Редакциямызға тұрақты хабарласатын ұстаздар қауымы жетерлік. Бұл жолы белгілі ғалым Мұрат Насимов ағамыздан хат келді. «Бұлақ көріп, көзін ашатын» ұстаз балағының биті бар шәкірт көрсе, жазбай танып, қолдап, демеп, редакциялармен байланыстырып жүреді. Бұл жолы ұстаздың көзіне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Ералы Жалғасбай түскен екен.

Ералы – қаламының желі бар жас. Ол прозаға да, поэзияға да бірдей қалам тартады. Қазір мұндай қабілеттегі қаламгерді сирек кезіктіресіз. Ал Ералының өзгелерден шоқтығын биік етіп тұрған да осы қасиеті. Ендеше, шәкірт шығармашылығын назарларыңызға ұсынамыз.


Адам жүрегінде ең терең із қалдыратын сезім – махаббат. Ол кейде самал желдей нәзік, кейде дауылдай күшті болып, жан дүниемізді тербейді. Бұл оқиға бертінде, арқа- жарқа болып, мектеп табалдырығынан үлкен өмірге аяқ басқалы тұрғанда болған еді…

Жаз… Күннің аптап ыстығында жанталасып жоғары оқу орнына құжат тапсырып жүрген бетім. Ғимарат қапырық, лек-легімен ағылған студенттер. Көбінің ауылдан екені байқалып тұр. Мен де жан-жағыма алақ- жұлақ қарап қоямын. Аяғым талып, әбден қажыған соң бір жамбастап орындыққа отыра кеттім. Бірде жаныма қасы қалың, көздері ботадай, әдеміше келген қыз жақындап:

– Сен де құжат тапсырғалы жатырмысың? – деп сұрады.

– Иә, мен де тапсырғалы келдім, – деп қызарып қана қоя бердім.

Арада біраз үнсіздік. Ол да менің қысылып отырғанымды сезгендей, өзі әңгіме бастады.

– Айтпақшы, есіміңді сұрамаппын, есімің кім болады? – деген нәзік дауысымен сыңғырлап қоя берді. Мен абдырап, қобалжыған күйде:

– Ернар, – деп әңгімені өрбітудің орнына, осылай жылы жауып қоя салдым.

– Менікін ше? – деп қалды сұраулы жүзбен жанарын төмен салып.

Мен де ұялғанымнан «Не, менікін ше?» дерім барма?!

– Менікін сұрамаймысың?!

– Айып етпессің, есімнен шығып кетіпті. Ал есімің кім екен? – дедім оған тез бауыр басқандай түрмен.

– Есімім – Еркежан, бірақ мені үйдегілер «елігім еркем» деп атайды.

– Елігім еркем?! Қызық екен, бұлай да еркелетуге болады екен-ау, – деп таңырқаған, сәл ғашық болған түрмен қарап қоямын, елігім еркеме. Онымен отырған жарты сағатым, жарты ғасырдай сезілді маған. Таныса келе Оралдың аруы екенін білдім. Осылай бір айға жуық уақыт өтті. Мен аяқ асты басқа университетке тапсыруыма тура келді. Неге сол жерде телефон нөмірін алып қалмадым екен деген өкінішті ой келді.

Болды, бітті! Енді ол қызды қайдан табамын, кімнен сұраймын, қалай іздеймін?! Оқу бітіремін дегенше тек сол қызды ойлаумен жүрдім. Айналам толған қыз, бірақ Елігімнің орнын баса алмайтын. Міне, дем арасында төрт рет жаз бен қыс өтті. Мен бірақ әлгі қызды ойымнан бір сәт ұмыт қалдырған емеспін. Мен оны қатты жақсы көрдім, бірақ сырттай ғана. Бәлкім оны шынымен іздегенімде осы кезде бақытты болар ма едік?! Жоқ, менің ынжықтығым түбіме жетті деп ойладым.

