2022 жылдың мамыр айынан бастап облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен денешынықтыру және спорт басқармасы біріктіріліп, жаңадан облыстық мәдениет және спорт басқармасы құрылған болатын. Аталған министрлік Сыр бойындағы зор әлеуетке ие дәстүрлі өнер түрлерін одан әрі жетілдіру, бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын арттыру, мәдениет пен спорт салаларын әлемдік кеңістікке шығару үшін олардың республикалық, шетелдік түрлі фестиваль мен байқауларға, біріншіліктер мен спартакиадаларға қатысуына қолдау көрсетіп келеді.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында Дәурен Абаев аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұшымен бірге Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны», «Тарлан» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанау, грек-рим күресі, көркем гимнастика, ауыр атлетика, бокс, таеквондо секцияларының жұмысымен танысты.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде болған Дәурен Әскербекұлы музей залдарындағы тарихтан сыр шерткен жәдігерлер арқылы өңір тарихының өткені мен бүгінін білді. Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыс тұрғындары және сала мамандарымен кездесіп, еркін форматтағы жүздесуде мәдениет, өнер, спорт салаларының өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары айқындалды.Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған шараға министрліктің лауазымды тұлғаларымен қоса Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов та қатысты.
Биыл еліміз үшін де, өңір үшін де айшықты оқиғаларға толы жыл. «Ән падишасы» атанған Роза Бағланованың 100 жылдығына, әнші-композитор Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына арналған республикалық әншілер конкурстары мен «Ақкербез» республикалық бишілер байқауы ұйымдастырылып, облыс орталығына Роза Бағланованың ескерткіші орнатылды. Сонымен қатар Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алу шарасы, республикалық ғылыми конференция өткізілді. Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі – өңірдегі мәдениет және спорт басқармасының жүйелі жұмыстарының дәлелі.
– Біз мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптастыруымыз керек. Жалпы министрліктің жұмысынан өңір халқы толық хабардар болуы қажет. Әрі қарапайым тұрғындар арасындағы мәселелер көтеріліп, шешімін табуы тиіс. Сондықтан бүгінгі жиында көтерілген барлық проблема назарға алынып, алдағы жоспарға еніп отырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықпен тұрақты кездесулер «Жаңа Қазақстанның» жақсы белгісі болуы тиіс.
Бұқаралық спортты дамыту еліміздің болашағы үшін де, жастар мен кішкентай бүлдіршіндер үшін де маңызды. 2022 жылы облыс тұрғындарын тұрақты спортпен шұғылданушылар санын 38 пайызға, 2025 жылға дейін 50 пайызға жеткізуге тиіспіз. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Сонымен бірге 2024 жылы Францияның Париж қаласында өтетін Олимпиадалық ойындарға облыс спортшыларының жолдама алуын қамтамасыз ету міндеті тұр, – деді министр.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!