Биыл балалар әдебиетін қолдау жылы. Балалар шығармасының әдебиеттегі орны қашанда зор болған. Болашақ ұрпақ кітап оқу арқылы білімін шыңдайды, қиялын кеңейтеді. Осы орайда әлем классиктерінің балаларға арналған 5 шығармасын ұсынамыз.

«Алиса ғажайыптар елінде»

«Алиса ғажайыптар елінде» (ағылш. Alice’s Adventures in Wonderland) – 1865 жылы жарыққа шыққан, Льюис Кэррол деген бүркеншік атпен танымал болған ағылшын математигі, ақыны әрі жазушысы Чарльз Лютвидж Доджсонның жазған ертегісі.

19 жастағы Элис Кингсли күтпеген шытырман оқиғаларға тап болады. Виктория мерекесінде оған лорд, леди Аскоттың бай, бірақ ақымақ ұлы Хамиш үйленуге ұсыныс жасайды. Алиса бас тартып, орманға қашып кетеді.  Орманда жүріп ол бас киімі бар, үнемі қалта сағатына қарайтын қоянға кездеседі. Оның ізінен еріп отырып інінде көптеген есігі бар әлемге тап болады. Алиса жер астынан керемет бау-бақшасы бар әлем есігінің кілтін тауып алады.

Шығарма бала қиялын кеңейтіп, ой­лау қабілетін арттырады.

ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл ко­ми­теті «Мемлекеттік тілді және Қазақ­стан халқының басқа да тілдерін дамы­ту» бағдарламасы бойынша қазақ ті­лі­не аударылып басылған.

«Чарли және шоколад фабрикасы»

«Чарли және шоколад фабрикасы» – ағылшын жазушысы Руал Даһлдың Чарли Бакет деген бала туралы ерте­гісі. Чарли кішкентай үйде тұрады, оның отбасы кедей, сондықтан Чарли жы­лына бір рет туған күніне сыйлық ре­тінде шоколад алады.  Бір күні кезек­ті туған күнінде Чарли Вонканың таңғажа­йып дәмді шоколадының бірінен ал­тын билет тауып алады. Бұл билет экс­­центрлік кондитер Вилли Вонканың шо­колад фабрикасына кіруге мүмкіндік бе­ретін. Чарли шоколад фабрикасында түр­лі шытырман оқиғаларға тап бола­ды.

Бұл кітапты 2020 жылы Steppe & WORLD Publishing баспасы қазақ тілінде жарыққа шығарды. Аударған – ағылшын тілінің мұғалімі Үрила Кеңесбаева. Бұл шығарманы кинотаспалаған режиссер Тим Бертон, Вилли Вонканың рөлін Джонни Депп ойнаған.

«Қайтпас қайсар қалайы солдат»

«Қайтпас қайсар қалайы солдат» (Dan. Den standhaftige tinsoldat) –  да­ния­лық жазушы Х.К.Андерсеннің «Ба­ла­лар­ға айтылған ертегілер» деген ав­тор­лық жинағына енген ертегі.

Балаға туған күніне ойыншық сарбаз­дар жиынтығы сыйланады. Ал бір сарбаз ең соңғы боп құйылғандықтан аяғына қалайы жетпей қалады. Түнде ойыншықтар тіріліп, тіршілік ете бас­тайды. Сөйтіп жүріп қалайы солдат махаббатын табады. Бір күні кенеттен зеңгір қораптан зұлымдық пайда бо­лады. Сарбаздың оны елемейтініне ашуланған тролль онымен күресемін деп қорқытады. Таңертең сарбазды ба­ла терезе алдына қояды. Ол ашылған терезеден құлап кетеді. Сарбазды кө­ше­дегі екі бала тауып алады, олар оны қайыққа отырғызады. Жолда ол төлқұжатын талап ететін егеуқұйрықты кездестіреді. Ойықтан шыққан су ка­налға ағып кеткен кезде қайық батып, сарбазды балық жұтып қояды. Содан кейін бұл балық ойыншық иесінің ас үйіне түседі. Балық ішінен ойыншық ие­сі қалайы солдатын табады.

Қазақ тіліне бұл шығарманы аудар­машы Ғаббас Жұмабаев тәржімалаған.

«Мексика ұлы»

«Мексика ұлы» – 1911 жылы жа­зыл­ған америкалық жазушы Джек Лондон­ның шығармасы.

Мексика төңкерісі кезінде Джек Лон­дон Техастағы Эль Пасода еді. Бұл шығармада жазушы Мексикадағы төң­керіс кезіндегі жас жігіт Ривера мен бокс жұлдызы, ақша үшін рингке шыға­тын Уорд арқылы қоғам теңсіздігін көрсетеді.

“Мексика ұлы” алғаш рет Saturday Evening Post газетінде жарияланған. 1913 жылы оны Grosset&Dunlap бас­пасы «Түнде туған» әңгімелер жина­ғында қайта бастырды. Басты кейіпкер – өмірде болған адам. Джо Риверс Revolucionaria Mexicana ревалюциялық қозғалыстың өкілі еді. Ривера револю­цияға қажетті қару сатып алу үшін күші тең болмаса да Дэнни Уордпен жұдырықтасады. Рингте Ривера бірне­ше рет құлайды, өзі де Уордты бірнеше рет нокаутқа түсіреді. Көпшілік Уорд жағында болады және төреші де Уордты белсене қорғайды. Жекпе-жек кезінде Ривера Келлидің оған қарсы көлемді ақша қойғанын біледі. Он жетінші раундта ол Уордты нокаутқа түсіріп, қару-жарақ пен революцияға қолдау көрсету үшін қажет ақшаны алады.

Шығарма балаларды отансүйгіш­тік­ке, әділетті болуға және қайсарлыққа баулиды.

«Робинзон Крузо»

«Робинзон Крузо» – ағылшын жа­зу­шысы Даниэль Дефоның (1660-1731) алғаш рет 1719 жылы сәуірде жарияланған, табиғатпен байланыста адамның моральдық қайта тууы ту­ра­лы әңгімелейтін романы. Теңіз сая­хатшысы Робинзон Крузо тез және заң­сыз жолмен байығысы келіп теңізге аттанады. Бірақ кеме апатқа ұшырап, ол 28 жылын аралда өткізеді. Аралды мұқият зерттеген ол бір күні жабайы адамдардан бір тұтқынды құтқарады. Оны аптаның жұма күні құтқарғандықтан Жұмабай деп ат қояды. Оған ағылшын тілін үйретеді. Ол екеуі кейіннен тағы екі адамды құтқарады. Оның бірі Жұма­байдың әкесі, бірі испаниялық теңіз саяхатшысы болады. Робинзон 28 жыл ішінде аралда бидай өсіреді, жабайы ешкілерді қолға үйретеді. Дефоның өзі романын аллегория деп атады.

Даниэль Дефоның Робинзон Кру­зо романы 2011 жылы «Аударма» бас­пасынан қазақ тілінде жарияланды. Орыс тілінен аударған – Қ. Өтеғұл.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!