Жаз… Аптап ыстық болмаса да адам мазасы қашатындай ыстық. Мен Алматыға арман қуып баруға дайындалып жатырмын. Мені аудандық вокзалға дейін ауылда бір-екі үй әрі тұратын Әшөк аға апаратын еді. Сол кісіні есік алдында тағатсыздана күтіп отырмын. Әйтеуір гүрілдеп көліктің дауысы шықты. Шүкір, келді-ау, ауылда мәңгі қалып кетердей күттім-ау, Әшөк ағамды. Әкем «Ал, жолың болсын» деп бір ауыз сөзбен қайырып анадай жерде тесіліп қарап қояды. Оой, бәріміздің анамыз бірдей ғой шіркін! Сол баяғы алаңдау, сол баяғы бізге деген уайымы. Міне үйдегілермен қоштасып, ақырын жүріп барамыз. Анамның «балам, байқап жүр, Алматы – үлкен қала» деген дауысы әлсін-әлсін шығып қояды. Міне вокзалға да келдім. Әшөк ағам да мені уайымдағандай, «інім, ақша керек болса хабарласып тұр» деп қалтасынан 2-3 күнге жететін ақша ұсынды. Мен «жоқ аға, рақмет» деп өтірік ұялған кейіп танытып қоямын. Бірақ іштей бәрібір ол ақшаны алатынымды біліп тұрдым. «Қой, керек емес деген болмайды, міне ал» деп төс қалтама ақшаны салып қойды. Мен де іштей мәзбін. «Рақмет аға, тойыңызда қайтсын» деп жылы-жылы сөздерімді білдірдім.

Пойыз жүргелі тұр, Әшөк ағам көңілі бос адам еді, көзінен жас тамшылап қоя берді. Пойыз іші ыстық, әйтеуір терезе ашық екен, баяу ғана самал жел соғып тұр. Енді ғана жайғасып болып отырмын. Бұрылып қарағанымда бір таныс бейне жанымнан өткендей кейіпте болдым. Жүрегім дүрсілдеп, сол жерде маңдайымнан еріксіз мұздай тер ақты. Орнымнан ақырын тұрып әлгі қыздың артынан жүріп отырдым. «Шынында, бұл сол ма екен. Бірақ ол болмаса неге мен біртүрлі күйге ендім екен» деп өзіме сауал қоя бастадым. Жүрек сол екеніне сенімді, бірақ санамда «ол енді қайта жолықпайды» деген сөз қалыптасып қалған. Өз-өзімді жеңіп, қасына жайғаса қалдым. Бұл кездесудің біріншісінен ерекшелігі енді ол емес, мен оның қасына барып отырдым. Ішім алай-дүлей, қазір мені кінәласа не айтамын, осы уақытқа дейін неге іздемедің десе ше деген сұрақтар маза бермей барады. Мені көре сала «ой, привет…как дела?» деп сұрақ қойды. Менің орысша сөйлеу екпінім жетісіп тұрған жоқ. Қазақша жауап қатсам да болар еді, «нормально, өзің қалайсың» дерім барма, қазақша-орысшалы сапырып.

– Сен сұрағалы жақсы, – деді көзі мөлдіреп. Енді бәрі жақсы болып, қайта қауыштым-ау деп іштей қуанып қоя бердім. Бірақ қуанышым көпке созылмай, қасымызға денеліше келген бір жігіт жайғасты. Менен бірер сәт көзін алмай қарады да:

– Иә, бұл қай бала? – деді жақтырмаған түрімен маған қарап.

– Танысып қой, менің группаласым ғой, – деді Еркежан әлгі жігітке жымия қарап.

– Еее, группаласым де, – деді ол әңгімесін қысқа қайырып.

Мен отырмын, бүлдіріп қойған баладай, көзім торсиып.

– Ал, мен тұрайын, ас болсын! – деп орынымнан тұрып, өз орныма ақырын, үнсіз жүріп келем. Кереуетіме жәй барып отыра қалдым. Еее өмір десейші. Расында, бұл өмір шын ғашықтарды қоспайды екен-ау деп үнсіз терезеге телміре қарап біраз отырдым.

