Өзгенің өн бойынан кемшілік іздеуді қойып, қашан кеңшілік танытар екенбіз?! Сырттан тон пішіп, білмейтін бейтаныстың да беймәлім тұсын білетіндей әңгіме қылу не осы? Өз көзімен көрмесе де, құлақпен естігенге ғана сеніп, өсектің өзегінен теппейтініміз өкінішті. Желігі басылмаған жел сөздің жетегіне ермеу керектігі, жетесіне жеткізіліп айтылса да, жүйесіз сөздің жүйрігі атанғандар жетерлік. Жамандаудан жалтарып, әңгіме етуден әлі ешкім тысқары қалған емес. Әйтеуір не дейтінін, не дегісі келетінін іштей сезіп, байқап тұрасың. Бәрін білуге оқталып, құр сөзге құмартып, қызық қалайтындар да әңгімеге тым әуес келеді. Өзінен гөрі өзгенің жайы қызықтырып, өтірік сөзге жол беретіндері баршылық. Турасын айтқанда, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда, өшіктіріп, өштесіп өткен өмір мағыналы емес. Ал, көрінгеннің сөзінен көңіл қалып өкпелеудің тіптен мәнісі жоқ. Себебі, «дегендер» мен «дейтіндердің» әңгімесі еш таусылмайтыны хақ.
Сан түрлі санаға сыймас, ақылға қонымсыз сөз сөйлейтіндер не тірлік қылсаң да әңгіме етеді. Аяқ алысыңды аңдып, жүріс-тұрысыңды жөндегісі келетіндей. Осындайда езуге еріксіз күлкі ұялайды, шіркін! Есті әңгімені емес, өсек-аянды өзімсінгіндер бос сөзбен өзгенің тағдырын өзгертеді дегенге не дерсің? Иә, жайылған жалаң сөзге жаншылатындар да, қанша қашпа, қаңку сөз айтылса да еңсесін түсірмейтіндер бар. «Дейді, дейді» деген сайын делебесі қозып, сол адам жайлы дәлелсіз дәйек айтып дегбірін қашырады. Сайып келгенде, көкірегінде не жатқанын білмегесін, әлдебіреу туралы көкіп сөйлеудің керегі жоқ. Жарамсақ сөзбен жүректі жаралау, көңілді қалдыру бір-ақ сәт. Одан кейін сынған көңіл әйнегінің қай шынысын жанастырып жүрмексіз? Сыртыңнан сұрлана көпіріп, көсіле сөйлеп, кейін дым болмағандай көлгірси келу көрегенділіктің нышаны емес. Әлдекімді әркіммен ғайбаттап опа тапқан ешкім жоқ. Кісілік келбетке мін тағып, кішілік мінезге сын келтіретін жандар жетіп артылады. Ең жақсы, ең жаман адамның да бойынан титімдей қателік табуға, бетіне басуға белсене кірісетіндер тағы бар. Ал, ондай ашықтықты артықтық, шектен шыққандық деп білемін. Әр нәрсенің өз шегі, өз межесі болатынын ескерсек, өзгенің мінін көріп, болымсызды баян еткенше, алдымен өзімізбен күрескен дұрыс болар. Рас, кейде бір әңгіме басталып, ортаға тасталса, талқыға салынса, әркім әртүрліні айтып, өзінше болжам жасайды. Бәлкім, байыптылықтың бағасын, парасаттылықтың парқын түсініп отырса да еріксіз осындай әрекетке барар деген ой да келеді. Себебі, адам періште емес пенде екені белгілі. Дей тұрғанмен, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қойылса «дейділердің» дәурені баяғыда-ақ аяқталар еді. Сондықтан, сүйексіз қызыл тілге тізгін бермей, саналы ойдың сапасын арттырып, Хәкім Абай айтқан бес асыл іске көніп, бес дұшпаннан бойды алыс ұстаған маңыздырақ.
Өсек сөзге керең боп, өсиетке терең болсақ, адалдықтан аттамасақ адамгершіліктің асыл сатысынан құламағанымыз. Өзгелердің «дейтіні» таусыла қоймас, сірә? Ол айтылған, әлі де айтылатын әңгіме. Тек таразыланғанның табы, сараланғанның сарыны көрінетіндей татымды, есті сөз айтқан жөн болар.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!