Фото: ашық дереккөзден
Ойшылдардың «қаламгерлерді пендеден сәл биік, періштеден сәл төмен жаратылыс» деуі тегін емес. Алдын айдан анық болжап, тағдырын тайға таңба басқандай етіп туындысына түсірген құдіретті қалам иелері аз ба өмірде?! Бұл мақаламыз әдебиет әлемінде өшпес із қалдырып, өзі өмірден із-түзсіз жоғалып кеткен тұлғаларға арналмақ. Кенеттен кебенек киіп кеткендер мен кейіннен кебін киіп оралған ақын, жазушылардың ғұмырына қысқаша тоқталайық.
Жарық жалғаннан ұшты-күйлі жоғалып, ғұмыр жолы жұмбақ өліммен тәмам болған ақын, жазушылар аз емес. Осынау тағдыр иелерінің арасында біз үшін шетел әдебиетінің шыңы болған Антуан де Сент Экзюпери, Артюр Краван және қазақ поэзиясында сара жолын сала білген, қолтаңбасы айқын ақындар Танабай Нарманов, Сағат Әбдуғалиев, Әділ Ботпанов жайлы бірер сөз қозғағым келеді.
Антуан де Сент-Экзюпери
Әлемге әйгілі «Кішкентай ханзада» шығармасының авторы Антуан де Сент-Экзюперидің тағдыр таланы бәріне қызық. 1900 жылы 29 маусымда Францияның Лион қаласында дүние есігін ашқан жазушы аспан әлеміне бала кезінен құмартқан. Оның көк жүзіне деген шектен тыс қызығушылығын ұнатқан ұшқыш Габриель Бровлевский бала Антуанды ұшақ бортына мінгізеді. 12 жасында аспанда алғаш саяхаттаған сәтінен бастап оның көкейінде көк жүзіне деген махаббаты оянады. Жасы жетіп, әскер қатарына шақырылған Антуан университет қабырғасында білім алудан бас тартып, Страсбургтағы екінші жауынгерлік авиация полкіне қабылданады. Аз уақыт ішінде қарапайым жұмысшы дәрежесінен кіші лейтант шеніне көтерілген ол әскери борышын өтеп шыққан соң ресми түрде ұшқыш болып жұмысқа қабылданады.
Африкада авиапошташы, соғыста авиажауынгер болған атақты жазушы саналы ғұмырын ұшақ басқаруға арнаған. 1926 жылы сахара шөлінде аралық бекеттің басшысы болып тағайындалған соң дәл осы қызметте жүріп ең алғашқы «Южный почтовый» романын жазады. Ұшақпен бір емес төрт рет апатқа ұшырап, өлім аузынан қалған жазушы 1942 жылы атақты «Кішкентай ханзада» ертегісін жарыққа шығарады. 1943 жылы өз еркімен соғысқа сұранған қаламгер 1944 жылы ұшақпен барлау рейсіне шығып, із-түзсіз жоғалған. Екі жылдан кейін Антуанға тиесілі ұшақ табылғанымен бортта жазушының мәйіті болмаған. Біреулер оны ұшақ қозғалтқышындағы ақауға байланысты апатқа ұшырады десе, енді біреулер өз-өзіне қол жұмсаған деседі.
Артюр Краван
Швейцариялық ақын әрі жазушы Артюр Краван Оскар Уайльдтің жиені ретінде кеңінен танымал. Замандастары ақынды бүлікшіл, бұзақы, қылмыскер ретінде таныған. Ол өзінің әдеттен тыс іс әрекеттерімен қоғамда резонанс тудырып, бұзақы бейнесін шығармашылығында да жасырмай көрсеткен. Қаламгердің ғұмыр жолы түрлі оқиғаларға толы болғанымен, соңы дерексіз аяқталды. Краванның қызының айтуынша, ол екінші әйелімен Мексикаға қоныс аудармақ болған. Дегенмен екеуіне бірдей билет ала алмай, сүйіктісін ғана сапарға шығарып салған қаламгер кейін екінші кеме- мен аттануға тиіс болған. Бірақ дәл осы сапары сәтсіз аяқталып, із-түзсіз жоғалған жазушы жайлы кейіннен көптеген аңыз әңгімелер тарады. Бірі қарақшылармен қақтығыста қаза болды деп жорыса, екіншілер оны жалғыз адамдық қайықпен мұхитты кесіп өтпек болған деседі. Кейін белгілі болғандай, Рио-Гранде-дель-Норте жағалауынан екі мәйіт табылған. Олардың бірін жазушы Краванға ұқсатқан.
