Конференция барысында біз, студенттер, роман мазмұнына терең үңіліп, өз ойымызды ашық жеткізе білуге тырыстық. «Тағдыр» шығармасы бізге тек көркем туынды ретінде ғана емес, халқымыздың өткен тарихынан сыр шертетін құнды мұра ретінде әсер етті. Романды талдау кезінде қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдер, ел болып сақталып қалу жолындағы күресі, туған жерге деген сағыныш сезімі ерекше толғандырды.

Маған әсіресе шығармадағы кейіпкерлердің тағдыры қатты әсер етті. Әрбір образ арқылы автор сол дәуірдің шындығын дәл жеткізе білген. Біз кейіпкерлердің іс-әрекеттерін талдай отырып, олардың бойындағы қайсарлық пен елге деген сүйіспеншілікті анық байқадық.

Шара барысында студенттердің белсенділігі ерекше байқалды. Әркім өз пікірін айтып, талқылауға белсене қатысты. Бұл бізге тек тыңдаушы емес, ой бөлісуші, талдаушы ретінде қалыптасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, кітап көрмесі ұсынылып, жазушының еңбектерімен жақынырақ таныстық. Кітап бұрышында қойылған шығармаларға қызығушылық танытып, оларды құштарлықпен қарадық.

Осындай мазмұнды іс-шаралар бізге үлкен әсер қалдырады. «Тағдыр» романы арқылы біз тарихты тереңірек түсініп қана қоймай, әдебиетке деген қызығушылығымызды арттырдық. Болашақта осындай кездесулер мен конференциялар жиі ұйымдастырылып тұрса, студенттердің рухани дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

Арайлым ЖАЛҒАС,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!