым-қатынасқа түскен. Онымен отау құруға бел байлаған Нобель анасының алдынан өтіп, ақ батасын сұрайды. Бірақ анасы ұлының үйленуіне түбегейлі қарсы шыққандықтан, ол өз өмірін тек ғылымға арнамаққа шешім қабылдайды.
Уақыт сырғи түседі. 1874 жылы ғалымның өмірінде жаңа өзгерістер орын алып, ол граф Берта Кинскимен танысады. Біраз уақыттан соң екі беделді тұлғаның арасында махаббат оты маздайды. Бірақ бірнеше жылдан кейін бикеш ғалымды тастап, Австрияға күйеу жігітіне кетіп қалады.
Махабатта жас пен шектеу жоқ. Соңғы рет ғалым қарапайым сүт сатушыға ғашық болады. Алайда арудың білімсіздігі Альфредтің ашуына тиіп, ақыры ол отбасылық өмірден біржола бас тартады. Осылайша біртуар азамат бар ғұмырында бала қызығын көрмей кеткен.
Сыйлықтың сыры
«Ажал сатушы ажал құшты»… Швед баспасөзі осылай Альфред туралы жаппай қазанама жариялағанда, белгілі инженер 50-ді алқымдаған еді. Ал шын мәнінде қайтыс болған – Канн қаласындағы ғалымның бауыры Людвиг. Некрологтың жазбасынан кейін бүкіл баспасөз оның қатесін қайталап, Альфред Нобельдің өлгенін жарыса жариялаған. Мұны естіген ол: «Демек адамдар мен туралы осылай ойлайды екен ғой», – деп іштей күрсінеді. Негізі «ажал сатушы» атауы ғалымның бауырына да сай келетін еді. Людвиг сол кезде снаряд сататын ірі бизнесмен болған.
Жантүршігерлік хабарламадан шошыған Альфред өз есімінің тек өлімге байланысты болғанын қаламай, бұрын жазған мұрагерлік өсиетнамасын қайта өзгертуді қолға алады. 1895 жылы Париждегі швед-норвег клубында қол қойылған қағазда: «Мен мынадай шешімге келдім. 31 миллион швед кронын өз атымдағы қорға өткіземін. Ал мен қайтыс болғаннан кейін Нобель қоры жылдық өсімді беске бөліп, физика, химия, медицина, әдебиет саласында адамзатқа пайдалы жаңалықтар енгізген тұлғаларға және бейбітшілік үшін үлес қосқандарға тұрақты түрде жыл сайын сыйлық ретінде берілсін», – деп жазылған.
Атақты Нобель қайтыс болғасын оның байлығынан туыстары үлес алу үшін жанталасқанымен, олардың арам ойлары жүзеге аспаған. Ең беделді Нобель сыйлығы осылай өмірге келеді.
Өзінің өмір бойғы жиып-терген бар байлығын бұдан былай адамзат игілігі жолында ұлан-ғайыр қызмет жасаған тұлғаларға сыйлық ретінде беруді мақсат еткен Нобель өсиеті өзі қайтыс болған сәттен, 1896 жылы 10 желтоқсан күні заңды күшіне енеді. Сан-Ремода қайтыс болған соң іле-шала «Нобель қоры» құрылады. Оның жарғысын Швецияның Корольдік кеңесі 1900 жылы 29 шілдеде бекіткен. Осылайша 1901 жылы 10 желтоқсанда, яғни, Альфред қайтыс болған күні тұңғыш рет Нобель сыйлықтары лайықты деп танылғандарға табыс етілді.
Қордың қаржысы таусылмай ма?
Айта кетейік, өткен жылға дейін Нобель сыйлығы 567 рет берілді. Алайда, кей кандидаттар оны бірнеше рет алды. Барлығы 860 адам мен 22 ұйым лауреат атанды. Ең қызығы, аталмыш сыйлықтың ешкімге берілмеген жылдары да болған. Мәселен, Бірінші (1914-1918) және Екінші (1939-1945) дүниежүзілік соғыс жылдарында дәстүрлі Нобель сыйлығы тоқтатылған. Сонымен қатар қордың жарғысында «егер ұсынылған бірде-бір жұмыс жеткілікті дәрежеде адамзатқа маңызды болмаса, жүлде қоры келесі жылға қалдырылуы тиіс» деп көрсетілген.
Сыйақы мөлшері өсу тенденциясын сақтай отырып, жыл сайын өзгеріп отырды. Мәселен, 1980 жылдары Нобель сыйақысы 880 мың кронды құраса, ал 1990 жылдары бірнеше миллион кронға дейін өскен. Керісінше төмендеген кездері де болды. Альфред Нобель қайтыс болғанда қордағы қаржы көлемі 31 миллион кроннан асқан. Қазіргі уақытта Нобель сыйлығының қоры шамамен 500 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Ал қордың ақшасы әлі қанша жылға жетеді? Ғалымның тапсырмасы бойынша қор өз жұмысын жүлдені шексіз беруге болатындай етіп жүргізуі керек. Яғни акцияларға ақша салып, жарналарды пайыздан төлеу арқылы Нобель қорының директорлар кеңесі ұзақ уақыт бойы ұйым капиталының қысқаруына жол бермей келеді.
Нобель премиясының биылғы нәтижесі 2022 жылы 10 желтоқсанда жарияланады.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!