Балалық – адам жадындағы ең мөлдір, ең таза әлем. Сол әлемге алғашқы сөзді сыбырлап, алғашқы ойды ұялататын, алғашқы арманды оятатын құдірет – балалар әдебиеті. Қазақ балалар әдебиеті – жай ғана мәтіндер жиынтығы емес, ол – ұлттың мінезін бала жанына дарытқан рухани тәрбие мектебі, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени сабақтастықтың алтын көпірі.

Қазақ балалар әдебиетінің тарихы қағаз бен кітаптан бұрын басталған. Яғни ол бесік жырынан, ананың әлдиінен, әженің кешкі ертегісінен тарайды. Бала алғаш естіген сөзін өлең ырғағымен қабылдайды, алғаш таныған әлемін қиял арқылы көреді. Халық ертегілеріндегі алыптар мен диюлар, тапқыр Тазша бала мен Алдар көсе – тек кейіпкер емес, ұлт санасының көрінісі. Бұл образдар арқылы бала жақсылық пен жамандықты айыра біледі, әлсізді қорғауды, әділет үшін күресуді үйренеді. Ауыз әдебиеті – қазақ балалар әдебиетінің мәңгілік рухани өзегі.

Балалар жазба әдебиетінің есігін қазақ даласында алғаш ашқан – Ыбырай Алтынсарин. Ол туындылары арқылы бала санасына жарық түсіруді мақсат етті. Ыбырай шығармаларында күрделі философия жоқ, бірақ терең адамгершілік бар. Ол баламен үлкен адамша емес, баланың өз тілімен сөйлей білді. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі мен оқу құралдары қазақ баласының тілдік ойлау жүйесін қалыптастырды. Мағжан Жұмабаев болса, баланың ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, тәрбиенің нәзік табиғатын түсіндірді. Бұл кезеңде балалар әдебиеті ұлтты сақтаудың, сананы оятудың құралына айналды.

Кеңес кезеңінде қазақ балалар әдебиеті жаңа сипатқа ие болды. Бұл дәуірдің басты жетістігі – баланы «тәрбиеленуші объект» емес, өз ойы, өз мінезі бар тұлға ретінде көрсету. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» – соның айқын дәлелі. Қожа – мінсіз емес, бірақ шынайы. Ол күлдіреді, ойға жетелейді, кейде ашуландырады. Бірақ дәл осы қасиетімен ол мыңдаған баланың жүрегіне жол тапты. Мұзафар Әлімбаев балалар поэзиясына ұлттық юмор мен нақыш енгізсе, Қадыр Мырза Әлінің балаларға арналған өлеңдері жеңіл оқылуы һәм терең ой айтуымен ерекшеленді. Бұл кезең қазақ балалар әдебиетінің алтын қоры қалыптасқан уақыт еді.

Балалар поэзиясы – әдебиеттің ең нәзік жанры. Ол артық сөзді көтермейді, жасандылықты кешірмейді. Қазақ балалар өлеңдері табиғатпен, тұрмыспен, ұлттық мінезбен етене жақын. Санамақ пен тақпақ, жаңылтпаш пен жұмбақ – баланың тілін ғана емес, ойлау жүйесін де жетілдіреді. Өлең арқылы бала әлемді сезінеді: жаңбырдың дыбысын, желдің мінезін, күннің жылуын. Қазақ балалар поэзиясы – баланың ішкі музыкасын қалыптастыратын рухани әуен іспетті.

Тәуелсіздік жылдары қазақ балалар әдебиеті ұлттық тамырға қайта үңілді. Батырлар бейнесі, тарихи тұлғалар, салт-дәстүр, ата-баба аманаты балалар шығармаларының өзегіне айналды. Бұл кезеңде әдебиет идеологиялық шектеуден босап, еркін тыныстауға мүмкіндік алды.

Бүгінде қоғам өзгерді, баланың ортасы өзгерді. Қала өмірі, мектептегі қарым-қатынас, технология мен ақпарат ағыны балалар әдебиетінде көрініс таба бастады. Бұл – әдебиеттің өмірден алыстамай, баламен қатар жүруінің белгісі. Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті күрделі кезеңді бастан өткеруде. Бір жағынан жаңа авторлар, жаңа форматтар пайда болғаны да әсер етеді. Екінші жағынан, кітап оқу мәдениетінің әлсіреуі, шетелдік өнімдердің басымдығы байқалады. Соған қарамастан, балаларға арналған сапалы дүниелерге деген сұраныс жоғалған жоқ.

Жуырда Алматы қаласында балаларға арналған әдеби кітаптарды таныстыруға арналған маңызды мәдени іс-шара өтті. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесі «Балалар әдебиеті: креативті индустрия, имидж, бренд» атты панельдік сессиясын ұйымдастырды. Бұл шараға ақын-жазушылар, жас қаламгерлер, әдебиеттанушылар және кітапхана оқырмандары қатысты.

