Бүгінде жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – деген нақылы мәнін жоғалтпас ұстанымға айналды. Білімсіз күн жоғын, ізденіссіз ізгіліктің келмесін түсінген жас буын оқуға құмартып, құндылықты сезінуге құлықты. Содан болар, сұраныс артып, саладағы олқылықтың біріне айналған кітап қоры мәселесі де күн тәртібіне көтеріліп келеді. Аталған мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, бағдарламалар қолға алынғанымен түбегейлі шешім табу мүмкін болмай келеді.
Бұл орайда кітап қорын көбейтуге, кітап оқуға қоғамдық пікір мен азаматтық ұстаным өз әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Әсіресе, бірлескен жобалар нәтиже беріп, бастаманың жастар тарапынан қолдау табуына итермелейтіні бар. Осыған орай жуырда Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы ауыл мектептеріне кітап тарту етті. «Қолдайық ауыл мектебін» ұранымен Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп аудан мектептеріне 500-ге жуық кітап сыйлап, оқырманмен байланыс бағытын күшейтті.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем шығармалар мен танымдық энциклопедиялардан құралған кітаптар қоры Қазалы ауданы Кәукей ауылын­дағы №225 қазақ орта мектебіне және Сырдария ауданы Қалжан Ахун ауылындағы білім ордасына үлестірілді. Бұл әдебиеттерді зияткерлік мектеп қауымдастығы NIS-тің Bookcrossing жобасы аясында белсенді жинап, ауылдағы достарына тарту етуді жөн көрді.
– Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылады. Соның бірі – Bookcrossing. Оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар өздері оқыған сүйікті кітаптарын алып келді. Бұл әдебиеттер оқушыларға ұнайды және алдағы уақытта кітапханадан алып, оқиды деп сенеміз. Күнделікті 10 минут уақытты кітап оқуға арнасақ, жылына бірнеше кітап оқып шығуға болады. Ол арқылы білім көкжиегімізді кеңейтіп, сөздік қорымызды арттырамыз, – дейді мектеп директоры Жаңбыржан Сәрсенұлы.
Екі білім ордасының кітапхана сөрелерін 200-ден астам отандық және әлемдік бестсе́ллермен толықтырған NIS ұжымына мектеп шәкірттері ерекше алғысын білдірді. Қалжанахундық өрендер Зияткерлік мектептің кітапханашысы Бағдат Төлепбергенова жүргізген тренингте тіпті ас мәзірін әзірлеп, алғашқы оқитын шығармаларын жіктеп алды.
– Өте құнды әрі пайдалы әдебиеттер жинақталған екен. Енді әлем классиктерінің туындыларын қазақ тілінде де оқи аламыз. Және өз әдебиетіміздің озық шығармаларынан рухани азық аламыз, – дейді №126 орта мектептің оқушысы Талшын Төребекова.
Айта кетейік, NIS желісінде жастарды кітап оқуға баулу мақсатында көптеген жобалар іске асырылып келеді. Атап айтқанда, «Оқушыларға ұсынылатын 100 кітап», «Reаdx», «Reаdingtime» және «Руханият» оқырмандар клубы. Қос мектептің ұжымына зияткерлік кітапханашылар алдағы уақытта ынтымақтастықта жұмыс істеп, әдістемелік қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!