Кезекті еңбек демалысымды алып, ауылыма бет түзедім. Қалада жұмыс арасында қолым қалт етсе кітаптарымның бірін алып отыра қалатын әдетім бар-тын. Кітапханаға аттап баспайтын себебім, оқыған әрбір кітабымның өз сөремнен орын тапқанын қалаймын. Сондықтан кітапхананың емес, кітап дүкендерінің тұрақты тұтынушысымын. Қалада қалып кеткен кітаптарым үшін өзімді жазғырғаннан пайда жоғын түсіндім.
Ауылда кітапхана болғанымен, сататын орынның жоғы ақиқат. Ал білдей аудан орталығынан бірде-бір кітап дүкенін таппау – күтпеген жайт болды. Әлеуметтік желіні әрі- бері ақтарып, картаны түгелдей шолып тапаған соң таныстарымнан сұрай бастадым. Кітап дүкенінің мүлде жоқ екеніне әбден көзім жеткен соң күдерімді үзіп, банк қосымшасындағы дүкен арқылы тапсырыс беруге тура келді. Ренішімді орынды дерсіз, бәлкім, орынсыз дерсіз. Кейде кітапханаға ешкім бас сұқпайтын кезеңде кітап дүкендерінің бизнесі жүріп кетуі екіталай екенін естен шығарып ала беремін. Мәселеге қай қырынан қарасаң да ақтайтын һәм даттайтын тұсы қатар жүреді.
«Кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс бар. Ол – кітапты оқымау» дейді Иосиф Бродский. Бүгінгі қоғамда алдыңғы аға буынның жиі айтатын пікірінің бірі – «Жастар кітап оқымайды». Шынымен солай ма? Расымен бүгінгі жас буын көркем әдебиеттен алшақтап бара ма, әлде мәселенің астарында қоғамдағы өзгерістер мен жаңа технологиялардың ықпалы жатыр ма? Бұл сауалдың жауабын біржақты қарастыру қиын. Себебі кітап оқуға деген құлшыныстың төмендеуіне бірнеше фактор әсерін тигізіп отыр.
Кітап оқу мен көркем әдебиетке қызығушылықтың төмендеуі тек Қазақстанда емес, әлемдік құбылыс. Бүгінде кез келген ақпаратты табу үшін кітапханаға барудың қажеті жоқ. Бірнеше секунд ішінде интернеттен іздеп, дайын мәліметті алуға болады. Тіпті классикалық шығармалардың өзі электронды нұсқада қолжетімді. Бірақ мәселе қолжетімділікте емес. Мәселе – жастардың ойлау жүйесінде. Мұғалімдердің айтуынша, қазіргі оқушылар дайын ақпаратқа әдеттеніп барады.
– Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинаған асыл қазынасы, білімнің сарқылмас кәусар бұлағы. Ол адамның ой-санасын тереңдетіп, дүниетанымын кеңейтіп, рухын биіктетеді. Дегенмен өкінішке қарай, бүгінгі жастардың басым бөлігі кітаптан гөрі гаджетке жүгінуге бейім. Қайсыбірі дайын ақпаратты көшіріп алып қана шектеледі. Мұндай әдет олардың ойлау қабілетін әлсіретіп, өздігінен ізденуге, талдау жасауға деген ынтасын жояды. Айына тым құрығанда бір жеңіл шығарманы оқып шыққан жанның өзі байлықтың ең құнды түрін – рухани байлықты жинайды. Кітап оқыған сайын адамның қиялы ұшқырланып, ой өрісі кеңейеді. Бірақ, өкінішке қарай, кітапханалардағы мол мұраға барып, парақтап оқитындардың қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді, – дейді қазақ әдебиеті пәні мұғалімі Ақнұр.
Цифрлық дәуірде ақпарат бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен тарайды. Жаңалық, бейне, қысқа мәтін – барлығы көзді ашып-жұмғанша оқырманға жетеді. Қазіргі жастар көбіне «TikTok», «Instagram», «YouTube» тәрізді платформалардан ақпарат алады. Бұл алаңдарда мәтін қысқа, бейне жеңіл, ал қабылдау тез. Бірақ осындай «жылдам тұтынуға» үйренген адамға көлемді кітапты оқу барған сайын қиындай береді. Яки мәселе уақыттың жоқтығында емес, назарды ұзақ уақыт бір нәрсеге тоқтата алмауында жатыр. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге Ұлттық құрылтай барысында тоқталып, талқылады.
– Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды, – деді Президент.