Панельдік талқылаудың басты мақсаты – қазіргі балалар әдебиетінің даму бағытын сараптау, оның жанрлық ерекшеліктері мен жаңа үрдістерін айқындау, сондай-ақ әдебиетті мәдени және креативті индустриялармен байланыстыру мәселелерін жан-жақты қарастыру. Іс-шара қатысушылары балалар әдебиетінің бүгінгі болмысы мен болашағын талдап, дәстүр мен инновация тоғысындағы тың идеяларды ортаға салды.

Кездесу барысында «Балалар әдебиетінің бағбандары» сериясымен жарық көрген таңдаулы туындылар көпшілікке таныстырылды. Олардың қатарында Өтепберген Ақыпбекұлы, Тоқаш Бердияров, Бейбіт Қойшыбаев, Серікбай Оспанұлы, Нұрдәулет Ақыш және Бейсебай Кірісбайұлының шығармалары бар. Сонымен қатар «Балалар кітапханасы» топтамасы аясында Қуандық Түменбай мен Сәуле Досжанның жаңа кітаптары оқырман назарына ұсынылды.

Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы Елдос Тоқтарбай кейінгі бес айда атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, жас авторларды қолдау, әдеби процесті жүйелі түрде мониторингтеу және балалар әдебиетінің сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың нәтижелерімен бөлісті. Мұндай панельдік сессиялар қазақ балалар әдебиетінің рухани кеңістігін жаңғыртып, оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтуға, дәстүр мен зама- науи шығармашылық идеяларды тоғыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жиын тек қана кітап таныстыру емес, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің дамуына жаңа серпін беретін мазмұнды мәдени диалог алаңына айналды.

Тақырыбымыздан ауытқымай, аталған бағытта былтыр атқарылған жұмыстарға назар салып көрелік. 2025 жылдың орта тұсында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Балалар әдебиеті кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізген болатын. Жиында мектеп кітапханаларын жаңғырту, 1-сыныпқа баратын оқушыларға балалар жазушыларының сәт сапар тілектерін жолдау, жас қаламгерлер буынын қалыптастыру сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ «Өркен» қоғамдық қорының өткен жылы ұйымдастырған «Алматының жас жазушысы – 25» байқауы да сөз болды. Қаламгерлер бұл жобаны тек қана ел ішінде емес, алдағы уақытта халықаралық деңгейге шығару қажет екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Жазушылар одағының барлық өкілдіктерінің балалар әдебиетін дамытуға белсенді қатысуы ерекше атап өтілді. Балалар әдебиетін насихаттаудың жаңа қадамы ретінде халықаралық «Ер Төстік» сыйлығы тағайындалатыны да айтылды. Бұл сыйлық балалар әдебиетінің шығармашылық әлеуетін тануға және жас авторларды қолдауға арналған маңызды бастама болып отыр.

Жазушылар одағы құрамында Балалар әдебиетін дамыту жөніндегі арнайы комиссия құрылып, оның төрағалығына Мәди Нүсіпбаев тағайындалса, кеңес мүшелерінің бір ауыздан қолдауы нәтижесінде Балалар әдебиеті кеңесінің жаңа басшысы ретінде балалар жазушысы, алаштанушы, жігерлі жас қаламгер Елдос Тоқтарбай бекітілді.

Осынау шаралар қазақ балалар әдебиетінің дамуына тың серпін беріп, жаңа буын авторларды қолдауға, мектептерде әдеби ортаны нығайтуға және балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға бағытталған нақты қадам ретінде өз нәтижесін көрсететіні күмәнсіз.

Ізінше жаздың аяғын ала Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті кеңесінің басшысы Елдос Тоқтарбай Сыр өңіріне ат басын бұрды. Сапар барысында ол «Жастар театры» ұжымымен келісім жасап, меморандумға қол қойды. Театр басшысы Нұрмат Мансұров: «Алдағы уақытта Жазушылар одағы ұсынған балаларға арналған шығармалар Қызылорда «Жастар» театрының көркемдік кеңесінде талқыланып, кезең-кезеңімен сахналанатын болады» деп мәлімдеді.

Бұл келісім балалар әдебиетінің сахнадағы көрінісін дамытуға, жас көрермендерді әдеби шығармамен таныстыруға және қазақ әдебиетін театр өнерімен байланыстыруға тың мүмкіндік береді. Елдос Тоқтарбайдың сапары шығармашылық ынтымақтастықты арттыруға және аймақтық деңгейде балаларға арналған мәдени жобаларды кеңейтуге бағытталған маңызды қадам екені айқын.

Тағы бір қуантатын жайт, 2025 жылы «Amanat» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын алтыншы рет өткізді. Байқау ұлы ақын, ағартушы, философ, ұлт рухының темірқазығы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды.

