Бала – отбасы үшін де, мемлекет үшін де болашақ. Сәбиді құрсақта жатқан кезінен тәрбиелеу керегін білген ата-баба әкесі мен анасы, атасы мен әжесіне ғана емес, бүкіл елге жауапкершілік жүктеген. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Парасат иесінің бұл сөзі бүтін елдің тағдыры мен болашағы балалық шақты басынан өткізіп жатқан кішкентайлардың қолында екенін меңзесе керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та саналы, сапалы ұрпақтан ірі тұлғаларды қалыптастыру үшін барлық жағдайды жасау қажет екенін сөз етіп, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған еді. «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті осы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін», – деді Президент өз сөзінде.

«Балалар жылы» аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «OrdaGen» компаниясы шығарған «Берке аю және кәсіп», «Мың бояулы Orda», «Orda ертегілері толық жинағы» танымдық кітапшаларының тұсаукесер кеші өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын, журналист Қ.Есімсейітова, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны, ұстаз Р.Наурызбаева, ҚР Журналистер одағының мүшесі, балалар ақыны О.Қосанов, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің балалар әдебиеті пәнінің оқытушысы З.Орманова, «OrdaGen» жобасының директоры Т.Парасат қатысты.

Мұнда жас жеткіншектерге халық ауыз әдебиетінің бай нұсқасы саналатын ертегілер жанрын кеңінен насихаттап, оның ерекшеліктерін көрсете білу мен көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсат етілгені айтылды. Шарада аталған туындылар талқыланып, оқырмандар мен жаңа бастаманы көтеріп жүрген азаматтар, балалармен тікелей жұмыс істейтін мамандар арасында диалог орнады.

Шара барысында оқырмандар «OrdaGen» компаниясының жаңа туындыларымен танысып,балаларға арналған ертегілер бойынша қойылым қойды. Тың туындылар жайлы өз пікірлерін ортаға салды. Ел болашағы балалардың білімі мен тұлғалық дамуындағы маңызды мәселе – көркем әдебиет оқу жайын назарға алған жиын көтеріңкі көңіл-күй, әсем әнмен жалғасын тапты.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!