Әңгімеміз таяған ед(і) мәресіне,
Сол бір кез мына менің әлі есімде.
Соңғы рет көремін деп ойламаппын,
Түсіп отыр, міне, бүгін бәрі есіме, – деп парақ бетіне түсіріп, сәл де болсын өкінішімді сейілткендей болдым. Осылай менің ұзақ уақыт ұйқыға кеткен сезіміммен мен де жарыса ұйықтап кеттім.

Осылайша, махаббат менің жүрегімде үнсіз ғана тамыр жайды. Ол даңқ пен дабырды емес, сабыр мен сенімді таңдады. Сүйген жанның бір ғана күлкісі бүкіл әлемді жарық қылып жіберетінін сонда түсіндім. Махаббат – қол жетпес арман емес, жүректе сақтай білген қасиетті сезім екен…

Елігім еркем

Өзіме сауал

Не істедім мен осы жасқа дейін?
Не істеуім керек осы жастан кейін?
Біреудің ала жібін аттамадым,
Болып келем жауға қатал, досқа бейім.
Осы маған әке-шешем разы ма?
Ауыр сөйлеп ғайбат айттым біразына,
Ренжіткенім қаншама мен білмейтін,
Сонда менің күнәмнің бұл азы ма?!
Мен кім едім анамды ренжітетін,
Әлсіздерді мазақ қып кемсітетін.
Қазір шүкір, түсіндім, дұрысталдым,
Дұрысталар жолыма дұрыс бардым.
Мені қойшы мен өзім дұрысталам,
Ал қазіргі жастарды дұрыстар кім?!
Жоқ, бізге қарап өсед(і) десең қателестің,
Кешірмейді бұл өмірде қатені ешкім.
Кешіретін мүмкіндігім болса егер,
Қолымды бір сілтеп кешіремін,
Себебі мен де қателестім!

Көңіл

Бір ауыз сөз көңілді қалдыратын,
Жүрекке ауыр жара салдыратын.
Сәттерде дәл қазіргі мына мені,
Соққы емес, сөз ғой естен тандыратын.

Шаршауға да болмайды бұл өмірден,
Әркімге ылғи ренжіп жүремін мен.
Өтеді мына өмірде бақытты боп,
Бұл фәниді жақсы қылып сүре білген.

Ренжуге де болмайды ата-анаға,
Ренжулі бала мұнан бата ала ма?
Болмайтын нәрселерге өкпелесең,
Ана байғұс тыпыршып жата ала ма?

Болады басқаларды түсінуге,
Бірте-бірте көңілім үзілуде.
Ой, шіркін, неге осы асығамыз?!
Жабырқатып, көңілді түсіруге.

Жатақхана

Қызығы таусылмайтын жатақхана,
Ауылымдай емес екен, «шатақ қала».
Біреулер емтиханмен арпалысып,
Ал біреу қайтамын деп осы аптада.

Қарының аш, көңіл тоқ деп жүретұғын,
Студенттік келте өмірді сүретұғын.
Ұнайды маған осы жатақхана,
Уайымы жоқ адамдай күлетұғын.

Ас бөлмеден қатығымды кім алды деп,
Кінәсіздер қатық үшін сұралды кеп.
Түр бермей, қатыққа тыңқиып ап,
Осылай жүрген бізге ұнамды ед(і).

Кейде қонып, кейде қонбай жүретінбіз,
Қалай тоқ боп жүруді де білетінбіз.
Пансионатта біреу бар мен ұнатар,
Бір қарасам жымиып күлетін қыз.

Қасиет

Талаптыға үлкен арман қосылады,
Талапты адам мақсатына асығады.
Талапсыз жан тілімен тау қопарса,
Талаптылар армандарын жасырады.

Сайтан құрғыр сабырсызды ұнатады,
Бұл өмір сабырлыны шыдатады.
Сабырлыны бірнеше рет сүріндірсе,
Сабырсызды мәңгілікке құлатады.

