Анаш ХАМИД, мәдени шаралар және халықтың бос уақытын тиімді өткізу жөніндегі қызметті ұйымдастыру бөлімінің әдіскері:
‒ Анаш, қазір халықтың бос уақытын тиімді өткізуде қандай шаралар ұйымдастырылуда? Әңгімемізді орталық жұмысынан бастасақ..
‒ Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтыңжыл басында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің ең маңызды мерекесін жоғары деңгейде атап өту туралы айтылды. Бұл тұрғыда бүкіл қазақ елі, соның ішінде Қызылорда қаласында ауқымды шаралар мен түрлі жобалар өткізу жоспарлануда. Яғни, барлық шара атаулы мерейтой аясында өтетін болады. Жалпы, жылдық жоспарымызда халықтың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру жөнінде көптеген іс-шара бар. Алайда қазір әлемді алаңдатқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты мәдениет үйі онлайн режимде жұмыс істейді. Әлеуметтік желідегі парақшамызда түрлі айдарлар ашылып, халыққа өз деңгейінде мәдени-рухани азық сыйлап келеміз.
‒ Ал өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?
‒ Жалпы, мәдениет саласы маған алыс емес. Осы ретте, бір қызық оқиғамен бөліскім келіп отыр. Анамның тікелей қалауымен, бұйрығымен десе де болады, физика-математика бағытын таңдауым қажет болды. Бірақ жүрек қалауым басқа болған соң шығар, әйтеуір грантқа балым жетпей қалды. Жасымнан бірбеткей боп өскен соң, ақылы оқымаймын деген шешіммен, өмірімде бірінші рет анамның рұқсатынсыз Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына барып, «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің сәндік өнер мамандығына оқуға түстім. Академия қабырғасында жүргенде-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі көрмелерде суреттерім қойылып, студенттік кезеңді өте қызықты өткіздім. 2018 жылы А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіне алғаш рет жастар тәжірибесі бағдарламасымен келіп, біліктілігім мен білімімнің арқасында маман болып қалыптастым.
‒ Халықтың мәдениеттілігі немен өлшенеді? Мәдениетті тек тәртіппен бағалауға бола ма?
‒ Адам мәдениеттілігінің деңгейі оның отбасында балаларына берген тәрбиесі, мейір-шапағатымен өлшенуі тиіс. Мәдениеттіліктің шегі не қалыбы болмайды. Ол адамға отбасындағы тәрбие, білім, өскен ортасы арқылы беріледі. Ұлы Абай отыз сегізінші қара сөзінде: «Қашан баланың ғылым-білімге махаббаты оянғанда ол адам бола бастайды, оның адам болмағына үш нәрсе себеп: жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбы-құрдас» дейді. Осыдан-ақ тұлғада алғашқы негіз болмай, мәдениеттің қалыптасып, дамуы мүмкін емесін түсінеміз. Әдептілік, мәдениет ‒ барлық жақсы қасиеттердің жиынтығы, ол бойға біртіндеп сіңеді. Сондықтан әр адам өзін-өзі тәрбиелеуі тиіс. Шынайы мәдениет ең алдымен өз халқыңның қадір-қасиетін жете ұғынудан қалыптасады деп ойлаймын.
Лұқпан Хакімнен біреу: «Осынша әдептілікті қайдан үйрендің?» деп сұрағанда ол: «Әдепсіздерден үйрендім. Олар істеген қылықты қайталамауға тырыстым» деп жауап беріпті. Әдептіліктің басты шарты ‒ іші-сыртың, мінез-құлқың, іс-әрекетің бәрі бірдей сыпайы, орнықты, ойлы, мазмұнды және барлық жағынан үйлесімді болу қажет деп ойлаймын. Ал адамдар қатаң тәртіппен ғана мәдениетті болады деу қиын…
‒ Қалалық мәдениет бөлімінің тындырымды жұмыстарын көз көріп жүр. Жалпы мәдениет, өнер саласының мамандарына мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінген?
‒ Қазір қала мәдениеті өз деңгейінде жоғары нотада елге қызмет етіп, мәдени-рухани азық сыйлап келеді. Оның бәрі мемлекет қолдауын жүйелі түрде үйлестіріп отырған қала басшылығының мәдениет саласына деген оң ықыласынан деп білеміз. Атап айтар болсақ, заманауи үлгіде дыбыс жазу студиясы, дыбыс күшейткіш аппаратурасы, фольклорлық, вокалды аспапты ансамбльдер мен би топтары, көркемөнерпаздар үйірмелеріне инструменттер, сахналық киімдер тігіліп барынша қолдау көрсетіліп келеді. Ал, қаланың шығармашыл жастарын біріктірген Жастар театры көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер ұсынып, өз көрерменін тауып үлгерді. Осы ретте, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз екенін айта кеткен жөн.
Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып, ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына себепкер болып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі орасан. Тынымсыз еңбектің нәтижесі шығар, жыл басында бірқатар мәдениет қызметкерлері қызметтік пәтер кілтін алып, қоныс той болғанын қуанышпен айтқым келеді. Сондай-ақ А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған белгілі ақын Мамыр Байдәулетов жетекшілік ететін «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің белді мүшесі Піржан Сандыбайдың «Буыршын белес» атты тырнақалды жыр жинағы ақылы қызмет есебінен жарық көрді. Осындай үлкен қолдауларды сезінген біз секілді мәдениет қызметкерлері алдағы уақытта да халыққа сапалы қызмет ұсына береді.
‒ Жастар қала мәдениетінің дамуына қандай үлес қоса алады?
‒ Бұл бағытта жастардың үлесі зор. Өйткені қай кезде де қоғамның қозғаушы күші ‒ жастар. Кешегі Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін!» деп үміт артып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Еліміздің болашағы ‒ жастардың қолында» деуінің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осындай жауапты міндетті сезінген біз секілді жастар қала мәдениетінің, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянып қалмасымыз анық.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!