Иә, әлеуметтік желілер мен қысқа контенттер, оның ішінде «TikTok», «Instagram», «YouTube» сияқты платформаларда ақпарат өте тез, жеңіл жеткізіледі. Бұл адамның ұзақ мәтінге шыдамын азайтып, кітапқа ден қоюға кедергі жасайды.
Смартфондағы ойын, фильм, сериал кітапқа қарағанда жылдам эмоция береді. Қоғамның өмір ырғағы жылдам. Оқу, жұмыс, қосымша табыс іздеу үстіндегі адамдарда «Кітап оқу – көп уақытты қажет етеді» деген қате түсінік қалыптасты. Кітап бағасының қымбаттауы да оқымаудың бір себебі. Жаңа шыққан сапалы кітаптар 4-10 мың теңге шамасында, бұл да көпшілікке қолжетімсіз екені айтпай-ақ мәлім дүние.
Әрине, барлық жасты бірдей кітап оқымайды деп кінәлау қателік. Жас буын арасында кітапқа қызығатындар да, уақыт тапшылығын сылтауратып алыстап кеткендер де бар. Бұл жөнінде белсенді жастың пікірін тыңдап көрейік:
– Қазір жастар кітап оқымайды деген пікір бар. Мен бұған толық қосыла алмаймын. Оқитындар да бар, бірақ аз. Себебі әлеуметтік желілер көп уақытты алады. Жастар уақытты үнемдеу үшін қысқа ақпаратты таңдауға бейім. Ал көркем әдебиетке келгенде қиял әлеміне құрылған жанрларды жиі оқиды, – дейді ол.
Бұл ойдан жастардың мүлдем кітап оқымайтыны емес, олардың оқитын тақырыптары мен қызығушылығы өзгергенін байқауға болады. Яғни мәселе тек жастарда емес, қоғамдағы тәрбиенің басым бағытында жатыр. Дегенмен кітап ешқашан өз құндылығын жоғалтпайды. Ол – рухани байлықтың қайнар көзі. Ол – әр буынның келесі буынға қалдырған мұрасы. Ғылым мен техника қанша дамыса да, адамзат кітаптан қол үзсе, рухани тоқырауға ұшырайды.
Ғалымдардың айтуынша, кітапты жылдам әрі жүйелі оқыған адам ақпаратты 80%-ға дейін есте сақтайды. Кітап оқу – тек білім алу ғана емес, шығармашылық қабілетті дамытудың да жолы. Адамның оқуға деген әдетін дамыту үшін мамандар мынадай кеңестер береді. Кітапқа қызығушылықты арттыру, оны әдетке айналдыру үшін күніне кем дегенде 15-30 минут уақыт бөлу жеткілікті. Сондай-ақ өзіңіздің немесе балаңыздың жасына сай әдебиет таңдау маңызды. Негізгі ойды түртіп алу арқылы оқығаныңды есте сақтау оңайырақ. Әр кітаптан түйгеніңді қағазға түсіріп, оқығаныңды достарыңмен талқылау есте сақтауды күшейтеді.
Шетелде кітап оқу мәдениеті жоғары. Саябақта, автобуста, жағажайда, тіпті ас ішіп отырып та қолына кітап алған адамдарды көруге болады. Google-дің статистикасы бойынша, Үндістан мен Қытай – кітап оқуда көш бастап тұр. Ал біздің елде көркем әдебиетті сүйіп оқитын жасты майшаммен іздеу керек секілді.
Ресейде 500 адам тұратын ауылда бір кітапхана болуы тиіс деген заң бар. Ал бізде ауыл түгілі кейбір аудан орталықтарында да кітап дүкенін табу қиынның қиыны. Бұл жайында әңгімеміздің басында қозғаған болатынмын. Бұл да кітап оқуға қолжетімділікті азайтатын факторлардың бірі.