Тәрбие – тал бесіктен басталады,
«Тәйт» деп қою керек бір жас баланы.
Ешқашан бұзылмасын біз үшін де,
Әке менен шешеміздің қас қабағы.

Адамның міндеті бұл – ізеттілік,
Бойыңдағы бар жақсыны ізет қылып.
Жақсылыққа ұмтылып жүрейікші,
Сол бір жаман істерді түзеп тұрып.

Әкеме

Асқар таумен тең тірескен әкем менің,
Кей кезде ашуыңды көтермедім.
Баласындай жұрттың байлық сұрамаймын,
Маған жетер мойыныңда көтергенің.

Жасалсын сый мен құрмет әкелерге,
Жақсылығын аямаған әкем елге.
Бетін қақпай өсірдің бес ұлыңның,
Сен тұлғасың, тұратын әке деуге.

«Аман ба екен осы менің әлгі балам!?»
– деген кезде әкеме тәнті болам.
«Әке» деген ардақты асыл сөзді,
Қалай түсінеді екен осы ғалам?!

Әкеңнің қаталдығы ұнатқаны,
Біз үшін ол береді шыдап тағы.
Әке, сен маған айтып жүрген өмір,
Қасыма қиындық боп тұрақтады.

Жеңгелерім

Анамдай болған маған жеңгелерім,
Таппаймын-ау, өздеріңе тең келерін.
Орындарың ошақтың қасы болса,
Сіздер барда орыным төрде менің.

Мейірімді жан кім десе жеңге дер ем,
Кеше бала ем кіп-кіттай жеңгелеген.
Көңіліне дақ түсірсең менен сұра,
Көңілін қалай аулауды зерделегем.

Біз жақта «жеңге» емес жеңше дейді,
Әрбір ене құтты келін келсе дейді.
Тәрбиесі тал бойында тұрса болды,
Келіндерін тірлікпен еш өлшемейді.

Арналады бұл шумақтар жеңгелерге,
Сыйлайықшы жеңгені сен де, мен де.
Алтыннан асхана сап бермесек те,
Бір қуантып жүрейік кем дегенде.

Қара өлеңнің қан тамыры…

Қарасазда туылған қара құлын,
Менің саған тартса екен даралығым.
Алтайменен Атырау арасында,
Мәңгілік қазына боп қалады үнің.

Мұқағали – қара өлеңнің қан тамыры,
Жырлары жүйрік жетпес Хан тәңірі.
Өзі тастап кеткенімен бұл өмірді,
Мұра болып қалған оның бар тәлімі.

Мұқағали – жүрек сөзін жасырмаған,
Өлеңдерін бір оқып тасып алам.
Мұндай ақын көп емес адамзатта,
Бір ғасырда бір туатын асыл адам.

Жасымнан көп оқыдым бұл ақынды,
Осы ақыннан үйрендім ұнатуды.
Ой шіркін біледі ғой Мұқағали,
Өлеңімен күлдіріп те, жылатуды,

Тірісінде бағаланбай кетті-ау жарық,
Қанша қиын қыстау мен көрді-ау тарық.
Көзі барда көргенімен көп тауқымет,
Кеткеннен соң қошеметке болды-ау қарық.

Уақыт шіркін тоқтамас, тозбас атың,
Кезінде жұрт, көңіліңе мұз басатын.
Ақынның шын ақыны шығатұғын,
Сен жырмен қалап кеткен құзда сатың.

Жыр бесікке бөленіп бірге айналам,
Сен жұлдызсың, мен енді күнге айналам.
Сәби болғым келеді деуші едің ғой,
Бесік жырын айтып тұр тынбай ғалам.

Әлди Мұқа жер бесік мәңгі мекен,
Мен шығармын сен айтқан әлгі бөпең.
Ішейін поэзия кәусарынан,
Тым болмаса бір тамшы қалды ма екен?!

Ералы ЖАЛҒАСБАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!