Әке

Әке, өсті, жетілді тентек ұлың,
Ер жеткен соң басылды еркелігім.
Ертең тағы ойнаймын дейтін балаң,
Қамын ойлар ер болды ертеңінің.

Бал күндерде қалыпты балалығым,
Бойың өскен деп жүр ғой ағам, інім.
Есейгенмін дегенмен әкешім-ау,
Кішкентай боп көрінер саған ұлың.

Бірақ өстім шын айтам, әке, саған,
Алдыма қара салмай, жеке шабам.
Сен берген тәрбиені алғаннан соң,
Жолдасқа жоламаймын өте сараң!

Әкешім, көңіліңді құшқан жыр-ән,
Сіз айтқан ақылды шын ұстам қылам.
Ең биік шыңға барып қонады әлі,
Ұясынан ұмтылып ұшқан қыран!

Қыраны қанат қағар шын даланың,
Мен әлі тоқтамаймын шыңдаламын.
Әкешім, мақтанғанда достарыңа,
“Менің ұлым” деп айтар ұл боламын!

Бір құдайым сыйлаған фәни көркем,
Кенже балаң қызығың бар үйде еркең.
Мені сенің ұлың деп таныған жұрт,
Сені менің әкем деп таниды ертең!

***

Жата бермей, ертерек тұрсай балам,
Ұйқыңды аш, ішіп ал жүр шайды одан.
Деп мені қораздан да ерте оятып,
Тірлігіне таң ертең жұмсайды анам.

Әуендетіп ішінде мал қораның,
Қала болған кезінде арман, әнім.
Карбаласы шын қазір шаршатады,
Тіршілігін аңсаймын шаң, даланың.

Ауылда жүр әкем мен анам қазір,
Апатайым көрмейсің балаңды әзір.
Тұла бойды сағыныш тербегеннен,
Сан түрлі ұйқас құралған,санамда жыр.

Көтеріліп кетер деп мен беделім,
Арман қуып қалаға келген едім.
Жақсылық пен жамандық көп әйтеуір,
Қазір сірә қалмады көрмегенім.

Хабарлассам етеді анам елең,
Ата-анаға қымбат қой бала деген.
Әкем талай ақылын айтқанменен,
Дейтін едім қалаға бара көрем.

Менің ойым білмеймін жырақта жүр,
Биігімнен сен мені құлатпа жыр.
Мен кезінде басқаша ойлап едім,
Сағынамын бәрін де бірақ қазір.

Ынтымақ

Бірде бақыт, бір күлкі, бірде қайғы,
Сағат тілі мәнерлеп сырғанайды.
Сол уақыттың бағынып бағдарына,
Жер шығарып салады жыл мен айды.

Қанша ғасыр тынымсыз тіршілік түк,
Жанардан жас түн түссе жүрсің ытқып.
Азан айтып төрт минут сайын әлем,
Демалыссыз жатады құлшылық қып!

Сол құлшылық құдайға ұнамдысы,
Ұғына алса ғиб(ы)рат мұнан кісі.
Ынтымақпен жердегі бейбіт заман,
Исламмен, иман мен Құран күші!

Ашық тұрған айқара құшағымыз,
Бейбітшілік, береке нышанымыз.
Бір теңізге құйылған дариядай,
Ынтымақ пен бірліктің мысалымыз.

Жалғастырып жаңа бір таңды үмітке,
Сындырмаған сағымды сан бүлікте.
Перзентіміз бәріміз Сыр елінің,
Тату ғұмыр кешейік мәңгілікке!

Бұл бақытты қазаққа берген құдай,
Бейбіт күн бесігінде тербелдім-ай.
Құны алтынға бергісіз ынтымағым,
Кете көрме алыстап елден де ұдай.

Көрме Құдай арадан дау шығара,
Ынтымағың кетпесін ал, Сыр ана.
Жер бетінің бұзсыншы тыныштығын
Азан менен сәбидің даусы ғана.
Ынтымағың кетпесін ал, Сыр ана.
Ынтымағың кетпесін ал, Сыр ана!

Дидар ӨМІРЗАҚ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!