Танабай Нарманов
1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында дүниеге келген ақын Танабай Нармановты танымайтын қазақ кемде кем. Отты жырларымен оқырманға ой салған орақ тілді Танабай ақын да із-түзсіз жоғалған қаламгерлердің бірі. Ол өз замандастары арасында айрықша көзге түсіп, оқ бойы озық болған. Ақын Исраил Сапарбай өз жазбасында Танабайды соңғы рет газет мекемесінде көргенін айтады. Аға сыйлаған ақжүрек жас ақын оқуын тәмамдап, қолына дипломын ала сала өлеңдері бірнеше рет жарық көрген газетке арнайы ат басын тіреп, сәлем бере келген. Көріскен сәтінде ол жұмысқа орналасардан бұрын, бірер күн Шымкентте жақын достарымен жолығып, көңіл көтеріп, мауқын басқысы келетінін айтқан. Соңғы жазған өлеңдерін ақын ағасына оқып беріп, осында қайта соғамын деп уәде еткен көрінеді. Екі-үш күннен кейін дүйім жұрт суыт хабар алған. Танабай технология институты жатақханасындағы достарымен бас қосуда көшеге шығып қайтып оралмаған деседі. Ол жайлы алып-қашпа әңгімелер тіптен көп. Бірі отырыс ба- рысында жас жігіттер шекісіп қалып, соңы ақынға пышақ сұғумен аяқталды десе, ал бірі отырыс соңында көшеге шыққанда көлік қағып кеткен деседі. Тек бірнеше айдан кейін ескі көпір астынан табылған ақын мүрдесін ағайын-жұрт арулап жерлейді.
Сағат Әбдуғалиев
Ғұмыр жолы жұмбақ өліммен аяқталған ақындардың бірі Батыс Қазақстан өңірінің тумасы Сағат Әбдуғалиев. Содыр саясаттың құрбаны болған Сағат ақын қамшының сабындай қысқа ғұмырында бір емес бірнеше рет темір торға тоғытылды. Жалынды жырлары билік өкілдеріне жақпай қалса керек, ол небәрі 22-23 жасынан бастап Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен абақтыларына қамалған. Сағат ақын бостандыққа шыққан соң да тағдыр теперішін көрді. Абақтыдан айықпас дертпен оралған ақын өкпе ауруына ұшырап, ажалмен де бірнеше рет бетпе-бет келеді. Замандастары арынды ақынды «адам біткенді өзіндей көретін ақжарқын, қулық-сұмдығы жоқ, нөпір жаудың ортасына сауытсыз кірген сарбаздай еді» деп еске алады.
Небәрі 37 жыл ғана ғұмыр кешкен ақын 1983 жылы желтоқсан айында Тайпақ ауылынан үлкен тасжолды бетке алып шығып, ұшты-күйлі жоғалған. Тек 1984 жылдың наурыз айында ғана малын жайылымға алып шыққан балалар ақын сүйегін тауып алады. Жұмбақ өлімге ұшыраған жас ақынның мүрдесі Тайпақ ауылының қорымына жерленген. Жоғалған ақынды алғашында республикалық деңгейде іздеу салған Табылды Досымов кейіннен Сағат ақынның өлеңдерін толық жиып-теріп, «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты алғашқы жинағын жарыққа шығарды. Сағат ақынның сағаты тоқтағанымен, өзегін жарып шыққан өлеңдері мәңгі өлмесі анық.
Әділ Ботпанов
Қазақ поэзиясы оқырманына жақсы таныс Жұматайдың жыр қағанатындағы ең жас ноян Әділ Ботпанов 1969 жылы дүние есігін ашқан. Әділ небәрі 20 жасында-ақ талайды тамсандырып, мықтыларды мойындатқан «құбылыс» еді. Ол жайлы қатар жүрген ақын достары мен іні-бауырлары «бірбеткей, тік мінезді, қайсар жан еді» деп еске алады. 1996 жылы шілде айында үйінен шығып кеткен 28 жастағы ақын сол күйі оралмаған. Әділді дария жағасынан соңғы рет қала әкімі көрген деседі. Ақынның жары Гүлсім Ботпанованың айтуынша, сол жылы ол анасынан айырылып, балаларының кезекпен ауырғанын көріп, күйзеліске түскен. Ұлы мен жарының жағдайын білмекке ауруханаға соққан Әділді одан кейін көрмеген Гүлсім Ботпанова арқа сүйер азаматын әлі күнге күтіп жүргенін айтады. Із-түзсіз кеткен қаламгерді ұжымдастарынан бастап алыс-жақын туыстары, достары аяқтан тік тұрып, іздеу салды. Бірақ еш нәтиже бермеді.
Әділ хабар-ошарсыз кеткен бір айдан кейін оны жырау Берік Саймағанбетов қала ішіндегі кафелердің бірінен жолықтырғанын айтқан. Сәлемдесе сала «қазір, қайта келемін, күте тұр» деп шығып кеткен Әділ қайта оралмаған. Ақынның аузына сөзді Құдай салатыны рас болса керек. Ол өз өлеңіндегі «Өмірзая» жұлдыздай жыр көгінде жарқ етті де ізім-қайым жоғалды. «Мені өледі деген сөздер – ертегі!» деп жазған ақын дүниенің бір қиырында жан сырын жырмен жазып, жалқы ғұмыр кешіп жүрген болар бәлкім.
Аружан Оралбай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!