Әдеби конкурсқа қатысушылар әртүрлі жас категориялары мен жанрлар бойынша өз шығармаларын ұсынды. Бір ерекшелігі, дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан байқауда «Балаларға арналған шығарма» аталымы да бар. Бұл тармақ жас қаламгерлерге арналған шығармашылық алаң ретінде жыл сайын ерекше мәнге ие болып келеді.

Алтыншы рет ұйымдастырылған байқаудың нәтижесінде аталған номинация бойынша бірінші орынды Тараз қаласынан Нұрбек Нұржанұлы еншілесе, екінші орын астаналық Айдана Сегізбайға, үшінші орын Шығыс Қазақстан облысынан ақын Құралай Омарға табысталды. Осынау байқау да бүгінгі балалар әдебиетін дамытуға, жас авторлардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған маңызды мәдени жоба болып отыр.

– Балалар әдебиеті – ұлт әдебиетінің ірі қазынасы. Сол қазынамызды жас оқырмандарға жеткізуіміз қиындау болып тұр. Бүгінгі қазақ балалар әдебиетіндегі ең негізгі мәселе – балалар әдебиеті бойынша шығып жатқан кітаптардың баспа-полиграфиялық сапасы жоғары болуы керек, – деді Балалар әдебиеті кеңесінің басшысы Елдос Тоқтарбай.

Рас, бүгінгі бала визуалды ортаға үйренген «альфа-ұрпақ». Олар үшін мәтіннен бұрын иллюстрацияның сапасы маңызды. Өкінішке қарай, көп кітаптағы суреттер ескі стильде, шрифтері кішкентай, макеттер ауыр, мультимедиалық нұсқалары жоқ. Сол себептен қазіргі балалардың сұранысына жауап бере алмай отырғанымыз жасырын емес.

Елдос Нүсіпұлы балалар әдебиетіндегі тағы бірнеше мәселеге тоқталып өтті. Айтуынша жазушы қазақ балалар әдебиеті цифрландыруда артта қалып отырғанына қынжылады. Аудиокітап, подкаст, веб-комикс сияқты форматтар дамымаған, AR/VR технологиясын қолданатын интерактивті шығармаларды кездестіру қиын. Қазақ балалары Wattpad пен TikTok-та уақыт өткізсе, біздің әдебиетіміз әлі қағазда тұр. Яғни, қазақ тіліндегі контенттің цифрлық ортаға енуі тым баяу екенін айтып дабыл қақты.

Сондай-ақ қаламгер қазақ әлемінің мифтік және фольклорлық мұрасы бай болса да, бұл «жауһарларды » халықаралық аренаға шығарудың қиындығын және қазіргі қазақ балалар әдебиетінде ірі, заманауи кейіпкер жоқ екенін атап өтті.

– Бұрынғы әдеби мұрадағы батырлар мен ертегі кейіпкерлері болғанымен, қазір заманауи «суперқаһармандар» жоқ. Бала өзін кейіпкермен салыстыра алмайды. Pokémon, Harry Potter, Frozen сияқты кейіпкерлер қарадомалақтардың жүрегін жаулады. Ақиқатында, қазақ балалар әдебиеті әлемдік kids-контенттен артта қалды. Балаға арналған шығармаларға мультимедиалық интеграция жетіспейді.

Қазақстанда шетелге әдеби өнім шығару үшін тұтас әдеби-индустриялық экожүйе жоқ. Шетел түгілі еліміздегі кітап сату нарығы мен тарату жүйесінің сапасы сын көтермейді. Бұл мәселелер шешілмейінше, балалар әдебиетінің насихаты да дамымайды, – дейді қаламгер.

Қазіргі балалар әдебиетінің басты міндеті – баланы тек қызықтыру емес, оның жанын жоғалтпау. Технологиямен жарысу емес, адамдық құндылықтарды сақтап қалу. Туынды бүгін үшін емес, ертең үшін жазылады. Бала оқыған әрбір кітап оның болашақтағы таңдауына, көзқарасына әсер етеді. Сол себепті балаларға арналған әрбір шығармаға жауапкершілікпен қарау қажет. Оған түсірілген әрбір ой, әрбір сөз – ұлттың болашағына жазылған хат. Ал сол хаттың мазмұны қандай болса, ертеңгі қоғамның да болмысы сондай болмақ.

Балалар әдебиеті – балалықтың бояуы ғана емес, ұлттың жаны. Ол ұрпақты тәрбиелейді, тілін сақтайды, рухын биіктетеді. Ал бұл салаға немқұрайлы қарау – болашаққа немқұрайлы қараумен тең емес пе?! Балаларға жазылған әрбір шынайы шығарманың ұлтқа жасалған қызмет екенін ұмытпаған жөн.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!