Сурет пен дереккөз: Zakon.kz
Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толды.
Мұқағали Мақатаев — қазақ поэзиясында үлкен қолтаңба қалдырған лирик ақын. Ол 1931 жылы 9 ақпанда Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Шын есімі Мұхаммедқали. Балаға өз атын айту қиындау болады деп қысқаша Мұқағали деп атап кеткен. Халық оны өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақын деп біледі.
Ақын 1962 жылы Алматыға келіп, әдеби ортамен араласа бастайды.
Алғаш Мұқағали Мақатаев талантын бағалаған Әбділда Тәжібаев еді. Ол «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» деп, ақынның өнеріне баға берген.
Мұқағали Мақатаев 1976 жылы небәрі 45 жасында дүниеден өтті. Бүгінге дейін оның жазған өлеңдері мен поэмаларын поэзия сүйер қауым жатқа оқиды.
Ақынның өлеңдеріне Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Бейбіт Оралұлы және Алтынбек Қоразбаев сияқты композиторлар ән жазған.
Алматыда Мұқағали Мақатаев атында мектеп, көше және сол көшенің бойында ескерткіші бар. Ақынның туған ауылы Қарасазда музейі бар. Бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты үздік әдеби шығарма авторларына береді.
2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм компаниясы мұзбалақ ақын туралы көркем фильм түсірді. Фильмнің режиссері – Болат Қалымбетов. Фильм 2021 жылы 21 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетілді.
Сонымен бірге «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 2021 жылы 6 тарихи телехикая ұсынатыны хабарланған еді. Олардың қатарында Мұқағали Мақатаев сияқты тұлғаларымыз бар.
Ақынның күнделігінен үзінділер ұсынамыз:
Шын талантты ақын берерін бергеннен кейін, сыйымен өле білгені де жақсы. Алайда таңдамалыларының толық жинағына өзі редактор болғанның да зияны жоқ…
«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті»…
22 февраль 1973 жыл.
Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем. Апырмай, Пушкин-ай, соншаның бәрін қашан жазып үлгерді екен.
Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым… Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай?! Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?.. Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын…
Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, Халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!
2 март 1973 жыл.
Күн көріс қиындап барады. Балаларымның тағдырынан қорқам.
6 март 1973 жыл.
Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!
20 март.
Анам, Анам! Жеті қат жер астында жатсаң да біліп отырсың-ау! Кешір, ана, өмірде көрген жақсылық пен жамандығым ойымнан ұмыт болғанымен, дән теріп тамақтандырған сен ойымнан қалай ұмыт боларсың?
3-4 ноябрь 52 жыл.
Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл. – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.
Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (артистік) маған да бөтен емес-ау…
9 апрель 1973 жыл.
Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені…
3 январь 1974 жыл.
Өз шығармашылығымда қай жерде әлсіз, қай жерде күшті екендігімді өзім жақсы білем. Әлсіз жерім менің кінәм емес, ал күшті жерім – мен өмір сүріп отырған ортаның еңбегі емес. Үнемі өзімді өзіме қадағалатып, мәңгі мені қауіптендірумен келе жатқан уақыттың да еңбегі емес.
17 февраль 1976 жыл.
Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне – кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын. Ақырғы сөз сонікі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!