Сырбойылық жастар қашанда жақсы жаңалықтың басында, оң өзгерістің қасында жүреді. Сөзімен де, ісімен де ұлт руханиятына үлесін қосып жүрген жастың бірі – жас ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының магистрі Дәулет Жадырасын. Жақында жарық көрген «Дара бала» кітабының авторымен жаңа туынды, қазіргі балалар әдебиеті мен алдағы жоспарлары туралы тілдескен едік.
– Дәулет, жаңа туындының шығу тарихымен бөліссеңіз…
– Идея авторы – белгілі радиожурналист, диктор, ауылдас ағам Мұхамедияр Рашай және талантты жас журналист Ардақ Қасымхан. Қателеспесем, қаңтар айында хабарласып, балаларға арналған кітап жазуға ұсыныс тастаған болатын. Бұрын бұл жанрда жазып көрмеген мен үшін алдын-ала уәде беру қиын еді. Сондықтан уақыт беруін сұрадым. Бірақ 2-3 күннің көлемінде Мұхамедияр аға берген тақырыптарға тақпақтар жазып шықтым. Жыл басындағы жаңалық болған соң мені біраз шабыттандырды. Жазған дүнием идея авторларының көңілінен шықты. Сөйтіп, корректорлардың сүзгісінен өтіп, мамыр айының соңында баспадан «Дара бала» деген атаумен шағын кітапшамыз жарық көрді.
– Балаларға арналған қазақша, сапалы контент жасау – «балалар жылында» ғана назарға алынатын мәселе емес. Мемлекет алдындағы маңызды міндеттің бірі десек, қателеспейміз. Соңғы жылдары балалар әдебиетіне ден қойылып келеді. Жаңа туындының артықшылығы неде? Балалар оны не үшін оқуы тиіс?
– Дұрыс айтасыз. Балалар елдің болашағы дейтін болсақ, олардың іргетасын қалауда әрбір қоғам мүшелері жауапты. Бұл жоба да осындай ізгі ниеттен туындап отыр. Кітапшаның артықшылығы дегеннен гөрі ерекшелігі деген жөн болар, бұл кітап біріншіден, балабақша жасындағы балақайларға арналған. Тақпақтар танымдық сипаттан ажырамай, барынша жеңіл сөздермен жазылды және көбіне қ, р, ң әріптерін жиі пайдаландық. Себебі, осы әріптердің дыбысталу мәселесі бүгінгі күні өзектілігін жоймай тұр. Ал келесі ерекшелігі, әрбір тақпақтың жанында арнайы екі QR код берілген. Бірінші QR кодта Ардақ Қасымхан балақайларға тақпақтың дұрыс оқылуын үйретеді. Балалар журналистпен бірге және қайталай отырып өлеңдерді әдеттегіден тез жаттай алады. Екінші QR код ата-аналарға арналған. Ол сілтемеде өлеңдегі күрделі әріптердің дұрыс дыбысталуын білікті логопед көрсетеді. Яғни, ата-аналар үй жағдайында баласының әріптерді жөнді айта алуын өзі үйрете алады.
– Өзіңізді лирикалық, сатиралық өлеңдеріңіз арқылы жақсы танимыз. Өмірге юмормен қарай аласыз ба?
– Рақмет! Байқағаным, бастан өткен әрбір кезеңнің қайғы жеген тұстары уақыт өте келе күлімдеп еске алатын сәттерге айналып жатады. Сол кездегі кезіккен кедергілерге көрсеткен реакцияң еске түскенде, тіптен күлкіден көзіңнен жас шығып кетеді. Қорғасындай ауыр көрінген дүниелердің кейін қауырсындай жеңіл екенін сеземіз. Яғни, бәрі де көзқарасқа, түсінікке келіп тіреледі. Шынында, өмірдің өзі жылап тұрып күлуге болатын үлкен сатиралық тақырып. «Мен бір өлеңімде былай деймін» деп аға-апалар айтпақшы, «Сүйсең сүй қара көлеңкемді де, Ол-дағы Күннен жаралған» дейтін тіркес бар еді бір өлеңімде. Күн болмаса, көлеңке де болмас еді, сондықтан қараңғының артында міндетті түрде жарық тұрғаны анық. Басқа қайғы келген қайғыны да, қуанышты да жақсы қабылдағанға не жетсін. Сол адам бақыттырақ.
– Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Біреу үшін өлең мүшайраға арналған арнау өлеңдердің жиынтығы болса, біреуге музейге сақталған, іздеп барған адам ғана қол жеткізетін құпия қазына сынды. Сіз үшін өлең мен өнер немен өлшенеді? Не үшін жазасыз?
– Мүшәйраға жазып тұратынымыз жасырын емес. Алайда оған өлең деп қарау айып болар. Жұмекен Ғафу жайлы мақаласында «Ол «жазу» үшін жазбайтын ақын» дейді ғой. Байқауға көп өлең «жазу» үшін жазылады. Жүрегіңді жарып шыққан жырдың орны бөлек, әрине. Өлең, меніңше, шынайылықпен өлшенуі тиіс. Өзіңе жат болып көрінген туындыны көптің назарына ұсынып керек емес деп ойлаймын. Шынайылық қашанда сұлулығын жоғалтпайды. Себебі айналамызда аздық етеді, шынайылыққа шөлдейміз. Шынымен басымыздан өткен, сезінген дүниелерді жазуға тырысып жүрміз. Алла сол жолдан айырмасын.
Ал не үшін жазып жүргенімді білмеймін. Әзір білмеген де жөн шығар. Кейін уақыт өзі көрсетеді деп ойлаймын.
– Әдебиет керек пе деу қателік. Дегенмен сананы тұрмыс билеген заманда сұраныста не болса, соны жаппай сатылымға шығарып, қайта-қайта басып шығару сәнде. Осы жағынан көңілі аш оқырманға ананы да, мынаны да же демей, іріктеп, саралап, жүректі айнытпайтын, сапалы дүние ұсыну керек сияқты..?
– 2 жылдан астам уақыт кітапханада жұмыс істедім. Мұхтар Ниязов ағамыз: «Тұсауын кескен кітап көп, Шауып кеткені шамалы» деп. Сол секілді талай кітаптың тұсаукесерін жасап, қызыл лентасын кесіп, кітапхана сөрелеріне қойдық. Өйткені сол үшін айлық аласың. Бірақ сонша кітаптың ішінен жарқырап шығып, бағы ашылғаны шамалы, жоқ деуге де болады. Қап, зая болған қағаз бен сиялар-ай дейсің. Нағыз трагедия емес пе?!
«Баспаға шағым» деген утопиялық өлеңім бар. Сол өлеңде «шіркін, осы кітаптарда ақындардың өлеңді қалай жазғаны, қандай сезімді бастан кешіргені де көрінер болса ғой. Біраз «таланттың» беті ашылар еді. Нағыз ақындар мен нағыз оқырмандар қалар еді» дегендей боламын. Шындығында, әрбір өлеңде автордың сезімі айқын беріліп тұрады. Оны сезетін жүрек, көретін көз керек.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Мен жалпы жоспарсыз жүретін адаммын. Мүмкін, мұным қателік шығар. Өмір өзі аяқ астынан жаңалықтар жасап отырады. Әзірге тап басып айта алмаймын. Бірақ Құдайдың бізге жақсы жоспарының бар екенін сеземін.
– Сыр өңірінде, киелі Қазалыда туып өстіңіз. Туған жерді сағынасыз ба? Қандай сәттер сағынтады?
– Кең пейілдерді, таза жүректерді, аппақ көңілдерді сағынбауға бола ма?! Кез келген адамның жүрегі бар ғой. Балаң шақтағы әрбір сәтті сағынамын.
– «Тығылмақ» өлеңінің тарихымен бөліссеңіз…
– Бұл өлең 2019 жылы ауылда жүргенде жазылды. Мүмкін, балалардың ойынынан әсерленген шығармын. Әйтеуір, бір білерім – бұл да аяқ асты келе қалған туынды екені. Көп адамға жақын тақырып болған соң оқырманның жақсы бағасын иеленді. Ал өзім үшін көп өлеңнің бірі.
– Сұқбат үшін рақмет!
әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!