– Биыл «Qalan» жобасы, өкінішке қарай, жаңа жоба жасауға мәжбүр болды. Неге өкінішке қарай? Себебі біздің математика пәнінен даындаған мәтіндік есептерді түсінбейтін оқушылар қатары көбейіп кетті. Математикадағы мәтіндік есеп дегеніміз еш қиындығы жоқ, астары жоқ, ап-анық, тап-тұйнақтай техникалық тіл. Бірақ сол мәтіндік есептердің өзін толыққанды түсінбейтін оқушылар легі пайда болды. Сол үшін бізге биыл «Qalan оқу» деп аталатын жаңа жобаны қолға алуға тура келді. Оқушы оқып отырған мәтінді түсінуі ең маңызды дүние. Біз соған жете алмай жатырмыз. Әрине оған әртүрлі факторлар әсер етеді. Біріншіден, қазіргі балалардың екі тілдің ортасында өсіп жатқаны. Олардың күнделікті көретін танымдық контенттің бәрі де орыс тілінде. Екіншіден, балаларына уақыт бөліп, бірге кітап талдайтын ата-аналар некен-саяқ. Бала айтқаныңды емес, көргенін жасайды. Сондықтан жаңа буында оқу сауатының төмендеп кетуі айтпаса да түсінікті нәрсе, – дейді жазушы, аудармашы, «Qalan Publishing » директоры Садық Шерімбек.
Қоғамдық зерттеулерге сүйенсек, әр төртінші қазақстандық мүлде кітап оқымайды. Google платформасы арқылы жүргізілген сауалдамада қатысушылардың көбі жылына бір-екі кітап оқумен шектелетінін мойындады. Ал ақын Ақберен Елгезек жоғарыда аталған пікірлерді жоққа шығарды.
– Жастар кітап оқымайды дегенге келіспеймін. Себебі метроға отырсақ та, саябақтарға барсақ та, жастарымыз қолдарына кітап алып, оқып отырады. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, бізде өзін-өзі тану процесі әлі жүріп жатыр. Оқырмандардың ішінде классик қаламгерлерге сұраныс жоғары. Ол неден байқалады? Егер сұраныс болмаса, баспа ашылмайды. Қазір «Абай» баспасы секілді 3500-ге жуық ірілі-ұсақты баспалар бар. Олар да ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын әдебиеттерді, көрнекті ақын-жазушыларымыздың кітаптарын жарыққа шығарып жатыр. Жастар кітап оқымайды деген бос әңгіме.
Кітап оқу сәнге, трендке айналды. Қазір жастарымыз әдеттегідей поэзияны, лириканы көп оқиды. Оқырмандар тарапынан комедия, стендап, «TikTok» секілді ойын-күлкіден кішкене жалығу процесі байқалады. Сондықтан драмалық шығармаларды сүйіп оқиды. Әсіресе, қазіргі замандағы образдарды, әртүрлі жағдайларды сипаттайтын шығармаларды оқығанды жақсы көреді, – дейді ол. Кітап оқуға қызығушылықтың төмендеуі – жай ғана мәдени дағдарыс емес, ол қоғам дамуына да кері әсерін тигізеді. Атап айтар болсақ, ойды жүйелі жеткізе алмау, сөз қорының кедейленуі осыдан туындайды. Жылдам ақпаратқа үйренген буын күрделі мәтіндерді талдаудан қашатыны жасырын емес. Әдебиетке қызығушылық төмендеген сайын ұлттық рухани сабақтастық та әлсірейді. Сауатсыздықтың артуы тек жазу қателерінен емес, мән-мағынаға терең бойламаудан байқалады.
Аталған мәселені тек «оқы» деу арқылы шешу мүмкін емес. Кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін жүйелі жұмыс қажет. Мәселен, кітапханаларды заманауи медиа орталыққа айналдыру керек. Сондай-ақ кітапты жаңа форматта ұсыну да маңызды рөл атқарады. Аудиокітаптар, электронды нұсқалар жастарға қолжетімді болуы тиіс. «Бір айда бір кітап», «100 кітап оқу» сияқты челлендждер жолдау, жас буын арасында кітап оқуды сәнге айналдыра алады. Жастар үшін ата-ананың, ұстаздың, танымал тұлғалардың оқуға деген құлшынысы шешуші рөл атқарады. Сондықтан алдыңғы аға буын өзінен бастағаны абзал.
Кітап – жай ғана ақпарат көзі емес, ол ұлттық сананың айнасы, адамның ойлау өрісін кеңейтетін құрал. Оқуға деген қызығушылықтың төмендеуі – елдің мәдениетіне, ойлау деңгейіне және болашаққа тікелей әсер ететін құбылыс. Сондықтан бүгінгі күннің басты міндеті – кітапты тек білім көзі ретінде емес, рухани байлықтың қайнары ретінде бағалауды қайта жаңғырту. Ақпараттық технология дамығанымен, ол кітаптың орнын баса алмайды. Кітап – ұрпаққа қалатын рухани мұра, ұлттық болмыстың айнасы. Кітап оқудан қол үзген ұлт – болашағынан қол үзген ұлт.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!