Бетпердеңнен…
Көз жастарыңның,
Мәз аспаныңның,
Тұмандары дауыл соғады,
Дауыл соғады қайтадан.
Шетке ысырып бұлтты сүйрейді,
Менмендігі басым ай қараң.
Арың ұшқанын,
Сағыныш хәлін,
Құрғақ даланың жаңбыр жырынан сеземін.
Жұмағың әсте жалын құшқанын,
Сабылысқанын,
Сезеді сөнген өзегім.
Сен мені ізде,
Сен мені ізде,
Қоштаспай қалған көлеңкелерден,
Дұғасы сөнген әлем кереңнен,
Ой шамы мәңгі сөніп қалардай,
Іздегің мені өлеңнен енген,
Шерлерімізде,
Шерлерімізде…
Сөнгелі құба Таң,
Үмітсіз тілекпен,
Тағдырың ренжітті жылатып.
Мен сені жұбатам,
Мүгедек жүрекпен,
Қайғыңды сырлы ұнатып.
Оятпай Құдайы,
Еңсені құрғыр паң,
Жылуды іздейсің сен кімнен?
Өлгенше ұдайы,
Мен сені жылытам,
Суыған демсіз ерніммен.
Терезең ескен жел тұнық,
Пайдалана ма,
Пайдалана ма,
Жұлдызын сатқан ай нұры?
Жалғызсырасаң сел тұнып,
Айнаға қара,
Айнаға қара!
Елесім менің айырбастайды қайғыны.
Сенің қайғың…
Және менің сүйіктім…
Түн мұңында…
Жарық шашпаған,
Жазала айды,
Жазала айды,
Сұлулығыңды көрсетпей мәңгі
жасырып,
Махаббат – шексіз!
Қаза болмайды,
Қаза болмайды,
Ал біздің сезім мола іздейді асығып…
Көз жастарыңның,
Мәз аспаныңның,
Сейілмей тұрды жаңбырың.
Шашыңды жай, жесір махаббат!
Кекке көнген.
Арың ұшқанын,
Сағыныш әнін,
Естімей тұр ғой тағдырың.
Мені іздегің, кесір ғаламат,
Табыламын киілген бетпердеңнен.
Тарих бар оларда
Тарих бар оларда!
Жазылады, сиясы жоқ, күнәсі көп қаламмен.
Өркөкірегін өксітіп тұрған, адасқан пенде, алаң ел.
Киіз үйінде жоқтау айтпаған, әріп танымас далам ең,
Ұлығын ұмыт қалдырмай жүрген, батырға ұрпақ балаң ем.
Қадірсіз қалған қасиетсізге қаралап айтқан тар жар ең,
Өзекке тиген жебеде қалған, қайралмай қалған қанжар ем.
Көрінген ұры елес сағымдай,
Семсері сынған жалаң ел,
Жүрсің бе әлі,
Кеңесарыдай,
Басын шабатын жараңмен?
Сен менің ұлтымсың!
Кепиет қонған сорыңда сенің жоқ баға!
Келімсек басқан індет шеріңде
дүркіреп жүрсең оқтала,
Сенің ауылың – майдан ауылы,
Қоржында кеткен шоқ қала,
Сенің жеріңде қабір қазды да,
Тәңірден қашты көп дана.
Тірі надандар жүргенде жерде,
Мен өлсем мені жоқтама!
Құлагер емес,
Құнын жоғалтқан,
Қамшыға көнген арғымақ!
Сенің бәйгеңде қара шоғыр бар, кебірің
құрғақ, тақым дақ.
Сенің дініңде ұлттың емі жоқ,
Жарты Құдайың – жарты хақ!
Сенің аспаның – қарға басынған,
жерің – ызғарлы топырақ.
Тағдырға тілім қамшысы қорған құн айтты,
Сен құбыла іздемейтін Арғымақ!
Ата-бабаң тоқтатпаған суайтты,
Сен жоямын деп ойлайсың ақымақ!
Сынағың бар, сырын ашқан жырына
Қайым шыдар,
Қадіріңді құлша жұмсар қайғың шынар.
Күн ұясын бұзады,
Айың сынар.
Моласынан қала салар кесенесі,
Болса да үні аман, есен есі,
Сатылмаған моншағың да қайыр сұрар.
Ол – ұрлықшы,
Мен – қылмыскер,
Сіз – керең,
Қаптап кеткен жүз саңырау, жүз
мылқау мен жүз керең.
Серіппесін сөз үзетін мұз жебең,
Жайы алаң, жайсыз кебін, күз елең.
Заманада заңғар берген жоқ ғажап,
Өз бастарын ала алмай көп қазақ,
Кенесары басын сорлап іздеген.
Ол – ұрлықшы,
Мен – қылмыскер,
Сіз – керең,
Саясатқа құл болмаймыз біз деген…
Тарих бар билікте.
Өтірік жазылған.
Алатын азғыны
Жазасын аз мұңнан.
Жыртық-жамау, қоржын майлы,
Келте кімде?
Кешегісін ұмытқан,
Ертеңін де.
Бақыт құсы ертелі-кеш қонады,
Қазақ нағыз ұлы халық болады,
Ертегіде…
Диас МУСТАХИМОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!